Құрманғазы өмірге ғашық күйші

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • «Құрманғазы» мәтініне түсініктеме беру.
  • Құрманғазы Сағырбайұлы туралы қосымша, тереңірек ақпарат ұсыну.
  • Өмірі мен шығармашылығын танып-білуге қызығушылық қалыптастыру.

Дамытушылық

  • Мәтінді оқыту, талдату және күй үзінділерін тыңдату арқылы мазмұнын ашу.
  • Ойлау, жүйелі әңгімелеу және дұрыс сөйлеу дағдыларын дамыту.
  • Қазақ күй өнері туралы дүниетанымды кеңейту.

Тәрбиелік

  • Оқушыларды мәдениетке, өнерге баулу.
  • Күй өнерін насихаттау арқылы тарихын, салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу.
  • Музыка арқылы әсемдікті сезінуге, рухани нәр алуға жетелеу.

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, түсіндіру, әңгімелесу.

Ой қозғау Түртіп алу JIGSO II СТО

Пәнаралық байланыс және көрнекілік

  • Пәнаралық байланыс: музыка, тарих.
  • Көрнекілік: сурет, слайд, кесте, топтарға арналған оюлар, оюлы домбыра суреттері.

Сабақтың жоспары

  1. I. Ұйымдастыру (психологиялық жаттығу).
  2. II. Үй тапсырмасын сұрау.
  3. III. Қызығушылықты ояту.
  4. IV. Жаңа сабақ.
  5. V. Мәтінмен жұмыс.
  6. VI. Сабақты бекіту.
  7. VII. Бағалау.
  8. VIII. Үйге тапсырма.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды дұрыс отырғызып, сабақ құралдарын түгендеу. Назарды сабаққа аудару үшін психологиялық дайындық жүргізіледі:

Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де,
Қуанайық, достарым,
Арайлап атқан күнге!

Оқушылар қызыл, көк, жасыл, сары түсті оюларды алып, сол бойынша топтарға бөлінеді.

II. Үй тапсырмасын тексеру

  • 131-беттегі мәтінді мазмұндау.
  • Мұзафар Әлімбаевтың «Домбыра» өлеңін мәнерлеп оқу.
  • Ахмет Жұбанов туралы ойларын тиянақтау.

III. Қызығушылықты ояту

Бес болсын алар бағамыз,
Білімнен бақыт табамыз.
Өнер, білім көп оқып,
Өсе берсін санамыз.

Білемін

Құрманғазы туралы не білесіңдер?

Білгім келеді

Қандай деректерді нақтылап, тереңірек түсінгілерің келеді?

Не үйрендім

Сабақ соңында қандай қорытынды жасай аламыз?

IV. Мағынаны тану: Құрманғазы Сағырбайұлы туралы мағлұмат

Тұлға туралы негізгі деректер

  • Құрманғазы Сағырбайұлы (1818–1889) — қазақтың ұлы күйші-композиторы, аспапты музыка өнерінің классигі.
  • Туған жері — Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысы, Жаңақала ауданына қарасты Жиделі.
  • Жерленген жері — Астрахань (Ресей) облысы, бұрынғы Шайтани батагасы, қазіргі «Құрманғазы төбе» аталған мекен.
  • Шыққан тегі — Кіші жүз, он екі ата Байұлынан тараған Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы.
  • Нағашы жұрты — Беріш руы. Беріштің ұранына айналған Ағатай батыр, сондай-ақ Өтеміс би, Махамбет ақын, Исатай батыр — ел тарихындағы айрықша тұлғалар.

Өнер мектебі және шығармашылық өрісі

Құрманғазы Соқыр Есжан сияқты дәулескер күйшілердің алдын көріп, Дәулеткереймен сырлас болған. Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң секілді күйшілердің өнерінен өнеге алған.

Замана зобалаңын бейнелейтін күйлер

«Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем».

Бұл күйлер — тағдырдың талқысын өнер арқылы сөйлеткен шежіре іспетті.

Өмірге іңкәрлік пен қуатты серпін

«Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш».

Бұл туындылардан тіршіліктің нұрлы сәтіне қуана білетін, шынайы сезімге бөленетін жүрек лүпілі сезіледі.

Мәтінмен жұмыс

  1. 1Оқулықтағы мәтінді мұғалімнің оқып беруі.
  2. 2Оқушылардың мәтінді тізбектей оқуы.
  3. 3«Кісен ашқан», «Балбырауын», «Ақжелең», «Түрмеден қашқан» күйлерінен үзінді тыңдау.

Дәптермен жұмыс

  • Құрманғазы күйлерінің атауларын жазу.
  • Қазіргі күйшілер: Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбеков.

Қосымша ақпарат

«Салық өлген» күйінің шығу тарихына қатысты әңгімені топтарға бөліп беру және талқылау.

V. Топтық мәтінмен жұмыс: «Салық өлген» күйінің шығу тарихы

Оқушылар мәтінді жұпта және топта оқып, мазмұнын талдайды. Әр топтан бір оқушы оқиғаны әңгімелеп береді. Мәтін төрт «аялдамаға» бөлінеді:

I топ

Құрманғазы түрмеде отырған кезінде ақ шашты, ақ сақалды қариямен танысады. Ол — Орда өңірінен келген жерлесі, домбырашы Салық екен. Салық күйге өте шебер болғанымен, өмірінің көп бөлігі түрмеде өткендіктен, күйлері кең таралмай қалған. Жасы үлкен Салық түрмеде дүниеден өтер алдында Құрманғазыға аманат айтады: «Балам, пәлен деген жерде кемпірім мен қызым бар. Соларға менің қайтыс болғанымды естіртерсің».

II топ

Құрманғазы бостандыққа шыққан соң, алдымен өз үйіне соқпай, Салықтың аманаты бойынша оның үйін іздеп табады. Үйде пеш түбінде ұршық иіріп отырған кемпірді көреді. Сусын ішіп, хәл сұрасып отырған кезде төрде ілулі тұрған домбыраға көзі түседі. Құрманғазы: «Әже, алыс жолдан келемін, домбыраңызды беріңізші, бір-екі күй тартайын», — дейді. Кемпір: «Бұл домбыра қызымдікі еді, бірақ сағыңды қайтармайын», — деп домбыраны береді. Сол жерде Құрманғазы «Салық өлген» күйін шығарып, тартып береді.

III топ

Кемпір алғашында күйдің астарын бірден аңғармайды. Сол сәтте сырттан қызы кіріп келеді де, ілулі тұрған домбыраға қарап: «Шеше, мына домбыраны кім тартты?» — деп сұрайды. Құрманғазы домбыраны қайта сұрап алып, күйді екінші рет бастайды. Орта тұсына келгенде қыз: «Шешетай, мына домбыра не дейді?» — деп анасын құшақтап, жылап жібереді. Құрманғазы күйді тоқтатып, екеуін жұбатады да, түрмедегі күндері мен Салық туралы айтып береді.

IV топ

Қыз Құрманғазыны жібермей, екі-үш күн қонақ қылады. Олар күй тартысып, Құрманғазы қандай күй тартса да, қыз қайталап беріп отырған деседі. Аңыз бойынша, Құрманғазы қызды жеңе алмай, домбыраны башпайымен тартқан екен. Қыз етігін шешуге ұялып, жеңілгенін мойындаған. Ол — Салықтың қызы Орынша. Орынша жастай дүниеден өтіп, артында «Байжұма» атты бір ғана күйі қалған дейді. Кей деректерде Құрманғазының Айжан қызбен тартысы айтылады, алайда шындығында ол Орынша болуы мүмкін. «Салық өлген» күйі өкінішке толы, мұңды, азалы күй ретінде жартылай тартылады деген де пікір бар.

Сергіту сәті

Жабырқауды білмейміз,
Жалқаулықты сүймейміз.
Еңбек етіп біз де-дағы,
Тұрғызамыз қаланы.

Біз — таланты жас ұлан,
Үлгі аламыз жақсыдан.

VI. Сабақты бекіту

Ой толғаныс: кестені толтыру

  1. 1. Құрманғазы Сағырбайұлы кім болған?
  2. 2. Құрманғазының қандай күйлерін білесің?
  3. 3. Құрманғазы күйлері арқылы нені суреттейді?
  4. 4. Қазіргі күйшілерден кімді білесің?
  5. 5. Қандай күйлерінде аттың шабысын, халықтың ерлігін бейнелейді?
  6. 6. Қандай күйлері адамның тіліне жақын, «сөйлеп тұрғандай» әсер береді?
  7. 7. Қандай күйлері туған жерге деген сағынышты елестетеді?

«Ақын орындығы»

Ұйқасқа сүйеніп, төрт жол өлең құрастыру:

................ домбыра.

................ сен ғана.

Құрманғазы атамнан,

................ сен ғана.

Жұмбақ

Билемейді, сөйлейді,
Күліп, айтады ән.
Керек десең, қайталайды қайтадан.

Жауабы: Домбыра

VII. Бағалау

Оқушылардың мәтінді түсінуі, талдауы, пікір айтуы, топтық жұмысқа қатысуы және тапсырмаларды орындауы бойынша бағаланады.

VIII. Үйге тапсырма

  • 132–133-беттерді оқу, мазмұндау.
  • Құрманғазы туралы өз ойыңнан төрт жол өлең құрастыру.