Абайдың табиғат лирикасындағы физикалық құбылыстар

Сабақтың тақырыбы

Абайдың табиғат лирикасындағы физикалық құбылыстар.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың табиғат лирикасына әдеби талдау жасау, өлеңдердегі табиғат құбылыстарын физика тұрғысынан түсіндіру және мәтін талдау дағдыларын жетілдіру.

Тәрбиелік

Оқушыларға эстетикалық, этнопедагогикалық және экологиялық тәрбие беру; поэзия, саз өнері мен бейнелеу өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.

Дамытушылық

Шығармашылық жұмыс жасауға ықпал ету, ойлау мен сөйлеу мәдениетін дамыту, таным көкжиегін кеңейту.

Сабақ құрылымы

Сабақтың түрі
Кіріктірілген (әдебиет және физика) қайталау–толықтыру сабағы.
Сабақтың әдісі
Топтық оқыту.
Көрнекіліктер
Слайдтар, Абай портреті, жыл мезгілдерінің суреттері.

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылардың сабаққа қатысуын белгілеу.
  • Сабаққа даярлығын тексеру.

Әдебиет пәні мұғалімінің кіріспе сөзі

Абай мұрасы — қазақ халқының ең қастерлі қазынасы. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың: «Абай өзінің халқымен мәңгі бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елін жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деген ойы ақын мұрасының мәңгілік құндылығын айқындайды.

Ұлы ақын өз халқын өркендеген, еркін, білімді ел ретінде көруді армандады. Бүгін біз сол арманға бастайтын өзгерістердің куәсіміз. Осы сабақта Абайтануға арналған кіріктірілген үлгіні ұсынамыз: әдеби талдауды табиғат құбылыстарын физика заңдылықтарымен ұштастыра қарастырамыз.

Бүгін біз Абайдың қазақ әдебиетіне әкелген ірі жаңалықтарының бірі — табиғат лирикасымен танысамыз. Абай жыл мезгілдерінің әрқайсысын даралап, табиғат құбылыстарын көркем тілмен дәл әрі шебер бейнеледі.

I. Қызығушылықты ояту (ой шақыру)

Абайдың табиғат тақырыбына жазған қандай өлеңдерін білесіңдер?

Жазғытұрым Жаз Күз Қыс Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай Желсіз түнде жарық ай Қараңғы түнде тау қалғып Қан сонарда бүркітші шығады аңға Көлеңке басын ұзартып

II. «Оқыған білер әр сөзді!» (топтық жұмыс)

1-топ: «Күз»

Әдеби талдау
  • Өлеңді мәнерлеп оқу.
  • Түсініксіз сөздерді теріп жазу.
  • Өлең мазмұны бойынша кластер құрастыру.

2-топ: «Қыс»

Әдеби талдау
  • Өлеңді мәнерлеп оқу.
  • Түсініксіз сөздерді теріп жазу.
  • Өлең мазмұны бойынша кластер құрастыру.

III. «Мақсатым — тіл ұстарып, өнер шашпақ» (талдау сұрақтары)

«Күз» өлеңі бойынша

  1. Өлең не туралы? Ақын қандай ой айтады?
  2. Өлең қандай көңіл күймен жазылған деп ойлайсың? (Соңғы шумаққа назар аудар.)
  3. Күз көрінісін айқындайтын бейнелі сөздерді тап. Күз суретін беретін сөздерді ірікте.
  4. Күз көрінісімен бірге кімдер бейнеленген? Олардың іс-әрекетіне назар аудар.
  5. Өлең саған қалай әсер етті? Қандай сезімде болдың?
  6. Ақынның көңіл күйі туралы не айтар едің?
  7. Күз суреті қай шумақтарда айқын берілген?
  8. Өлеңде тек күз ғана суреттеле ме?
  9. Адам мен жан-жануарлардың тірлігі қай шумақтарда көрінеді?
  10. Ақынның негізгі ойы қай шумақтарда ашылады?

«Қыс» өлеңі бойынша

  1. Өлең не туралы? Ақын қандай ой айтады?
  2. Қыс көрінісін айқындайтын бейнелі сөздерді тап. Қыс суретін беретін сөздерді ірікте.
  3. Ақын «қысты» қандай бейнеде суреттейді? Оның іс-әрекетін теріп оқы.
  4. Тағы кімдер қандай іс-әрекетпен көрсетілген? (Мысал келтір.)
  5. Қыс келбетін суреттеу үшін қандай теңеулер қолданылған?
  6. Ақын тағы қандай көркемдегіш құралдарды пайдаланған?
  7. Адам мен жан-жануарлар туралы жолдар қай шумақтарда беріледі?
  8. Ақынның негізгі ойы қай шумақтарда ашылады?

IV. «Табиғат әлемінде» (әдебиет пен физиканы кіріктіру)

Әр топ берілген өлеңдерден табиғат құбылыстарын тауып, астын сызады. Осы бөлімде физика пәнінің мұғалімі Осипова Ақбаян Айдарханқызына сөз беріледі: өлеңдегі құбылыстарды физикалық тұрғыдан түсіндіру.

Негізгі идея: көркем бейне мен ғылыми түсінік бірін-бірі толықтырады — табиғаттың поэтикалық суреті нақты заңдылықтармен тереңдейді.

V. «Ойлы болсаң, тауып көр» (жұмбақтар)

Таңертең бар, кешке жоқ.
Мен әдемі моншақпын.
Ірі емеспін, ұсақпын.
Мойнына ешкім таға алмас,
Мендей мөлдір таба алмас.

Жауабы: шық

Етек-жеңі жиналмай,
Дауыл тұрса, дым қалмай.
Түйдектеліп көшеді,
Тоз-тоз болып өшеді.

Жауабы: бұлт

Түсі бар — көрінбейтін,
Біртұтас — білінбейтін.
Тынысы бар тіршіліктің,
Ешқашан жерімейтін.

Жауабы: ауа

Мүлгіп тұрған бақ тыныш,
Ораныпты ақ күміс.

Жауабы: қырау

VI. «Көңілім әнді ұғады» (музыкалық сәт)

Мұқашева Орынбасардың орындауында «Желсіз түнде жарық ай» әнін тыңдау.