Отбасы туралы әңгімелеу

Сабақ тақырыбы: «Менің отбасым»

Бұл сабақтың негізгі мақсаты — балаларға отбасы туралы түсінік беру, өз жанұясы туралы еркін әңгімелеуге үйрету. Ойын арқылы есте сақтау қабілетін, қарым-қатынас дағдыларын дамыту және отбасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу көзделеді.

Мақсаттары

  • Отбасы ұғымын түсіндіру, өз отбасы туралы әңгімелеуге үйрету.
  • Ойын арқылы есте сақтау қабілетін және қарым-қатынас дағдыларын дамыту.
  • Сүйіспеншілік, сыйластық, көмектесу сияқты құндылықтарды қалыптастыру.

Әдістер мен көрнекіліктер

Әдістер:

әңгімелеу, жұмбақ, тақпақ айту, ойын, сұрақ-жауап, сергіту, шаттық шеңбері.

Көрнекіліктер:

отбасы суреттері, қуыршақ киімдері, қуыршақ макеті.

Сабақтың барысы

Шаттық шеңбері

Көтеріліп шаңырақ, Уықтары шаншылар. Керегелер керіліп, Өрімдей боп өрілер. Бәріміз жүрсек айналып, Киіз үй болып көрінер.

Өлеңнен кейін балалармен қысқа әңгіме жүргізіледі:

  • Балалар, біз қандай заттың бейнесін жасадық?
  • Ал киіз үйде кімдер тұрады?
  • Оларды бір сөзбен қалай атаймыз?

Қорытынды ой:

Бүгінгі тақырыбымыз — өз отбасымыз туралы.

Кіріспе әңгіме

Балалар, айналамызға қарасақ, көптеген үйлерді көреміз. Ол үйлерде кімдер тұрады деп ойлайсыңдар? Әр үйдің өз отбасы болады. Олар бір-бірімен тату-тәтті өмір сүреді.

Жұмбақ

Онсыз қызық жоқ маған, онсыз бақыт жоқ маған.
Ол әр баланың панасы, ол не екен, балалар?

Жауабы Отбасы

Тақтадағы суретке назар аударайық: мұнда дастархан басында отырған, бір-біріне мейіріммен қарап тұрған отбасы мүшелері бейнеленген.

Осы сурет арқылы «отбасы» ұғымы, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметі мен қамқорлығы туралы әңгіме өрбітіледі.

Ойын: «Мынау кім?»

Мақсаты

Балаларды тапқырлыққа баулу, есте сақтау қабілетін дамыту.

Шарты

Отбасы мүшелерінің атын атап, жасырынған отбасы мүшесін табу.

Сергіту жаттығуы

Атамның алып күрегін, Ауланың қарын күредім. Әжеме мен құдықтан, Су әкеліп беремін. Еденді де жуамын, Шаң-тозаңды қуамын.

Сұрақ-жауап ойыны: «Көңілді доп»

Балалар допты бір-біріне лақтырып, сұрақтарға жауап береді. Бұл ойын сөйлеу дағдысын дамытып, ойды нақты жеткізуге көмектеседі.

  • Отбасы мүшелерін ата.
  • Отбасыңда кімді жақсы көресің?
  • Отбасыңда кімге сыйлық жасайсың?
  • Анаңа қалай көмектесесің?
  • Үйге қонақ келгенді ұнатасың ба?
  • Дастархан басында өзіңді қалай ұстайсың?
  • Үйдегі ініңе немесе қарындасыңа қалай көмектесесің?

Мадақтау:

Жарайсыңдар, балалар! Сұрақтарға өте жақсы жауап бердіңдер.

Үстел үсті ойыны: «Қуыршақты киіндіреміз»

Мақсаты

Балаларды адамгершілікке, сыйластыққа, мейірімділікке және шапшаңдыққа тәрбиелеу.

Шарты

Қатты қағаздан қиылған қуыршақ макетін киім үлгілері арқылы киіндіру.

Балалардың жұмысын мадақтау

Балалар, қуыршақты өте әдемі киіндірдіңдер. Сендер адамгершілік пен мейірімділік қасиеттеріңді көрсеттіңдер.

Қорытынды

Бүгін біз өзімізге ең жақын әрі ең қымбат — отбасымыз туралы әңгімеледік. Отбасын жақсы көруді, сыйлауды және көмектесуді үйрендік. Отбасы — ең жақын адамдардың жылы ұясы екенін түсіндік.

Сабақты аяқтау

Енді бәріміз бірге отбасымызға жақсы тілек айтып, бүгінгі сабағымызды аяқтаймыз.