Көркем сөз оқушы

Суреттеу кеші: Ұлттың ұлы ұстазы

Бұл кеш Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен мұрасын танытуға, оның ұлт руханиятындағы орнын айқындауға арналған. Кеш барысында өмірбаяншының баяндауы, әдеби талдау және көркемсөз оқу арқылы тұлғаның көпқырлы еңбегі ашылады.

Кешке қатысушылар

  • Өмірбаяншы — дерек пен кезеңдік сабақтастықты жүйелейді.
  • Әдебиетші — шығармашылық мұра мен идеялық арқауды талдайды.
  • Көркемсөз оқушы — өлең мен үзінділерді мәнерлеп оқып, әсерін күшейтеді.

Залдың безендірілуі

Негізгі нысандар

  • А. Байтұрсынұлының портреті
  • Кітап көрмесі
  • Эпиграф жазылған плакат

Эпиграф

“Ахмет Байтұрсынұлы — ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға”.

Әбіш Кекілбаев

Көркемсөз: өмірдің эпиграфындай жолдар

Адамдық диқаншысы қырға шықтым;
Көл жоқ, көгалы жоқ — қорға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.

А. Байтұрсынұлы

Осы жолдар Ахмет Байтұрсынұлының тұтас өмірлік мұратын айқын көрсетеді. Ол — ақын, жазушы, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері, ағартушы, этнограф, фольклорист, түркітанушы, әдебиетші, тілші, ғалым.

Ақын Ағартушы Тілші-ғалым Әдебиеттанушы Қоғам қайраткері

Оның еңбегінің мәнін бір-ақ сөзге сыйғызсақ, ол — бас әріппен жазылатын ҰСТАЗ, ХАЛЫҚ ҰСТАЗЫ.

Әліппе, оқулық, әдіс: жаңа ағартушылық жол

Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқу құралдарының авторы, жаңашыл ағартушы. Ол жазған мектеп оқулықтары 1914–1915 жылдардан бастап 1927–1928 жылдарға дейін кең қолданылды.

Сауат ашу

Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының «Әліп-биі» арқылы ашты.

Тіл үйрету

Ана тілін жүйелі меңгеруде «Тіл құралы» ерекше бағдар болды.

Әдебиеттану және ауыз әдебиеті: ғылыми негіз қалаған еңбек

Ахмет Байтұрсынұлының жас қазақ ғылымына қосқан үлесі тек тіл білімімен шектелмейді. Әдебиеттану саласында да оның қызметі айрықша бағаланады.

1923

«Ер Сайын» жырын Мәскеуде жариялады.

1926

«23 жоқтау» жинағы жарық көрді.

Тұңғыш зерттеу

«Әдебиет танытқыш» — әдебиеттану ғылымының іргелі бастауы.

«Әдебиет танытқыш» еңбегінде қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, әдістемелік арналары, басты терминдері мен категориялары жүйеленді.

Ақындық үн: «Маса» және ояту идеясы

Ахмет Байтұрсынұлы — мықты ақын. Оның өлеңдері 1912–1922 жылдар аралығында «Қырық мысал», «Маса», «Үзік» атауларымен бірнеше рет басылды.

«Маса» жинағындағы өлеңдер қараңғылық пен надандықты, шаруаға енжарлықты сынайды. Ақын өзін ұйқыдағы халықты оятуға тырысқан «сары маса» бейнесі арқылы береді.

Ызыңдап ұшқан мынау біздің сары маса,
Сап-сары аяқтары ұзын маса,
Өзіне біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен қара яки қызыл маса.

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?

А. Байтұрсынұлы

Торайғыров бағасы: «Масаға» берілген әділ өлшем

Қазақ қоғамына рухани тәрбие берудегі бұл кітапшаның рөлі өлшеусіз. Оның қуаты бүгін де әлсіреген жоқ. Осы жинаққа берілген бағалауды Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөзінен аңғаруға болады.

Көркемсөзден үзінді

Сұлтанмахмұт бір үйге келіп: «Оқитын кітаптарың бар ма?» — деп сұрағанда, үй иесі: «“Маса” дейтін, бірді айтып бірге кететін бір қиссамыз бар», — деп, Ахаңның кітабын ұсынады. Осыған назаланған Сұлтанмахмұт 1914 жылы «Тұтқындағы Байтұрсынның “Масасына”» атты өлеңін жазады.

…Бағың жоқ көр соқырдың көзі алдында,
Мұңыңды жылап шақшы өз алдыма:
Гауһар тұрсын, айырып алтыныңды,
Аузына керек тас деп бір алды ма?

Өткірсің наркескеннің алмасындай,
Жүйріксің «полный ходтың» арбасындай.
Сен сұңқар, көңілі соқыр сенімен қас,
Өзінің болмады деп қарғасындай…

Сұлтанмахмұт Торайғыров, 1914

Осындай бағалаудан кейін «Маса» жинағына қосымша пікір айту артық сияқты: оның идеялық салмағы да, көркемдік қуаты да өз дәуірінен асып түсті.

Аударма дәстүрі: «Қырық мысал» және тұспал тілі

Халықты оятудың, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер етудің жолдарын іздеген ақын ұлы Абай салған соқпаққа — орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне сүйенді.

И. А. Крылов шығармаларын аударып, 1909 жылы Петербургте «Қырық мысал» деген атпен жариялады. Мысалдар арқылы әртүрлі аң бейнесі мен адам мінезін қатар алып, ишара мен тұспалға құрылған тұжырым жасайды.

Әсіресе патша отаршылдығының зорлығы, жуандар мен байлардың тепкісі, елдің азып-тозуына қатысты сарындар Байтұрсынұлы шығармаларында жұмбақтап, тұспалдап жеткізіледі. Кей тұста ой ашық әрі дәл айтылады.