Ауада жазу
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті
«Д» дыбысы мен әрпі
Негізгі идея
Оқушыларды «Д» дыбысы мен әрпімен таныстырып, дыбысты дұрыс айту, сөз ішінде орнын анықтау, буындап оқу және жазуға қолды жаттықтыру дағдыларын қалыптастыру.
Тәрбиелік бағыты
Зеректікке, ұқыптылыққа, адалдыққа баулу; сабаққа қызығушылық пен жауапкершілікті күшейту.
Сабақтың мақсаттары
1) Танымдық мақсат
- «Д» дыбысы және әрпімен таныстыру.
- Артикуляцияны дұрыс қолдануға, «д» дыбысын анық әрі дұрыс айтуға үйрету.
- Жаңа дыбыстың сөз ішіндегі орнын анықтау.
2) Дамытушылық мақсат
- Дыбысты дыбысқа қосып, буынды буынға қосып, сөз құрау дағдыларын қалыптастыру.
- Тілін, ойлау қабілетін дамыту, оқу әрекетіне ынта-ықыласын арттыру.
- Жазуға қолын жаттықтыру.
3) Тәрбиелік мақсат
- Зеректікке, ұқыптылыққа, адалдыққа баулу.
Әдістер мен көрнекіліктер
Сабақ әдістері
- Сұрақ-жауап
- Әңгімелеу
- Жинақтау
- Ауызша және жазбаша жұмыс
Көрнекіліктер
- Интербелсенді тақта
- Слайдтар
- Электрондық оқулық
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі (психологиялық сәт)
Өлең жолдары
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Білімге ерекше мән беретін еліміздің басшысы да сендердің күн сайын сабақтан қалмай, сапалы әрі саналы білім алып, болашақта еліміздің туын биікке көтеретін ұрпақ болатыныңа сенім артады.
Сұрақ: Осы сенімді ақтау үшін біз не істеуіміз керек?
II. Ой қозғау (сұрақ-жауап)
- Қазір бізде қандай сабақ?
- Сауат ашу сабағында нені оқып-үйренеміз?
- Оқуды және жазуды үйрену үшін біз не білуіміз керек?
- Әріп дегеніміз не?
- Дыбыс дегеніміз не?
III. Өткен сабақты пысықтау
Тапсырма: «Сөз ойла, тез ойла» — әр дыбысқа екі сөзден үш тілде айту (слайд арқылы).
Сонымен қатар өткен сабақта қазақтың ұлттық аспаптарының бірі — қобызбен таныстық. Қобыздан бөлек ұлттық аспаптар көп. Енді жақсы бір әуен тыңдаймыз: С. Тұрысбеков — «Дарабоз» күйі.
IV. Жаңа сабақ
Күй тыңдау және талқылау
Бұл әуен қандай аспаппен орындалған?
Домбыра туралы не білеміз? (Балалардың жауабы тыңдалады, тәрбиеші толықтырады.)
Домбыра — қазақ халқының ең көп тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Домбырамен күй тартады; жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылады.
Дыбыстық талдау: «домбыра»
- Сөзді буынға бөлу.
- Қанша дауысты және қанша дауыссыз дыбыс барын анықтау.
- Сөздің басында естілетін дыбысты табу: д-д-д (қайталау).
Тақырып
Бүгінгі тақырып: «Д» дыбысы мен әрпі.
«Д» дыбысының таңбасымен танысамыз және оның баспа түрін қараймыз (слайд).
Сөздік қорды кеңейту
«Д» дыбысы бар қандай сөздерді білесіңдер?
Жаңа сөздер: долана, дуадақ, дауыл, дауылпаз.
«Кім жылдам?» тапсырмасы
Дәптер, доп, дос сөздері туралы не білетініңді айт (мағынасы, дыбыстық құрамы, буынға бөлу).
Электрондық оқулықпен жұмыс: сөздерге сөйлем құрату.
Дәптермен жұмыс
- Сөздерді буынға бөлу.
- Буындарды оқу (слайд арқылы).
V. Сөздік жұмысы
Дара
Жеке, жалғыз деген мағына береді.
Доға
Қисық сызық бойындағы кез келген екі нүктенің арасындағы бөлік. Шеңбер бойындағы екі нүкте оны екі доғаға бөледі.
Дана
Білімі мен тәжірибесі мол, рухани әлемі бай, ой-сезімі сергек тұлға. Дәстүрлі қазақ ұғымында — ақылды, парасатты, рақымды адам.
Дода
Жарыс, байқау, сайыс деген мағына береді.
VI. Сергіту сәті
Музыка ырғағымен қысқа сергіту жаттығулары орындалады.
Жазуға дайындық
- «Д» әрпінің жазба үлгісін көрсету, бас және кіші әріп элементтерімен таныстыру.
- Әріпті ауада жазу.
- Дәптердегі үлгі бойынша жазу.
«Буынға буын қос»
Дәп — Да — До — Да — … (буындарға буын қосып жалғастыру)
VII. Жаңа сабақты бекіту
Жаңылтпаш
«Доп теп, дөп теп»
VIII–IX. Қорытынды және мадақтау
Қорытынды сұрақтар: Бүгін қандай жаңа білім алдыңдар? Қандай қызықты мағлұмат білдіңдер?
Сабақ соңында оқушылардың белсенділігі мен еңбегі бағаланып, ынталандыру мақсатында мадақтау жүргізіледі.