Сатушы кім
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Бұл тіл дамыту сабағы балалардың мамандықтар туралы түсінігін кеңейтуге, сұрақтарға толық жауап беруге дағдыландыруға және болашақ мамандық таңдауға қызығушылығын оятуға бағытталған.
Тақырыбы
Мамандықтың бәрі жақсы.
Сабақтың түрі
Аралас сабақ.
Әдісі
ТРИЗ әдісі.
Көрнекілігі
Мамандық түрлерінің суреттері, сандық материалдар.
Мақсаты
Балалардың әртүрлі мамандықтар туралы білімдерін толықтыру.
Міндеттері
- Балаларды әртүрлі мамандық иелерімен таныстыру.
- Сурет бойынша қойылған сұрақтарға толық жауап беруге дағдыландыру арқылы зейінді дамыту.
- Мамандық таңдауға қызығушылық тудыру.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Тәрбиеші: Балалар, сәлеметсіңдер ме! Бүгін бізге қонақтар келіпті, кәне, қарсы алайық. Ендеше тіл дамыту сабағымызды бастайық.
Оқиға желісі: Есік қағылып, қоян кіреді. Ол дүкеннен балаларына сыйлық алып келе жатып, жол-көлік оқиғасына ұшырағанын айтады.
Тәрбиеші: Балалар, қоянға қалай көмектесеміз? Қоянды кім емдейді?
Балалар: Дәрігер.
Тәрбиеші: Қоянның бізге тапсырмалары бар екен. Оның көңіл күйі жақсаруы үшін тапсырмаларын орындайық.
Жұмбақтар арқылы мамандықтарды табу
-
1) Алып жатқан жан-жақты, үйлерді кім тұрғызды? Құрылысшы
-
2) Өміріңді күзеткен, ысқырығы күшті адам. Ол кім? Полиция қызметкері
-
3) Өскен шашты жаратпайтын, қайшысы бар жаландайтын. Ол кім? Шаштараз
Тәрбиеші: Жарайсыңдар! Бұл сөздер нені білдіреді?
Балалар: Мамандықтарды.
Демек, бүгінгі сабағымыздың негізгі тақырыбы — мамандықтар.
Сергіту сәті
Терезені ашайық,
Таза ауа жұтайық.
Тез-тез, тез-тез отырып,
Орнымызды табайық.
Суретпен жұмыс: сұраққа толық жауап беру
Балалар суреттерге қарап, сұрақтарға толық жауап береді және сөйлем құрастырады. Төмендегі үлгілер сөйлеуді жүйелі әрі нақты құрауға көмектеседі:
-
Дәрігер кім?
Ол балаларды да, ересектерді де емдейді.
-
Аспазшы кім?
Ол дәмді тағам пісіреді.
-
Құрылысшы кім?
Ол көп қабатты, зәулім үйлер салады.
-
Мұғалім кім?
Ол оқуға, жазуға үйретіп, білім береді.
-
Полиция қызметкері кім?
Ол ел тыныштығын қорғайды.
-
Сатушы кім?
Ол азық-түлік пен тауар сатады.
-
Шаштараз кім?
Ол шаш қияды, түрлі шаш үлгісін жасайды.
Ойын: «Кім болуды қалаймыз?»
Тәрбиеші балаларға: «Кім аспазшы болғысы келеді? Кім мұғалім болғысы келеді? Кім полиция қызметкері болғысы келеді? Кім сатушы, шаштараз, дәрігер, құрылысшы болғысы келеді?» — деп сұрайды. Балалар өз таңдауларын айтып, әр мамандықтың іс-әрекетін қимылмен көрсетеді.
Үлгі сұрақ: «Сатушы не істеп жатыр?»
Үлгі жауап: «Ол азық-түлік сатып жатыр.»
Шағын көрініс: мамандықтар сөйлейді
Балалар рөлге еніп, өлең жолдары арқылы мамандықтардың маңызын айтады.
Дәрігер
Жақсы оқып сабақты,
Білім алып толамын.
Ауруларды емдейтін
Мен дәрігер боламын.
Шаштараз
Сән үлгісін қиятын
Шаштараз болам жолыңа.
Түрлі-түрлі шаш қиып,
Қызмет етем халқыма.
Сатушы
Жақсы оқып сабақты —
Мақсатым да, ұраным.
Үлкен болып өскенде
Сатушы боп тұрамын.
Полиция қызметкері
Елге қызмет етемін,
Шаршамаймын мен бірақ.
Күні-түні күзетте
Тұрамын мен ұйықтамай.
Құрылысшы
Қолда темір қалағым,
Саздан сарай саламын.
Әсем қала тұрғызып,
Жаңа үйлер саламын.
Мұғалім
Жақсы оқып сабақты,
Білім алып толамын.
Бөбектерді оқытар
Мен мұғалім боламын.
Аспазшы
Дәмді тамақ пісіріп,
Өнерлі бала боламын.
Халқым сүйген ардақты
Мен аспазшы боламын.
Қауіпсіздік: жол ережесін еске түсіру
Қоянға жол ережесін полиция қызметкері түсіндіріп, жолдан қалай дұрыс өту керегін көрсетеді. Қоян өзіне пайдалы кеңес алғанын айтып, ризашылығын білдіреді.
Ойын: «Кім жылдам?»
Тақтадағы суреттерге қарап, қай зат қай мамандыққа қажет екенін балалар тез тауып айтады. Қоян да қызығып, балалармен бірге ойнайды.
Ойын: «Сен өскенде кім болғың келеді?»
Қоян доп лақтырады. Допты ұстаған әр бала өз ойын айтады: болашақта кім болғысы келетінін және сол мамандықтың не істейтінін қысқаша түсіндіреді.
Қоштасу және сыйлық
Қоян балаларға: «Жол ережесін үйреттіңдер, дәрігерлік көмек көрсеттіңдер. Енді мен де сыйлығыммен бөлісейін», — деп алма таратады.
Қоян: Рахмет сендерге! Сау болыңдар, балалар!
Қорытынды
Сабақ соңында балалар бүгін қандай тақырыпта әңгімелескенін, қандай мамандықтарды танығанын қайталайды.
Мақал-мәтелдер
Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті.
Тәрбиеші балаларды белсенді қатысқаны үшін мақтап, еңбектің қадірін түсіндіреді.