Бақ дарысын бәріңе
Сценарий
«Күлімде, Наурыз, күлімде!»
Қазақ халқының ұлы мерекесі — Наурыз мейрамына да аз күн қалды. Назарларыңызға мектепалды даярлық топтары үшін 22 наурызға арналған «Күлімде, Наурыз, күлімде!» атты ойын-сауық шарасының сценарийін ұсынамыз.
Сахналық мәтін
Төменде жүргізуші, кейіпкерлер және оқушылардың репликалары ретімен берілген.
Кіріспе
Жүргізуші:
Құрметті ата-аналар, қонақтар, балалар! Наурыз мейрамы құтты болсын! Сіздерге денсаулық, бақыт тілейміз, ақ мол болсын! Ендеше бүгінгі Наурыз мерекесіне арналған «Күлімде, Наурыз, күлімде!» атты ойын-сауық шарамызды бастайық!
Жүргізуші (өлең жолдары):
Той дабылын қағып тұрған,
Мұнда біз бар — тыңдаңыздар.
Наурыз тойы басталды,
Бір орында тұрмаңыздар!
Уа, жараңдар, жараңдар,
Көңілің бар — алаңдар.
Ата менен анаң бар,
Наурыз тойы басталды —
Бәрің бері қараңдар!
Ескерту:
Ата-аналар мен қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтау сөзі мектепалды даярлық тобының тәрбиешісіне беріледі: __________________
Ақ бата
Жүргізуші:
Ұлы халқым есептескен,
Ата салтын ешкім теппеген, аттап кетпеген.
Мың пәледен құтқарады бір бата,
Адам болмас бата естіп өспеген.
Ұлы күнде, халайық,
Қалай қарап қалайық?
Сәйгүліктей ағайық,
Жасын болып жанайық!
Ортамызға атамызды шақырып,
Ақ батасын алайық!
Ескерту:
Ортаға бата беру үшін Дархан әкені шақырамыз.
Бата:
Ұлыс бақты болсын,
Әр күніміз жақсы болсын!
Достығымыз берік болсын,
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Қайда барсаң, жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Пәле-жала жерге енсін!
Қайғы-уайым жоқ болсын!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Оқушылардың құттықтауы
1-оқушы:
Наурызым — салтым, жоғалып қайта табылған,
Шырағым болып алдымнан бүгін жағылған.
Бабамның үні ақ бата беріп жеткізген,
Әр қадамыңнан жаныма мейірім табылған.
2-оқушы:
Қыс өтіп, қар еріп,
Құлпыра көктем жетіп.
Шаруаның кенелген
Мейрамы ежелден.
Құтты болсын, бұл Наурыз!
Күн-Ана және Наурыз-көктем көрінісі
Жүргізуші:
Армысыз, әлемнің алтын шырағы — Күн-Ана! Қош келдіңіз! Төрге шығыңыз.
Күн-Ана:
О, қасиетті Жер-Ана! Адамзат үшін саған басымды иемін. Мен сенің табиғат байлығыңа енетін тау-тасыңнан, жан-жануарыңнан бастап адамдарыңа дейін қуаныш-нұрын сеуіп, әр жүрекке шаттық сыйлау үшін өзімнің гүл көктемімді, ару көктемімді шақырғалы тұрмын.
Жүргізуші:
Бүгін — ұлыстың ұлы күні! Ата-бабаларымыздың сөзімен айтсақ, ақ түйенің қарны жарылған күн — Наурыз. Салтанатты Наурызды ортаға шақырайық!
Шашу, шашу! — Жадыра ана.
Наурыз келсе, құт келгені, халайық!
Есік ашып, шашу шашып,
Ел болып қарсы алайық!
Күн-Ана:
Зарыға күткен Жаңа жылым да келді-ау!
Жаңа жылым жарылқа, ескі жылым, есірке!
Ұрпағымды аман ет!
Жамандық, әрі кет, әрі кет!
(алыстайды)
Ару көктемім, келе ғой!
Наурыз — көктем:
Сәлем, анам — алтын күн!
Нұр шуағы халқымның!
Ашық болсын аспаның,
Аман болсын жас нәрің!
О, халайық! Жараңдар! Қане, бері қараңдар!
Мешін жылы баршаңды кенелтсін зор бақытқа,
Білмеңдер бір шаршауды, бөлеңіздер шаттыққа!
Ән:
«Наурыз — біздің жаңа жыл»
Дәстүр көріністері және өнер
Көрініс:
«Бесікке салу»
3-оқушы:
Көктем тойы — әніміз,
Көркем өнер — сәніміз.
Өлең-әнмен той сәнін
Өрнектейміз бәріміз.
Жарқыраған жас нұрлы,
Жаса, Наурыз, дәстүрлі!
Наурыз — көктем:
Жайнатамын бар гүлді,
Сайратамын бұлбұлды —
Төгілтіп ән-жырымды
Мейрам етем бұл күнді!
Би:
«Гүлдер»
4-оқушы:
Наурызда күлімдеп,
Күн нұры төгілді.
Өзгеше бүгін леп,
Желпінер көңілді.
5-оқушы:
Наурызды халқымыз
Жыл басы санайды.
Көнермес салтымыз
Көктемдей арайлы.
Көрініс:
«Тұсау кесер»
6-оқушы:
Әнім де саған, білім де,
Құт қонақ өзің — үйімде.
Қуаныш сыйлап еліме,
Күлімде, Наурыз, күлімде!
Наурыз жылы — мешін жылы,
Құтты болсын, халайық!
Ұлыстың ұлы күні —
Шырқап әнге салайық!
Ән:
«Бақытты балалық шақ»
7-оқушы:
Наурыз — гүл көктем,
Сәнді еді арайлы.
Күлімдеп күн көктем,
Нұр шашып қарайды.
Бусанып жерім бай,
Төсінде қалқып ән.
Наурыз — көңілді ән,
Шаттығы шалқыған.
Жүргізуші:
Халқының әдеп-салтына
Ойлана қарап түйін түй.
Шаттығын сыйлап жалпыға,
Жалғаса берсін ән-күй, би!
Би:
«Жорға»
8-оқушы:
Өніп еккен дәніміз,
Бүршік жарды бағымыз.
Сәскеде — жаз,
Түнде — қыс
Секілді екен Наурыз.
Төлдеп жатыр малымыз,
Қазан толы сары уыз.
9-оқушы:
Наурыз тойын әдемі
Әжем еске түсірді.
Біздерге арнап әдейі
Наурыз көже пісірді.
Ашылды да кебеже,
Дәм әзірлеу басталды.
Әжем Наурыз көжеге
Жеті түрлі ас салды.
(ортаға әже шығып, Наурыз көже әкеледі)
Наурыз көже
Әже:
Ашық болсын қас-қабақ,
Таспен атқанды — аспен ат.
Бейтаныс та, таныс та —
Бүгін төрде бас қонақ.
Арпа, бидай, тары бар,
Қатық, малта тағы бар.
Ішілетін, жейтінің —
Бұл көжеде бәрі бар.
10-оқушы:
Күн мен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді.
Соны тойлар ел енді —
Наурыз тойы салтымыз.
Көгерсін деп халқымыз,
Көшеге тал егеді.
Әже:
Ау, аталар, аналар!
Айналайын, балалар!
Жеп-ішсін деп тамсанып,
Жеті түрлі дәм салып,
Наурыз көже пісірдім.
Құйдым алтын табаққа —
Құлшыныңдар тамаққа!
Бұл көжеден татыңдар,
Бар қызыққа батыңдар!
11-оқушы:
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар.
Ән:
«Біз — өмірдің гүліміз»
Қорытынды
Жүргізуші:
Ән қосылсын сәніңе!
Ырысты бол жаңа жыл!
Бақ дарысын бәріңе!
Ой қосылып ойыңа,
Бас қосылып бойыңа —
Аман-есен жетейік
Келер Наурыз тойына.
Келесі Наурыз тойында кездескенше, сау болыңыздар!
Ұсыныс: мәтіндегі жыл атауын (мысалы, «мешін жылы») ағымдағы жылға бейімдеп жаңартуға болады.