Ұлттық киімдер

Мақсаты

Ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән бергенін оқушыларға ұғындыру. Шығармашылық қиялын дамыта отырып, іскерлікке, шеберлікке баулу.

Көрнекілік

  • Таблица

    Негізгі ұғымдарды жүйелеуге.

  • Үлгілер

    Құрақ, ою және қолөнер элементтері.

  • Қолөнер суреттері

    Қазақ халқының дәстүрлі бұйымдары.

  • Ұпай тақтасы

    Командалық нәтижені белгілеуге.

Кіріспе

Мұғалім: Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар!

«Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын» атты сайысқа қош келдіңіздер! Бүгінгі жарыста «Шебер» және «Іскер» топтары бақ сынайды.

I бөлім: «Сен білесің бе?»

  1. 1

    Қазақ халқының қолөнері туралы мәлімет.

  2. 2

    Ою-өрнек туралы түсінік.

  3. 3

    Қамшы туралы түсінік.

I бөлім: Сайыс кезеңдері

Сайыс 8 кезеңнен тұрады. Әр кезең ұпаймен бағаланады.

  1. 1

    «Сәлем — сөздің анасы» (топты таныстыру).

  2. 2

    «Ұлттық киім ұлағаттары» (ұлттық киімдерді көрсету).

  3. 3

    «Кім жылдам?» (картоп тазалау, түйме қадау).

  4. 4

    Сөз құрау: «Дастарқан» сөзінен бірнеше сөз құрау (1 минут).

  5. 5

    «Құрақ құрау — да өнер».

  6. 6

    «Атадан қалған асыл сөз» (өнер туралы мақал-мәтелдің жалғасын табу).

  7. 7

    «Ою ойғанның ойы ұшқыр».

  8. 8

    «Бұл қандай ән?» (әуеннің атын және жалғасын табу).

Танымдық бөлім: дәстүр және мән

1) Қазақ халқының қолөнері

Зергерлік бұйымдар

Ұлттық киімдер

Ағаштан жасалған бұйымдар мен құралдар

Жүннен жасалған бұйымдар

Көлік тұрмандары

Металдан жасалған бұйымдар мен құралдар

Шаруашылық және тұрмыс құралдары

2) Ою-өрнек туралы түсінік

Ою-өрнектің көнеден келе жатқанын дәлелдейтін көптеген бұйымдар мұражайларда сақталған. Ертеде адамдар айналасындағы әлемді тасқа бейнелеп, кейін сол өрнектерді киім-кешекке, тұрмыстық бұйымдар мен ыдыстарға қарапайым сурет ретінде түсірген. Осылайша ою-өрнек бірте-бірте қалыптасты.

«Өнер өшпейді, сөнбейді, көнермейді» деген ойды ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан да тереңдетіп, қазақтар «ою-өрнек әлемінде өмір сүреді» деген. Расында, қазақтың ұлттық бұйымдарының көбінде ою-өрнек — әсемдік пен сәнділіктің айқын белгісі. Ою-өрнектің сан алуан түрі ғана емес, мағынасы да терең.

3) Қамшы туралы түсінік

Қазақтың қасиетті бұйымдарының бірі — қамшы. Қамшы — әрі қару, әрі құрал, әрі рухани күш-қуаттың нышаны; сый-сияпат, жігіт пен қыздың сәні, азаматтың айбыны, қолөнер туындысы, шаңырақтың киесі. Ол атадан балаға мирас болып қалатын асыл мұра.

Сондықтан да көптеген үйдің төрінде қамшы ілулі тұрады. Халық ұғымында «қамшы бар үйге жын-шайтан жоламайды» деген сенім бар: бұл — ол үйдің иесі, тәртібі, берекесі бар деген ишара. Үйге келген кісі де әдеп сақтап, сыпайы кіріп, сыпайы шығады.

Қазақ дәстүрінде «қанша балаң бар?» деп тура сұрамаған. Керегеде ілулі тұрған қамшының санына, жасалуына қарап-ақ ол үйдің қанша баласы барын, ұл-қыздың үлесін, тіпті әр баланың қандай кәсіпке жақын екенін аңғартқан деген де таным бар.

II бөлім: «Қолөнер — мол өнер» (сайыс барысы)

1) «Сәлем — сөздің анасы» (таныстыру)

«Болар елдің баласын сәнімен емес, сәлемінен танисың» дегендей, алғашқы кезең — топтардың сәлемдесуі және таныстыруы.

Өнер қуып сайыскерлер өтер деймін,
Бір басына өнер-білім жетер деймін.
Бәске түскен сайыскерлер кезектесіп,
Таныстырып өздерін өтер деймін.

2) «Ұлттық киім ұлағаттары»

Бұл кезеңде ұлттық киімдер көрсетіліп, олардың атауы мен ерекшелігі айтылады.

  • Сәукеле

    Ұзатылатын қыздардың бас киімі.

  • Бөрік

    Жиегіне аң терісі ұсталған, ерлерге де арналған бас киім.

  • Кимешек

    Әжелер киетін, беті ашық, басы мен иығын жабатын бас киім.

  • Күпі

    Ішіне жабағы жүн салып сырыған шапан түрі.

  • Ішік

    Аң терісінен тігілетін қыстық сәнді киім.

  • Дулыға

    Қазақ жауынгерлерінің бас киімі.

  • Тымақ

    Аң-мал терісінен жасалған қыстық бас киім.

  • Қамзол

    Әйелдердің көйлек сыртынан киетін жеңсіз жеңіл киімі.

3) «Кім жылдам?»

Әр топтан екі оқушы шығады: біреуі картоп тазалайды, екіншісі түйме қадайды.

  • Картоптың қабығы мүмкіндігінше жұқа әрі үзілмей түсуі бағаланады.
  • Түйме қадауда матаға сәйкестік, жіптің түйінделуі және тігістің ұқыптылығы ескеріледі.

4) Сөз құрау: «Дастарқан»

«Дастарқан» сөзінің әріптерінен 1 минут ішінде мүмкіндігінше көп сөз құрау.

5) «Құрақ құрау — да өнер»

Қатысушылар суреттерге қарап, қағаздан қиылған үлгілер бойынша құрақ құрайды. Қазылар алқасы жылдамдық пен дәлдікті бағалайды.

6) «Атадан қалған асыл сөз» (мақал-мәтелдің жалғасын тап)

Өнерлі бала — сүйкімді.

Өнер — ағып жатқан бұлақ.

Білім — жанып жатқан шырақ.

Қыз еркелі — кестесімен көркем.

Ұл еркелі — өнерімен көркем.

Өнерліге — нұр жауар.

Өнер көзі — халықта.

Өнер табу — өрге шабу.

Ерінбеген — етікші болады.

Шебердің саусағы — алтын.

Жеті рет өлшеп — бір рет кес.

Адамды адам еткен — еңбек.

7) «Ою ойғанның ойы ұшқыр»

Бұл кезеңде қатысушылар ою-өрнек үлгісін берілген із бойынша дәл әрі ұқыпты қиып шығуға тырысады.

Ою-өрнекке қарасаң,
Өңкей мүйіз тігілген.
Қайсысын қаласаң,
Қиып ал сызған ізімнен.

Қию оңай демеңдер,
Оған да өнер, ой керек.
Бос мақтанып жүрмеңдер,
Қиюға пысық қол керек.

8) «Бұл қандай ән?» (музыкалық кезең)

Музыкалық әуен қойылады: қатысушылар әннің атын айтып, мүмкін болса жалғасын орындайды.

Айналайын, қарағым,
Бәрекелді, жарадың.
Енді бізге еліңнің,
Айтып берші бір әнін.

Қорытынды және марапаттау

Енді қатысушы топтардың жалпы ұпай саны есептеліп, жеңімпаз топты марапаттау үшін сөз әділқазылар алқасына беріледі.

Мұғалім:
Демеңіз, біз өнерді аяп қалдық,
Уақыт та біраз жерге таяп қалды.
Көріскенше, хош сау болып тұрыңыздар,
Сайысымыз осымен аяқталды.