Туған - туысқандар

Сабақтың мақсаты мен бағыты

Білімдік мақсат

Мәтін мазмұнын түсіндіру арқылы қонаққа шақырудың себептері, туыстық қатынастар және туыстық атаулар туралы ұғым қалыптастыру.

Дамытушылық мақсат

Оқушылардың туысқандарға деген мейірімділік қасиетін дамыту, әңгімелеу, есте сақтау және ойлау дағдыларын жетілдіру.

Тәрбиелік мақсат

Қазақ халқының әдет-ғұрпын құрметтеуге, үлкенді сыйлауға, кішіні қадірлеуге, қонақжайлыққа, еңбекқорлық пен сыйластыққа тәрбиелеу.

Сабақ түрі: аралас сабақ

Әдістері: түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгімелеу, сахналау

Көрнекілігі: тірек-сызбалар, мазмұнды суреттер, плакаттағы сөздер, мақал-мәтелдер

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық:

Амансың ба, достарым,
Амансыздар ма, қонақтар?
Сабағымызды сыйластықпен бастайық,
Жамандықты тастайық.

Көңіл-күйіміз жақсы болса,
Көңілді отырып сабағымызды бастайық.

2) Үй тапсырмасын тексеру

4-сынып

«Отбасы туралы» шығарма.

3-сынып

«Қонақжай» тақырыбы.

Сөздікпен жұмыс

Әр оқушыға сөздер беріліп, мағынасы түсіндіріледі: ілтипат, меймандос, қонақжай.

Қонақ түрлерін қайталау (3-сынып)

  • Арнайы қонақ

    Алдын ала арнайы шақырылатын қонақ.

  • Құдайы қонақ

    Аяқ астынан келген қонақ. Мысалы, жол үстіндегі жолаушы.

  • Қыдырма қонақ

    Қыдырып, аралап жүріп келетін қонақ.

Карточкамен жұмыс (4-сынып)

Оқушылар берілген тапсырмалар арқылы тақырыпты бекітеді.

3) Жаңа сабақ

3-сынып тақырыбы

«Сыйластыққа себеп көп»

4-сынып тақырыбы

«Туған-туысқандар»

Туған-туысқандар арасында сыйластық болуы керек. Бұл екі тақырып өзара тығыз байланысты: сыйластық әдепті қарым-қатынастан, амандасудан басталады.

Сыйластықтың негізгі себептері (тірек-сызба мазмұны)

1) Құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру

Жас отбасының құрылуына ақ тілектер айту, берік шаңырақ пен бақытты босаға тілеу.

2) Дастархан тірлігі

Қонаққа шақырудың себептері көп. Соның бірі — соғым басына шақырып, қыстың соғымынан дәм татқызу.

3) Балаға деген сүйіспеншілік

Шілдехана, бесікке салу, тұсау кесу, атқа мінгізу, тілашар — бәрі баланың өмір белестерін атап өтетін, сүйіспеншілікті білдіретін дәстүрлер.

Қонаққа кімдер келеді?

Көршілер, ауыл адамдары, туған-туысқандар.

Туыстық қатынастар: үш жұрт

Туысқандар ұғымын түсіндіруде адамның үш жұрты аталады: нағашы жұрты, өз жұрты, қайын жұрты. Әрқайсысына жеке тоқталып, мысалдармен түсіндіріледі.

4) Сергіту сәті

«Қазақтың дастарханы»

Ей, менің асқар тауым,
Қазақы дастарханым.
Береке-ырыс, құтым,
Ақ қайнар бастауларым.

5) Оқулықпен жұмыс

Мәтінді тізбектеп оқыту арқылы мазмұнын талдау, негізгі ойды анықтау.

6) Ойын: «Жамбы ату»

Ойынның мақсаты — мақал-мәтелдердің жалғасын табу және мағынасын ашу.

Ата — баланың қорғаны.

Татулық — табылмас бақыт.

Анаға құрмет — балаға міндет.

Әкеге қарап — ұл өсір.

Шешеге қарап — қыз өсір.

7) Салт-дәстүр

Қазақ халқында салт-дәстүр түрі көп. Әр дәстүрдің мәні түсіндіріліп, соның ішінде тұсау кесу дәстүрі сахналық көрініс ретінде қойылады.

8) Қорытындылау

Карточкамен жұмыс арқылы оқушылардың түсіну деңгейі тексеріліп, негізгі ұғымдар бекітіледі.

9) Үй тапсырмасы

  • Мәтінді оқу.
  • «Туған-туысқандар» тақырыбына шығарма жазу.

10) Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, жауаптарының нақтылығы, тапсырмаларды орындауы бойынша бағалау жүргізіледі.