Балаңызға этикет ережелерін үйреткен абзалҚазіргі күні баламызға гаджетті, жаңа техниканы үйретудің қажеті жоқ, өздері біліп туады деп мақтанамыз
Балаңызға этикет ережелерін үйреткен абзал
Қазіргі күні баламызға гаджетті, жаңа техниканы үйретудің қажеті жоқ: көп нәрсені өздері-ақ меңгеріп өседі деп мақтанамыз. Ал этикетті ше? Шынымен біле ме? Сенімдісіз бе?
Этикет — баланың тек «тәрбиелі» көрінуі емес. Бұл — адамдармен қарым-қатынаста өзін еркін, сыпайы және сенімді ұстауына көмектесетін күнделікті дағды.
1) Сәлемдесу мәдениеті
Таныстарыңызды, әріптестеріңізді немесе жора-жолдастарыңызды балаңызбен бірге кездестіріп қалғанда: «Амандас, сәлем бер» деп түртпектейсіз бе? Әлде балаңыз өзі бірден қол алысып, хал сұрай ма?
Үйретуге болатын қарапайым тіркестер:
- «Қайырлы таң!»
- «Қайырлы күн!»
- «Сау болыңыз!»
- «Көріскенше!»
Мультфильмдер мен сериалдардағы кейіпкерлер мұны үнемі айта бермеуі мүмкін, сондықтан бұл дағдыны отбасы ішінде қалыптастырған дұрыс.
2) Ілтипатты қабылдау және білдіру
Әдемі киімімізге немесе ажарлы өңімізге айтылған комплиментке жымиып, «рақмет» дей салуды ересектер біледі. Ал балаға біреу мейірленіп, жылы сөз айтса, ол қысылып, төмен қарап, не айтарын білмей қалуы мүмкін.
Балаңызға ілтипатты қабылдауды да, өзі жылы сөз айта білуді де үйретіңіз: «Рақмет!», «Сізге де рақмет!», «Өте қуанып қалдым» сияқты қарапайым жауаптар жеткілікті.
3) Әңгімені жалғастыра білу
Кей балалар ересектермен сөйлескенді ұнатады, ал кейбірі «Қалың қалай?» деген сұраққа «Жақсы» деп қысқа қайырып, әңгімені сол жерде тоқтатады.
Балаларыңызбен жиі сөйлесіңіз: рөлдік ойын ойнап, үлкендерше сұхбат құрыңыз. «Бүгін не қызық болды?», «Мектепте кіммен сөйлестің?», «Қандай жоспар бар?» сияқты сұрақтар әңгімені өрбітуге көмектеседі.
4) Кезек күтуді және қоғамдық жерде өзін ұстауды үйрету
Кезекте тұрғанда алға ұмтылып, жұртты «киіп-жарып» өте шығатын балаларды жиі көресіз. Көп жағдайда адамдар «ата-анасы да сондай шығар» деп ойлайды. Бірақ кейде ондай баланың ата-анасы өте биязы болуы да мүмкін — демек, балаға бұл ереже нақты әрі тұрақты түрде үйретілмеген.
Маңызды дағдылар:
- Кезек күтуді үйрену.
- Қоғамдық көлікте үлкен кісіге орын беру.
- Кезекте қандай адамдарды (жағдайға қарай) алдымен өткізуге болатынын түсіндіру.
5) Телефонға сыпайы жауап беру
Балалар телефонның сіз білмейтін функцияларын да тез меңгереді: бұғаттан шығарады, камерамен түсіреді, әлеуметтік желіге кіріп кетуі мүмкін. Бірақ біреу қоңырау шалғанда сыпайы жауап бере ала ма?
Үлгі жауаптар:
- «Сәлеметсіз бе! Менің есімім …»
- «Қазір, күте тұрыңыз, анам (әкем) жауап береді»
Әдеттегі «А?! Кім бұл?!» сияқты жауаптардың орнына мәдениетті сөйлеуді алдын ала жаттықтырған пайдалы.
6) «Сиқырлы сөздер»: өтіну, рақмет айту, жауап қату
Қатарлас екі бала бір-бірінің ойыншығын қалай сұрайды, қалай алады? «Сиқырлы сөздердің» қадірі жоғалған жоқ.
Жиі қолданылатын сөздер:
Бұл сөздердің қай жағдайда айтылатынын түсіндіріп қана қоймай, өзіңіз де күнделікті өмірде жиі қолданыңыз. Сыйлық алған баланы көптің көзінше «рақмет айт» деп түртпектеу — балаға да, ата-анаға да ыңғайсыз жағдай тудырады; оны алдын ала үйреткен дұрыс.
7) Дастархан басындағы әдеп
Үйде болсын, мейрамханада болсын, қонақта болсын — дастархан басында отырудың өз этикеті бар. Қасық ұстау, ас ішу, құралдарды дұрыс қолдану, үстелде өзін мәдениетті ұстау сияқты дағдыларды балабақша да, мектеп те толық үйретіп бермейді. Бұл — ата-ананың күнделікті үлгісі мен үйретуі арқылы қалыптасатын тәрбие.
Егер балаңыз осы қарапайым этикет ережелерін білсе — құттықтаймыз. Сіз тәрбиелі баланың ата-анасыз.
Дереккөзі: arular