Қалғу - менің тұлпары, ұйқы менің желмаям

Б. Момышұлы — дана да дара тұлға

Елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей, асылдық пен жасындықтың үлгісіндей аты аңызға айналған баһадүр батыр — Бауыржан Момышұлы. Оның өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі — біле білген жанға ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі.

Батыр Бауыржан Момышұлы — алмас қылыштай өткір де қайсар, дана да данышпан, шешен әрі ақын. Ол сөз қадірін өз қадірімен тең көріп, «өз қадірі — ел қадірі» деп бағалаған айбынды азамат. Дара тұлғаның ғибратқа толы ғұмыры, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі мен терең мағыналы ойлары көптің көкейінде.

Ой мен уақыт туралы толғаныс

«Қарттықтың екі елі ажырамайтын бір тірлігі — ой… Ой үстінде қалғып-мүлгу. Қалғу — менің тұлпарым, ұйқы — менің желмаям. Көзім ілініп кетсе, жаһан кезіп серуендеп, шаршағанымды оянғанда бір-ақ сезем. Алайда қайда қашып құтыласың… Тәтті дәмің таусылмай, көз жұмбайсың. Бірақ көп жасап, қатарымнан айрылып, жетім болғым келмейді. Өзімнен кішілерге топырақ салғыза көрме, тағдырым…»

Қайсарлық пен мейірімнің өлшемі

«Әдіссіздік — әлсіздік, ептілік те — ерлік.

Маған деген атақты міндет етсең, өзің ал.

Әділдікке бас ұрып, у берсең де маған — бал.

Қатал болар мезгілде, шатырлаған жайдай бол,

Мейірім түсер мезгілде, ағарып атқан таңдай бол.»

— З. Ахметова

Б. Момышұлы — адамгершіліктің, азаматтықтың, патриоттықтың, имандылықтың символы іспетті көркем бейне. Батыр атамыздың ойшылдығы, отаншылдығы, ұлтжандылығы, қаһармандығы, дарындылығы және жоғары адамгершілік қасиеттері — оны ел жадында айрықша тұлға ретінде орнықтырды.

Баукең — өз халқының ғана емес, әлем жұртына ортақ перзент дәрежесіне дейін көтерілген азамат.