Конустың табан ауданын табыңдар

Сабақ туралы мәлімет

Мекенжай: Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Мерей ауылы

Мектеп: ЖОББ Шипов мектебі

Пән: Математика

Мұғалім: Тулембаева Ольга Буранбаевна

Сабақтың тақырыбы: Конус — айналу денесі

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыларға конус және оның элементтері туралы түсінік беру.

Дамытушылық

Конустың бүйір беті мен толық бетінің ауданын табуға арналған есептер шығарту арқылы шапшаңдық пен есептеу дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

Өз бетінше ойлау қабілетін жетілдіру. Конустың қолданылу орындары туралы мағлұмат бере отырып, әсемдікке, тазалыққа және табиғатты аялауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Сабақтың әдістері: сұрақ-жауап, есептер шығару

Пәнаралық байланыс: орыс тілі, әдебиет, тарих

Көрнекіліктер: интерактивті тақта, дербес компьютер

Сабақ жоспары

  1. 1 Үй жұмысын тексеру
  2. 2 Жаңа тақырыпты түсіндіру
  3. 3 Есептер шығару
  4. 4 Үй тапсырмасы

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Сынып оқушылары екі топқа бөлінеді.

Үй тапсырмасын сұрау және қорытындылау

10–12 минут

Үй тапсырмасы «Білім шыңы» ойыны арқылы тексеріледі. Оқушылар тапсырмаларды екі жақтан орындап, «білім шыңының» ең жоғарғы бөлігіне жетіп, туды тігуі керек. Қай топ бірінші болып туды тіксе, сол топ жеңіске жетеді.

Үйге берілген есептер электронды оқулық көмегімен тексеріледі: №1, №2.

Жаңа сабақты меңгерту

20–25 минут

Видео

«Ең үлкен сәукеле»

Сәукеле — ұзатылған қыз киетін аса қымбат, кәделі әрі әсем баскиім. Сәукеленің өн бойы бағалы матамен қапталып, сыртына алтын, күміс, інжу, маржан, меруерт, ақық сияқты асыл тастардан жасалған әшекейлер түрлі түсті қымбат жіптермен тігіледі.

Ғалым Ө. Жәнібек сәукеленің тігілуі туралы: археологтар сәукелеге ұқсас бас киімдерді ерте ортағасырлық мүрделерден де кездестіргенін, қалыңдықты жасандырғанда биіктігі шамамен 20–30 см келетін қаңқа ретінде сүйрік бөрік кигізіп, оның үстіне сәукелені қондыратынын айтады. Беташар кезінде сәукеле қалыңдықтың жүзін, тіпті бүкіл денесін жауып төгіліп тұрып, дене пішінін нәзік әрі сымбатты етіп көрсеткен.

Е. Жанпейісов сәукеле сөзінің төркініне тоқталып, қырғыз тіліндегі «шөкүлө» — «әшекейленген конус тәрізді қалыңдықтың үйлену бас киімі» деген мағына беретінін, ал атаудың өзі бас киімнің негізгі белгісі — конус пішіні мен салыстырмалы түрде ұзынша келуіне қатысты екенін көрсетеді.

Осыдан кейін оқушыларға: «Бүгінгі сабағымыздың тақырыбын кім атайды?» деген сұрақ қойылып, сабақ тақырыбы ашылады: Конус — айналу денесі.

Анықтама

Тікбұрышты үшбұрышты бір катеті төңірегінде айналдырғанда алынатын фигура конус деп аталады.

Конус элементтері

  • Табаны
  • Жасаушысы (L)
  • Биіктігі (h)

Конус түрлері

Табаны дөңгелек болып, биіктігінің табаны сол дөңгелектің центріне дәл түсетін конус тік дөңгелек конус деп аталады. Тік емес конустар мектеп курсында қарастырылмайды және олар айналу денесі болмайды.

Конустың қималары

1-сурет

Жазықтық конустың табанын хорда бойымен, ал бүйір бетін екі жасаушы бойымен қиып өтеді. Қима — тең бүйірлі үшбұрыш.

2-сурет

Жазықтық конустың осі арқылы өтсе, пайда болған қима осьтік қима деп аталады. Қима — үшбұрыш.

3-сурет

Конусты осіне перпендикуляр жазықтықпен қиюға болады. Бұл жағдайда қиюшы жазықтық табан жазықтығына параллель, ал қима — дөңгелек.

4-сурет

Конустың жасаушысы арқылы өтетін, конуспен ортақ нүктелері жоқ жазықтық жанама жазықтық деп аталады.

Көрнекі тәжірибе: оқушы сәбізді қию арқылы конус қималарын көрсетеді.

Негізгі формулалар

Конустың бүйір бетін бір жасаушысы бойымен тіліп, оның жазбасын алуға болады. Бүйір бетінің жазбасы — радиусы жасаушысына тең, ал доғасының ұзындығы табан шеңберінің ұзындығына тең сектор.

Бүйір бетінің ауданы

Sбүйір = πRL

Мұнда: R — радиус, L — жасаушы.

Табан ауданы

Sтабан = πR2

Толық бетінің ауданы

Sтолық = πRL + πR2 = πR(L + R)

Есептер шығару

№8

Конус табанының радиусы 4 см. Осьтік қимасы теңқабырғалы үшбұрыш. Осьтік қиманың ауданын табыңдар.

№9

Конустың биіктігі 8 м, табанының радиусы 6 м. Конустың жасаушысын табыңдар.

№10

Конустың жасаушысы 8 м және ол табан жазықтығымен 60° бұрыш жасайды. Конустың табан ауданын табыңдар.

№11

Жасаушысы 13 дм, ал табанының радиусы 5 дм болатын конустың биіктігін табыңдар.

№12

Конус табанының радиусы r, ал осьтік қимасы тікбұрышты үшбұрыш. Қиманың ауданын табыңдар.

№13

Конустың осьтік қимасы — қабырғасы 2r-ге тең дұрыс үшбұрыш. Араларындағы бұрышы 30°-қа тең екі жасаушы арқылы жүргізілген қиманың ауданын табыңдар.

Үй тапсырмасы

Электрондық оқулықпен жұмыс істеуді жалғастыру және тақырып бойынша қосымша есептер орындау (мұғалімнің нұсқауы бойынша).