Ұстаз болу - борышым эссе

Ұстаздық — арманнан басталған жол

«Ұстаз болу — өз бақытын аямау, өзгенің бақытын аялау», — деген ойды Ж. Ж. Руссо да терең мағынада жеткізеді. Мен үшін ұстаздық — өзіңдегі бар білімді аямастан бөлісу, өзгенің қуанышына шын қуана білу, шәкірттің болашағына жауапкершілікпен қарау.

Мектептегі ұстаз — баланың екінші анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Мейірімге толы жүрек шәкірттің талай ағаттығын кешіруге, ал парасат пен сабыр әр баланың жүрегінен жол табуға көмектеседі. Тентекті жуасытып, еркені сабасына түсіріп, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізу — ұстаз еңбегінің көрінбейтін, бірақ ең маңызды бөлігі.

Менің таңдауыма әсер еткен алғашқы үлгі

Балалармен жұмыс істеу, олардың қуанышты күлкісінен күш алу — жүрек қалауым болды. Ұстаздыққа деген алғашқы қызығушылығым бастауыш сыныпта сабақ берген Дина апайға еліктеуден басталды. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, балалық арманым бүгін шындыққа айналды.

Тәжірибе

35 жыл еңбек өтілі бар бастауыш сынып мұғалімімін.

Кәсіби өсу

3 (базалық) деңгей курстарынан өткен, 1 санатты педагогпін.

Сабақтағы жаңашылдық және АКТ

Бар күш-жігерімді алдыма келген шәкірттеріме арнаймын. Шаршамай, талмай, білімімді оқушыларға беруге тырысамын. Сабақ үдерісінде АКТ мүмкіндіктерін пайдаланып, әр сабақта жаңа технологияларды кеңінен қолдануға мән беремін.

Қолданатын әдіс-тәсілдер

  • «Шелектегі идея»
  • «Ыстық орындық»
  • «Өрмекшінің торы»
  • «Мозайка»
  • «Көпір»
  • «Джиксо»
  • «БҮҮ»
  • «Бұлт»
  • «Түртіп алу» стратегиясы

Ашық сабақтар мен тәрбиелік шараларды мультимедиа арқылы ұйымдастыру да — оқушы қызығушылығын арттырудың тиімді жолы.

Тәрбие — сабақтан тыс кеңістікте де жалғасады

Сабақтан тыс уақытта оқушылармен бірге мешітке, саябаққа, музейге барамыз. Мектеп ауласына талдар мен гүлдер отырғызу арқылы табиғатқа жанашырлықты, еңбекке баулуды мақсат етеміз. Бұл әрекеттер баланың дүниетанымын кеңейтіп, ортаға жауапкершілігін арттырады.

Ата-анамен әріптестік

Ата-аналармен байланысым жақсы жолға қойылған: сынып намысын биік ұстап, ата-анамен жүйелі қарым-қатынасты қолдаймын. Бұл тұста В. А. Сухомлинскийдің: «Тек қана ата-аналармен бірге, жалпы күш-жігерді біріктіру арқылы мұғалімнің балаларға үлкен адамдық бағыт беруі мүмкін», — деген пікірімен толық келісемін.

Үздіксіз ізденіс — ұстаздың тірегі

Көп ізденемін, өз білімімді көтеруден еш жалыққан емеспін. К. Д. Ушинскийдің «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады» деген сөзі — менің кәсіби қағидам.

Қазіргі заман талабы — жаңару, талаптану, тез шешім таба алатын, бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастыру. «Ізденсең — табасың, талаптансаң — жетесің, зейін салсаң — ұғасың» деген жігерлі сөздер мені үнемі алға жетелейді.

Ұлағат пен жауапкершілік туралы ойлар

Абайдан алған бағдар

«Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға.»

Б. Момышұлының нақылы

«Ұстаз — ұлық емес, ұлы қызмет».

Ы. Алтынсарин ескерткен жауапкершілік

«Күнәнің ең үлкені — бала жанының нәзік пернелерін дұрыс сезіне алмайтындар». Бұл сөз ұстаздың бала тәрбиесіндегі басты тұлға екенін айқын көрсетеді.

Біз тәрбиелеп жатқан шәкірттер өмірден өз орнын тауып, қоғамға «бір кірпіш» болып қаланса, тіпті шәкірт ұстазынан озып жатса — еңбегіміздің ақталғаны. Ұстаздықты жан-тәніммен сүйгендіктен, әр шәкіртіме жаңа форматта терең білім беруді өз борышым деп білемін.

Алдағы мақсат және ант

Жаңа оқу жылында жаңартылған бағдарлама бойынша білімімді одан әрі шыңдап, 1-сынып оқушыларын қабылдауға дайындық үстіндемін. Мақсатым — әр баланың бойындағы қабілетті оятып, сауатты, тәрбиелі, елін сүйетін азамат болып қалыптасуына ықпал ету.

Қысқа өлең-ант

Ұстаз болу — басты менің борышым,
Шәкірттеріме берем ылғи қол ұшын.
Сауаттанып, қанаттанса биікке,
Ақталғаны емес пе, менің борышым!

Бүгінгі таңда шәкірттерім егемен еліміздің, Тәуелсіз Қазақстанымыздың толыққанды, білімді де тәрбиелі азаматы болып өссе — менің арманымның орындалғаны.

Автор туралы

Аты-жөні

Есенова Ляйля Байтоллақызы

Қызмет орны

Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, №9 жалпы орта білім беретін мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі

Ұстаз жолы қиынырақ басқадан, сырлары көп сыртқа әлі шықпаған. Шаршаса да осы жолдың бойында — адам шын бақытын табады.