Бірқалыпты және бірқалыпты емес қозғалыстар

Сабақтың тақырыбы

Бірқалыпты және бірқалыпты емес қозғалыс. Жылдамдық. Жылдамдық бірліктері.

Сабақтың мақсаты

  • Бірқалыпты және бірқалыпты емес қозғалыс туралы түсінік беру, жылдамдық ұғымын қалыптастыру және жылдамдықты табу формуласын түсіндіру.
  • Оқушылардың ой-өрісін дамыту.
  • Білімді күнделікті тұрмыспен байланыстыру, еңбекпен ұштастыру.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

Сабаққа дайындық, қатысымды тексеру.

II. Қайталау

Өткен материалды еске түсіру, үй тапсырмасын тексеру (тест арқылы).

III. Ой қозғау

Өмірлік жағдайлар арқылы ұғымдарды нақтылау.

Тест тапсырмалары

Өткен тақырыптарды бекітуге арналған сұрақтар.

  1. Белгілі бір уақыт өтуіне байланысты басқа денелермен салыстырғанда дененің орнын өзгертуі қалай аталады?

    • A) Механикалық қозғалыс
    • B) Қозғалыс траекториясы
    • C) Орын ауыстыру
    • D) Санақ денесі
  2. Дененің қозғалысын зерттейтін ғылым қалай аталады?

    • A) Физика
    • B) Астрономия
    • C) Механика
  3. Санақ денесімен байланысқан координата жүйесі мен сағатты қалай атаймыз?

    • A) Координата жүйесі
    • B) Санақ жүйесі
    • C) Санақ басы
    • D) Санақ денесі
  4. Айналасында сақинасы бар планета қайсы?

    • A) Марс
    • B) Нептун
    • C) Сатурн
    • D) Меркурий
  5. Планеталар жүйесінің центріне Күнді орналастырып, оны «гелиоцентрлік жүйе» деп атаған ғалым кім?

    • A) Птоломей
    • B) Коперник
    • C) Бируни
    • D) Аристотель
  6. Денені материялық нүкте деп қарастыруға болатын жағдайды таңдаңыз:

    • 1) Мұхитта жүзген кеменің қозғалысы
    • 2) Күнді айнала қозғалған Жердің қозғалысы
    • 3) Дене шынықтыру жаттығуын жасаған спортшының қозғалысы

    Жауап нұсқалары: тек қана 1; тек қана 2; 1 мен 2; тек қана 3.

  7. 3 м биіктіктен тасталған доп жерден 2 м биіктікке көтерілгенде ұсталды. Доптың жүрілген жолы мен орын ауыстыруы неге тең?

    • A) Жол 5 м, орын ауыстыру 1 м
    • B) Жол 4 м, орын ауыстыру 3 м
    • C) Жол 4 м, орын ауыстыру 2 м
    • D) Жол 5 м, орын ауыстыру 2 м
  8. Қозғалыстағы дененің траекториясының ұзындығы қалай аталады?

    • A) Жол
    • B) Орын ауыстыру
    • C) Траектория
    • D) Қозғалыс

Тест жауаптары

1 — A, 2 — C, 3 — B, 4 — C, 5 — B, 6 — C, 7 — D, 8 — A.

Ой қозғау сұрақтары

Төмендегі жағдаяттар арқылы «жол» мен «орын ауыстыру» ұғымдарын ажыратып көріңіз.

  1. Оқушы таксиге мініп мектепке келді де, 250 теңге төледі. Ол не үшін төледі: жол үшін бе, әлде орын ауыстыру үшін бе?
  2. Автомобиль Оралдан Ақсайға дейінгі аралықты 1,5 сағатта жүріп өтті. Берілген уақытты секундпен өрнектеңіз.
  3. Жүргізуші автомобиль есептегішінің (одометрдің) көрсеткіші 500 км-ге артқанын байқады. Бұл жүрілген жолды білдіре ме, әлде орын ауыстыруды ма?
  4. Мектеп пен үйдің арасы 200 м. Оқушы мектепке барып, қайта үйіне келді. Ол қанша жол жүрді, орын ауыстыруы неше метр?
  5. Футболшы ойын барысында 12 км жүгірді. Бұл шама орын ауыстыру ма, әлде жол ма?

Жаңа сабақ: қозғалыс және жылдамдық

Бірқалыпты қозғалыс

Егер дене тең уақыт аралықтарының әрқайсысында бірдей ұзындықтағы жол жүрсе, мұндай қозғалыс бірқалыпты қозғалыс деп аталады.

Бірқалыпты емес қозғалыс

Егер дене тең уақыт аралықтарында әртүрлі ұзындықтағы жол жүрсе, бұл бірқалыпты емес қозғалыс болады.

Қозғалысты сипаттайтын шамалар (жұмбақ арқылы)

«Жердің жүзін шарлайсың, онсыз еш жерге бармайсың…»

Жауабы: Жол

«Көп болса асықпайсың, мезетте қашықтайсың…»

Жауабы: Уақыт

«Қозғалыста сипаттар шапшаңдықты… Ол болмаса денелер қозғалмайды…»

Жауабы: Жылдамдық

Бұл шамалар дененің қозғалысын сипаттайды: жол, уақыт, жылдамдық.

Жылдамдықтың формулалары

Бірқалыпты қозғалыста жылдамдықты табу үшін орын ауыстыруды (немесе жолды) уақытқа бөлеміз:

v = s / t s — орын ауыстыру/жол (м, км), t — уақыт (с, мин, сағ), v — жылдамдық (м/с, км/сағ)

Егер жылдамдық белгілі болса, белгілі уақыт ішіндегі жүрілген жол:

s = v · t

Егер жылдамдық пен жол белгілі болса, қозғалысқа кеткен уақыт:

t = s / v

Жылдамдық сан мәнімен қатар бағытымен де сипатталады, сондықтан ол векторлық шама.

Есіңде сақта: км/сағ ↔ м/с

км/сағ м/с
18 5
36 10
54 15
72 20
90 25
108 30

Жаңа сабақты бекіту тапсырмалары

Формулаларды қолданып есептерді шығарыңыз.

  1. Екі қаланың арақашықтығы 150 км. Жүк машинасы осы жолды 2,5 сағатта жүріп өтті. Жүк машинасының жылдамдығын табыңыз.
  2. Велосипедші бірқалыпты қозғалып, 30 минут ішінде 9 км жол жүрді. Жылдамдықты м/с-пен есептеңіз.
  3. 750 км/сағ жылдамдықпен ұшқан ұшақ 6 сағат ішінде қандай қашықтықты ұшып өтеді?
  4. Автомашина 36 км/сағ жылдамдықпен 2 км жол жүрді. Осы жолға кеткен уақытты табыңыз.

Қорытынды және үй тапсырмасы

Қорытынды

Бірқалыпты және бірқалыпты емес қозғалыстың айырмашылығын, сондай-ақ жылдамдықтың анықтамасын, формулаларын және өлшем бірліктерін бекіттік.

Үй тапсырмасы

  • §17, §18 оқу
  • 5-жаттығу: №3, №4

Автор туралы мәлімет

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Талпын ЖОББ мектебі — Капезова Салтанат Салимовна.