Өнер көрсету
Сабақтың мақсаты
- Өзін-өзі таныстыра білу дағдысын қалыптастыру, мақал-мәтелдер мен өлеңдерді мәнерлеп оқуға жаттықтыру.
- Әдептілікке, сыпайылыққа, кішіпейілділікке және өнерге ұмтылуға тәрбиелеу.
- Ойлау, есте сақтау қабілетін, қиялын және тіл мәдениетін дамыту.
Көрнекілік
Нақыл сөздер, үлестірмелі қиындылар, гүлдер, плакат, шарлар.
Жүргізушілердің кіріспе сөзі
1-жүргізуші
Қайырлы күн, қадірлі қонақтар мен ұстаздар! «Қыз өссе — елдің көркі» байқауына қош келдіңіздер!
2-жүргізуші (өлең)
Қырмызы қызыл гүлсіңдер ме екен, Бақытты іздеп жүрсіңдер ме екен? Құлпырған қырда қызғалдақсыңдар, Жұмбақ жансыңдар — бір сыр бермеген. Қызғалдақтарым, қарлығаштарым, Жаза алмай жүрген жалын дастаным. Жанартау болып жарылды кеудем, Жүректің әлди әнін бастадым.
1-жүргізуші
Қыздарға арнап жыр жазбаған ақын жоқ, ән шығармаған сазгер жоқ. «Қызыл гүл», «қарақат көз», «қиғаш қас», «алма мойын» — мұның бәрі әсем қыздарымызға арналған теңеулер. Ендеше, сыныптас аруларымызға деген ықылас-ниетімізді білдіріп, байқауға қатысатын қыздарды ортаға шақырайық.
Байқау кезеңдері
-
1 Таныстыру
Әр қатысушы өзін таныстырады.
-
2 Өнер көрсету
Ән, би, өлең оқу немесе өзге өнер түрі.
-
3 Он саусағынан өнер тамған
Үйден дайындаған қолөнер жұмыстарын таныстыру.
-
4 Сұрақ-жауап
Дәстүр мен ұлттық құндылықтарға қатысты білімді тексеру.
-
5 Тамақ әзірлеу
Үйден дайындап әкелген ас мәзірін ұсыну.
-
6 Шаш үлгісін жасау
Соңғы кезең: сәнді әрі ұқыпты шаш үлгісін орындау.
-
7 Қорытынды
Әділ-қазылар алқасы қорытынды жасап, жеңімпаздарды анықтайды.
Әділ-қазылар алқасы
Енді байқауымызға төрелік ететін әділ-қазылар алқасымен таныстырамыз. (Қазылар құрамы жүргізуші тарапынан жарияланады.)
1-жүргізуші (өлең)
Арулар келіп жетті танысуға, Сыпырды томағасын осы думанға. Ұшып келген қырандай керіліп, Әдеппен, ізетпен танысуға.
1-кезең: Таныстыру
Арулар кезек-кезек өздерін таныстырады.
2-жүргізуші (нақыл)
Кедеймін деп қысылма, Өнерің болса қолыңда. Өнерлінің ырысы — Жарқырап жатар жолында.
2-кезең: Өнер көрсету
Кезек өнер сайысына беріледі. (Қатысушылар өз өнерлерін көрсетеді.)
3-кезең: «Он саусағынан өнер тамған»
Қатысушылар үйден жасап келген қолөнер бұйымдарын көрсетіп, таныстырады.
4-кезең: Сұрақ-жауап (дәстүр тақырыбы)
Ару қыздарымызға ұлттық салт-дәстүрге қатысты сұрақтар қойылады.
- 1) Жүннен жасалған бұйым
- Киіз
- 2) Сәндік бұйым жасайтын адам
- Зергер
- 3) Ұлыс күні әзірленетін тағам
- Наурызкөже
- 4) Түйенің сүті
- Шұбат
- 5) Қыста соятын малдың еті
- Соғым
- 6) Қазақ қыздарының дәстүрлі бас киімі
- Сәукеле
- 7) Екі ақынның сөз сайысы
- Айтыс
- 8) Ең құрметті, қасиетті, жанашыр адам
- Ана
- 9) Теріден тігілген киім
- Тон
- 10) Жылқы пірі
- Қамбар ата
- 11) Қыс қатты болып, малдың жаппай қырылуы
- Жұт
- 12) Төрт түліктің жайылымы
- Өріс
5-кезең: Тамақ әзірлеу
Бұл кезеңде қатысушылар үйден дайындап келген ас мәзірін ұсынып, таныстырады.
6-кезең: Шаш үлгісін жасау
Байқаудың соңғы кезеңінде ару қыздарымыз ұқыпты әрі әдемі шаш үлгісін жасайды.
Қорытынды
Байқау кезеңдері аяқталғаннан кейін, әділ-қазылар алқасы нәтижені қорытындылап, қатысушылардың өнері мен белсенділігіне сай бағасын береді.