Оқушылармен ауызекі сөйлесу
Қазақ тілі · 3-сынып
Сабақтың тақырыбы: «Менің мектебім». Тәуелдік жалғау
Бұл сабақ жоспары мектеп тақырыбы арқылы оқушылардың сөздік қорын байытып, тәуелдік жалғауды дұрыс қолдану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Сабақ құрылымы ойын, топтық жұмыс және ауызекі сөйлеуді дамытуға арналған тапсырмалармен толықтырылған.
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
- Оқушыларға мектеп туралы мәлімет беру.
- Тақырып бойынша білімдерін жүйелеу, пысықтау және тиянақтау.
- Грамматикалық ұғымдарды сауатты әрі дұрыс қолдану дағдыларын қалыптастыру.
- Пәнге қызығушылықты арттыру.
2) Дамытушылық
- Ойлау, есте сақтау және көру қабілеттерін дамыту.
- Ой түйіндеуге және шығармашылықпен жұмыс істеуге жұмылдыру.
- Мәтінді қазақ тілінде әңгімелеуге, ауызекі сөйлеуге дағдыландыру.
- Ой-өрісін кеңейту.
3) Тәрбиелік
- Өз мектебіне және ұстазына деген сүйіспеншілігін арттыру.
- Салауаттылыққа тәрбиелеу.
- Бір-бірін сыйлауға және құрметтеуге баулу.
Сабақтың сипаттамасы
Түрі мен типі
- Түрі:
- аралас сабақ.
- Типі:
- жаңа білімді меңгерту және тақырып бойынша өтілген материалды жүйелеу.
Әдісі мен көрнекілігі
- Ойын технологиялары арқылы оқыта-үйрету әдісі.
- Метапәндік әдіс, сұрақ-жауап, өзіндік ізденіс.
- Интерактивті тақта, суреттер, лексикалық және грамматикалық тапсырмалар.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
- Ауызекі сөйлесу арқылы байланыс орнату.
- Психологиялық дайындық: ойларын бір ортаға топтастыру үшін бағыттаушы сұрақтар қою.
II. Жаңа сабаққа дайындық (ой-қозғау)
Интерактивті тақтадан бейнематериал көрсетіледі. Оқушылар бейнематериалды көргеннен кейін сабақтың тақырыбын өздері анықтайды.
Анықталған тақырып бойынша екі топқа сабақтың мақсатын айқындау ұсынылады.
Ассоциация: «мектеп» сөзіне қатысты ойларын, сөздерін жазу.
III. Жаңа сабақ
Сөздікпен жұмыс
- білім
- знание
- оқулық
- учебник
- сыныптас
- одноклассник
Тәуелдік жалғау (жекеше түрі)
I жақ
Менің ... -ым, -ім, -м
II жақ
Сенің ... -ың, -ің, -ң
Сіздің ... -ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз
III жақ
Оның ... -ы, -і, -сы, -сі
Топтық жұмыс · 1-тапсырма
«Ымды білмеген — дымды білмейді» ойыны: оқушылар бір-біріне мектеп туралы ым-ишара көрсетеді, қалғандары оның мағынасын табады. Бұл тапсырма қиялды оятып, ойлауды дамытуға және сөз тіркестерін дұрыс құрауға көмектеседі.
2-тапсырма
Тәуелдік жалғауларын дұрыс жалғаңдар:
I жақ
Менің сыныптас...
Менің оқулық...
II жақ
Сенің ...
Сіздің ...
III жақ
Оның ...
3-тапсырма
Суреттер бойынша сөйлемдер және сұрақтар құрастырыңдар. Бұл тапсырма оқушыларды ауызекі сөйлеуге, сұрақ қоя білуге және сұрақтарға толық жауап беруге үйретеді. Қонақтың сұрақтарына жауап беру арқылы оқушылар өз білімін өмірде қолдана алатынына сенімді бола түседі.
Бұл тапсырма ойлау мен қиялдау қабілеттерін де күшейтеді.
Сергіту сәті
Қолды белге қояйық,
Басты оңға бұрайық,
Басты солға бұрайық,
Бір отырып, бір тұрып,
Бір демалып алайық.
Қорытынды бөлім
- Сабақты қорытындылау.
- Үй тапсырмасын сұрау және кері байланыс беру.
Мектеп туралы қызықты деректер
- Әлем мектептерінде қолданылатын көбейту кестесін алғаш Қытайда ойлап тапқан.
- Мектеп формасы ең бірінші Ұлыбританияда пайда болған.
- Әлемдегі ең ұзақ сабақ 2003 жылы өткен: биология мұғалімі 54 сағат бойы сабақ жүргізген.
- Ең бірінші қазақ мектебін 1864 жылы ағартушы-педагог, жазушы Ыбырай Алтынсарин ашқан.
- Беверли қаласының тұрғыны Фред Батлер 106 жасында мектеп бітіріп, диплом алған.
- Ең үлкен мектеп Үндістанда орналасқан: 45 000 оқушы, 2 500 мұғалім және 1 000 сынып бар.
- Ең ескі мектеп — Фес қаласындағы Қарауин мұсылман мектебі. Ол 859 жылы салынған.
- Оқу жылы 43 елде 1 қаңтарда, 16 елде 1 наурызда, 122 елде 1 қыркүйекте басталады.
- АҚШ туындағы жұлдызшалардың үлгісін алғаш мектеп оқушысы ойлап тапқан деген дерек бар.
Үй тапсырмасы
«Тұран — өзіне сенетіндер мен табысқа ұмтылатындар үшін!» — бұл Тұран мектеп-лицейінің ұраны.
Ойлан да жаз
Сен өз мектебіңнің ұраны қандай болғанын қалайсың? 2–3 сөйлеммен ұсын және тәуелдік жалғауды қолдан.
Рефлексия және бағалау
Оқушы өз жұмысын төмендегі тұжырымдар арқылы бағалайды:
- Әңгімелей аламын.
- Сөйлемдер құрастыра аламын.
- Сөз тіркестерін құрай білемін.
- «Мектеп» тақырыбы бойынша сөздерді білемін.
Сабақты аяқтау
«Мектебің мынау, класың — осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың», —
деп Мұқағали Мақатаев айтқандай, еліміздің білімді де тәрбиелі азаматы болыңдар!
Рақмет!