Ұстаздары мен шәкірттері
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы. Ақжайық балалар саз мектебі, домбыра сыныбының оқытушысы: Кушеккалиев Е. А.
Тақырыбы
Ұстаз — ұлы тұлға
Мақсаты
- Оқушыларға Құбыш Әшімұлының өмірі мен шығармалары, шәкірттері туралы мағлұмат беру.
- Оқушыларды кішіпейілділікке, ұстазды құрметтеуге тәрбиелеу.
- Баланың ойлау, тыңдау және өз ойын жеткізе білу мәдениетін дамыту.
Әдісі
Сұрақ-жауап, баяндау және т.б.
Көрнекілігі
Құбыш Мұхитовтың суреті, шәкірттерінің фотосуреттері және т.б.
Жоспары
- 1 Ұлы ұстаздың отбасылық өмірі.
- 2 Ұстаздары мен шәкірттері.
- 3 Жеткен жетістіктері.
- 4 Қ. Әшімұлына арналған тәрбие сағатының қорытындысы.
Құрметті оқушылар, ұстаздар, бүгінгі кешіміздің қадірлі қонақтары!
«Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй», — деп Абай атамыз жырлағандай.
Бүгін біз күй өнері төңірегінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының алғашқы түлектерінің бірі, әйгілі ұстаз, кәсіби өнердің көрнекті қайраткері, жоғары мектепке еңбегі сіңген қызметкер, профессор, күні кеше арамыздан өткен атақты домбырашы Құбыш Әшімұлы Мұхитовтың өмірі мен өнер жолына тоқталамыз.
Олай болса, Құбыш Әшімұлы Мұхитовқа арналған тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Өнер бастауы: тектілік пен дәстүр
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, Құбыш Әшімұлының өнері — әулеттен әулетке жалғасқан дәстүрдің айқын жалғасы. Ол халық композиторы, әнші Мұхит Мералиев әулетінен тараған, музыкант Мұхитовтардың соңғы ірі қайраткерлерінің бірі болды.
Мұхит бабамыз күміс көмей шәкірттер қалдырып қана қоймай, өнерді өз ұрпағына да дарыта білді. Сол ұрпақтың басында тұрған тұлғалардың бірі — Қазақстанның халық әртісі, әйгілі күйші марқұм Лұқпан Мұхитов.
Ұстаздары: күйдің кең әлеміне жол ашқандар
Құбыш Әшімұлы өз бабасы Мұхитты көзімен көрмесе де, домбырадан алғаш бағыт берген жан — нағашы ағасы, домбырашы-күйші Лұқпан Мұхитов болды. Оның қасында жүріп, Батыс Қазақстанға кең тараған Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Мәмен, Абыл, Тазбала, Қауен, Түркеш, Балабайсан сияқты саңлақтардың күйлерін тыңдап, жүрекке сіңіріп өсті.
Тарихи дерек
1934 жылы Алматыда өткен халық өнерпаздарының I слетіне Лұқпан Мұхитов шақырылып, орындаушылық талантымен көзге түседі. Қазылар алқасы оны Алматыда қалдырып, академик А. Жұбанов ұйымдастырған тұңғыш қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің іргесін қалауға қатысады және оркестрде концертмейстер қызметін атқарады.
Осы кезеңде Құбышқа домбырадан екінші ұстаз болған — анасы Зейнеп Мұхитова. Ол да әншілік пен домбырашылық дәстүрді жалғаған өнер иесі еді. Домбыраны алғаш қолына ұстатқан да — осы Зейнеп апай. Ана үміті ақталып, Құбыштың болашағы өнермен сабақтасты.
1935 жылы Зейнеп Мұхитова Алматыға келіп, Құрманғазы оркестріне қабылданады. Сол жылдары оркестр құрамындағы санаулы екі әйел домбырашының бірі — Зейнеп еді. Ол жиырма жыл бойы бір ұжымда табанды еңбек етіп, сахна мәдениетінің үлгісін көрсетті.
Қалыптасу жолы: еңбек, мектеп, консерватория
Құбыш сегізінші сыныпты бітірген соң, 1943 жылы Құрманғазы оркестріне ең жас күйші болып қабылданды. Анасы екеуі оркестрдің өнерін өрге сүйреп, ел ықыласына бөленді.
Алты ай ішінде ол төре мектебінің атақты күйшісі Науша Бөкейхановтан отызға тарта күй үйренеді. 1944 жылы Н. Бөкейханов өмірден өткен соң, бір жыл бойы дарабоз күйші Қали Жантілеуовтен дәріс алады. 1945 жылы консерваторияның I курсына қабылданады.
Консерваторияда домбырадан сабақ берген ұстазы — Қазақстанның халық әртісі Лұқпан Мұхитов. Ол Құбышқа орындаушылықтың алуан қырын, домбыра тілінің нәзік те терең сырларын меңгерте білді.
Сұрақ-жауапқа арналған бөлім
- Құбыш Әшімұлының алғашқы ұстаздары кімдер?
- Консерваторияға қай жылы қабылданды?
- Қандай күйшілерден күй үйренгенін атай аласыз ба?
Ғылыми-әдістемелік жаңалық: бас домбыраның биігі
Консерваторияда оқумен қатар, оркестрде жұмыс істей жүріп, Құбекең теориялық білімін тәжірибемен ұштастырды. Сол кезден бастап қазақ өнерінде бұрын кең тарала қоймаған бас домбыраны өз бетінше меңгеріп, оның дыбыс диапазонын, ұлттық бояуын және орындау ерекшеліктерін зерттеумен жүйелі айналысты.
Консерваторияны табысты тәмамдағаннан кейін Қ. Әшімұлы тенор домбыра және бас домбыра класы бойынша сабақ беріп, осы аспаптарға арналған оқу-әдістемелік бағдарламаларды жасады. Орындау ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда дамытып, оқу үдерісіне жаңалық енгізуі — оның тікелей еңбегі.
Бағалау
Атақты дирижер Шамғон Қажғалиев оркестрдегі бас домбыраның рөлін айта отырып, аспап құрылысын жан-жақты жетілдіріп, құнды ғылыми жаңалықтар енгізгені үшін Құбекеңді «бас домбыраның әкесі» деп орынды атаған.
Осы қызметтермен қатар, Құбыш Мұхитов бас және тенор домбыраны оқытудың методикасы мен теориясы саласында көп еңбек сіңірді.
Ұстаздық мұрат: шәкіртінен озғанын қалау
Бала десе ойламайды өз қамын,
Көрсем дейді күнге де қол созғанын.
Шын жүректен жатса-тұрса тілейді,
Шәкіртінің өзінен де озғанын.
1950 жылы Құбыш Әшімұлы консерваторияның халық аспаптары факультетін бітірген соң, Ахмет Жұбанов оны осында қызметке қалдырды. Соңғы жылдары ол ондаған шебер домбырашыны тәрбиелеп, үлкен өнерге жол ашты.
Кафедра меңгерушісі, декан, проректор қызметтерін атқара жүріп, өнер ордасына өмірінің соңына дейін 55 жылын арнады. Домбыра үйретудің әдістемесін қалыптастырып, оқулықтар жазды. Педагогтік және орындаушылық дарынымен танылған Құбышты А. Жұбанов жастайынан-ақ «домбырашылар ұстазы» атаған.
Арнау күйдің мәні: «Ұстазға»
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың және «Парасат» орденінің иегері, профессор Қаршыға Ахмедияров өз биігінің бастауында тұрған ұстазы Құбыш Әшімұлы Мұхитовқа арнап «Ұстазға» күйін шығарған.
«Ұстаз» тақырыбындағы күйлер көп болғанымен, бұл туындының ерекшелігі — білікті маманның сабыры мен төзімін, терең пайымын күй тілімен айқын бейнелей алуында. Байсалды екпін, жылы әуез тыңдаушыға жанға жайлы сезім ұялатады.
Сұрақ-жауапқа арналған бөлім
- «Ұстазға» күйінің негізгі көңіл күйін қалай сипаттар едіңіз?
- Күй арқылы ұстаз тұлғасының қандай қырлары ашылады?
Шәкірттері: мектеп қалыптастырған тұлғалар
Ғылыми-педагогикалық саладағы шәкірттері
-
К. Күмісбеков
Қазақстанның халық әртісі, композитор, профессор
-
Б. Карабалина
Доцент, Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс
-
Т. Мерғалиев, М. Қалауов
Профессорлар
-
А. Жайымов
Профессор; Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері
-
Ө. Спанов
Алматы Қыздар институтының доценті
-
Ө. Ғұбайдуллин
Шымкент Мәдениет институтының деканы
-
Ш. Теміров
Талдықорған филармониясының директоры
-
А. Омаров
Қырғыз Республикасы педагогикалық институтының аға оқытушысы
Концерттік орындаушылықтағы шәкірттері
-
Қ. Ахмедияров
Қазақстанның халық әртісі; Мемлекеттік сыйлық және «Парасат» орденінің иегері; профессор
-
Ш. Әбілтаев
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері
-
Р. Тәжібаев
Республиканың еңбегі сіңген әртісі; түрлі байқаулардың жүлдегері
Құбекеңнің шәкірттері елімізде ғана емес, әлем сахналарында да қазақ өнерін танытып, көрерменді тәнті етіп келеді.
Отбасы: өнерлі орта, өнегелі өмір
Құбыш ағаның жары — әрдайым жайдары жүзді Дариға апай. Ол қазақтан шыққан алғашқы трубашылардың бірі. 37 жыл бойы Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында және балалар музыка мектебінде қызмет етіп, шәкірт тәрбиеледі.
Отбасылық өмірлері алтын тойдан асып, балалары Бақытжан, Алуаш, Ержан ел таныған азаматтар болып өсті. Немере сүйіп, алғашқы немерелері Тайман туралы Құбыш Әшімұлы жылы естеліктерін жиі айтып отыратын.
Мойындалған еңбек: марапат пен құрмет
Марқұм Л. А. Хамиди: «Құбыш Әшімұлы — күй үйрету, күйлерді нотаға түсіру, түпнұсқасын нақтылау, күй тарихын және домбыра сырын терең түсінетін республикадағы санаулы мамандардың бірі» деп жоғары баға берген.
Қ. Әшімұлының көп жылғы еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, оған «Қазақстан жоғары мектебіне еңбегі сіңген қызметкері» атағы берілді. Сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбекте өте жақсы жетістігі үшін» медальдарымен, «Құрмет белгісі» орденімен, Жоғарғы Кеңестің грамоталарымен марапатталды.
Қорытынды
Қарапайым болмысымен қадірлі, талапшылдығымен тағылымды, парасатымен биік Құбыш Әшімұлы Мұхитовтың асқар тұлғасы — бүгінгі ұрпақ үшін үлгі. Оның еңбегі күй өнерінің ғана емес, ұстаздық мектебінің де мәңгілік құндылығын айқындайды.
Ұстаздардың ұстазы — Шамғон, Фуат тұстасың.
Шәкірттерің әрқашан өнеріңді ұстасын.
Осымен Қ. Әшімұлы Мұхитовқа арналған тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.