Асыл қазына
Кіріспе сабақ: «Тіл тағдыры — ел тағдыры»
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: ана тілінің қадір-қасиетін тану, көркемдігін сезіну, сөз құдіретін түсіну, тілдің адам өміріндегі маңызын ұғыну.
- Дамытушылық: нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер арқылы дүниетанымды кеңейту, сатылай кешенді талдау технологиясымен ой-өрісті дамыту.
- Тәрбиелік: тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу, шешендікке баулу, ана тіліне сүйіспеншілік қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге үндеу.
Сабақ форматы
- Түрі
- Жаңа сабақ
- Әдісі
- Сұрақ-жауап, дәлелдеу, кеңейту, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер
- Көрнекілік
- Тіл туралы нақыл сөздер, презентация, ақпараттық технологиялар
Сабақ құрылымы
- I Ұйымдастыру кезеңі
- II Үй тапсырмасын тексеру
- III Үй тапсырмасын бекіту
- IV Жаңа сабақ
- V Қорытындылау
- VI Бағалау
- VII Үйге тапсырма
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу.
- Оқушыларды түгендеу.
- Сабаққа назар аударту.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Қазақ тілі туралы өлеңді» мәнерлеп, жатқа оқу.
III. Үй тапсырмасын бекіту
«Орамал тастамақ» ойыны: оқушылар бір-біріне тіл туралы мақал-мәтел айтып, орамалды лақтырады. Орамалды қағып алған оқушы мақал айтып, келесі оқушыға лақтырады.
IV. Жаңа сабақ
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді...»
1) Қызығушылықты ояту: логикалық сұрақтар
| Ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын белгілер қандай? | Елтаңба, Әнұран, тіл. |
| Ұлт болып қалыптасу үшін басты қажет құралдар қандай? | Тіл, дін, дәстүр. |
| Қазақ тілі қандай тіл? | Мемлекеттік тіл. |
| «Мемлекеттік тіл туралы» заң қашан қабылданды? | 1989 жылы 22 қыркүйек. |
| Заң қайта қаралып, қашан қабылданды? | 1997 жылы 11 шілде. |
2) Ой шақыру
«Тіл» сөзін естігенде ойыңа не келеді?
3) Мұғалімнің кіріспе сөзі
Әр халықтың тілі — өзіне тән қымбат та қимас қазына. Сол сияқты біздің ана тіліміз де — алтындай асылымыз, мөлдір маржанымыз, ғажап гауһарымыз. Өткен ғасырда өмір сүрген француз ғалымы А. Жорри де Манси қазақ тілін түркі тілдерінің ішіндегі ең таза тілдердің бірі деп бағалаған.
4) Мәтінмен жұмыс: «Асыл қазына»
Оқу • ТалқылауӨте ертеде бір дана қария өмір сүріпті. Ол дүниеден озар алдында қасына ұлын шақырып алып: «Балам, менің бұл дүниемен қоштасар күнім жақын. Саған қалдырып бара жатқан бір асыл қазынам бар. Сен соны іздеп тап, ұқыпты пайдалан», — депті.
Күндердің күнінде бала әкесі қалдырған қазынаны іздеймін деп әбден шаршайды. Бірақ қазына табылмайды. Амалы таусылған бала ел ішіндегі көпті көрген бір қариядан ақыл сұрайды.
Сонда ақылгөй қария: «Әкеңнің сөзі рас, балам. Оның саған қалдырған мұрасы — тіл. Әкең сөзге шешен еді. Бәріміз де сөз асылын сол кісіден үйрендік. Тілден қымбат қазына жоқ», — деп, аталы сөздің шешуін айтып беріпті.
Жұмыс түрлері
- Мәтінді мәнерлеп оқу.
- Оқушыларға кезекпен оқыту.
- Мәтін бойынша пікірлесім.
Талқылау сұрақтары
Философиялық
Тілді неліктен мұра етіп қалдырған?
Тіл — халықтың ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетін, әдебиетін, ұлттық дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін алтын көпір. Өнер-білім, мәдениет, ғылым, тарих — бәрі тіл арқылы тарайды.
Мәселелік
- «Тілден қымбат қазына жоқ» деген пікірмен келісесің бе?
- Ана тілі неліктен «қымбат қазынаға» теңеледі?
Жеңіл
- Қазақ тілі қай тілдер тобына жатады?
- Тілді үйрену не үшін керек?
- Досың қазақша сөйлей ме?
- Үйде ата-анаңмен қай тілде сөйлесесің?
- Полиглот деген кім?
5) «Үш тұғырлы тіл» идеясы
Елбасы Н. Ә. Назарбаев 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасын кезең-кезеңімен іске асыруды ұсынды. Бұл идея Қазақстанды үш тілді қатар меңгерген, жоғары білімді мемлекет ретінде танытуды көздейді: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қарым-қатынас тілі, ағылшын тілі — жаһандық экономикаға кірігу тілі.
Қарапайым формула: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз, ағылшын тілін үйренеміз.
6) «Тұғыр» сөзінің мәні
Тұғыр — орныққан негіз, тірек (мысалы, «тұғырына тігілді»). Үш тұғырлы тіл құрамына: қазақ, орыс, ағылшын тілдері кіреді.
7) Фразеологизмдер: мағынасын ашу және үш тілде айту
| Фразеологизм | Қазақша мағынасы | Орысша | Ағылшынша |
|---|---|---|---|
| Көзді ашып жұмғанша | тез | быстро | quickly |
| Төбе шашы тік тұру | қорқу | бояться | be afraid |
| Төбесі көкке жету | қуану | радоваться | rejoice |
| Қайран қалу | таңдану | удивляться | wonder |
| Қой аузынан шөп алмас | момын | скромный | modest |
| Жақсылығың алдыңнан шықсын | тілек | пожелание | wish |
| Қара қылды қақ жару | әділ (өте әділ болу) | справедливый | fair |
8) Тапсырма
Сатылай кешенді талдау технологиясы бойынша «қазына» сөзіндегі дыбыстарға математикалық тәсілмен дыбыстық талдау жасау.
9) Ғалым пікірі
Татар ғалымы А. Саади қазақ тілі туралы: «Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған тіл болса, ол — қазақ тілі және қазақ әдебиеті», — деп атап көрсеткен.
10) Пікірлесім
Оқушылардан қазіргі таңда қазақ тілінің мәртебесі мен қолданылу аясы туралы ой-пікірлерін сұрау.
V. Сабақты қорытындылау
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді...»
Пікірталас сұрақтары
- Қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық деңгейде ме?
- Осы бағытта менің қосар үлесім қандай?
Толғаныс: «Бүгінгі сабақтан не түйдім?»
VI. Оқушылардың білімін бағалау
Сабақ барысындағы жауаптар мен тапсырма орындалуына қарай бағалау.
VII. Үйге тапсырма
«Асыл қазына» мәтіні негізінде қысқаша мазмұндама жазу.