Мәтін мазмұнының тәрбиелік мәнді болуы

Құрастырған: Құрбанай Шынтаева

Тұран мектеп-гимназиясы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қазақ тілі сабағында қолданылатын диктант түрлері

Диктант өткізудің өзіндік әдістемесі бар. Ең алдымен талапқа сай мәтін іріктеледі. Мәтінді таңдауда төмендегі шарттар ескерілуі тиіс:

  • 1

    Диктант мәтіні мазмұнды, түсінікті, әдеби тіл нормаларына сай болуы.

  • 2

    Диктанттағы сөз мөлшері сыныптар бойынша белгіленген талапқа сай болуы.

  • 3

    Сирек қолданылатын, жазуда қиындық тудыратын сөздердің мүмкіндігінше аз болуы.

  • 4

    Мәтін өтілген ережелер мен емле нормаларын қамтуы.

  • 5

    Мәтін мазмұнының тәрбиелік мәні болуы.

Тексеру барысындағы шартты белгілер

Емле қатесі

V

Тыныс белгісі қатесі

?

Түсініксіз

Z

Азат жол

Шығарма жазуға қойылатын талаптар және бағалау

Оқу қазақ тілінде жүргізілетін мектептерде шығарма жазуға қойылатын талаптар жоғары. Сыныпта жазылатын шығармаға сабақ кестесі бойынша қатарынан екі сағат бөлінеді.

Тексеру мен бағалаудың негізгі бағыттары

  1. Мазмұндылығы мен идеялық деңгейі
  2. Ой-пікірдің жүйелілігі
  3. Стилі
  4. Грамматикалық сауаттылығы

Мектепте кең тараған шығарма түрлері

  • Әдеби тақырыпқа байланысты шығарма
  • Шығармашылық әңгіме түріндегі шығарма
  • Пейзаждық шығарма
  • Поэзиялық туындылар бойынша жазылатын шығарма

Шығарманы бағалау өлшемдері

Баға Сипаттамасы Мүмкін кемшіліктер
5 Әдеби материалды терең ұғып, өте жақсы түсінеді; тақырыпты толық ашады; мәселені өзіндік ой-пікір тұрғысынан талдайды; ойын жүйелі жеткізеді. Тілі бай әрі әдеби тіл нормаларына сай; стиль бірлігі сақталған; фактілік қателер жоқ; қорытындысы орынды әрі тиянақты. Мазмұнында 1, тілінде 1 елеусіз қате болуы мүмкін.
4 Жұмыс мазмұны негізінен тақырыпқа сай; әдеби тілмен жазылған. Ойды баяндауда бірен-саран дәлсіздіктер кездесуі мүмкін. Қорытынды мен түйіндеуі дұрыс; ой жүйесінде шамалы бұзылу байқалуы мүмкін. Стиль бірлігі сақталған, сөйлем құрылысы алуан түрлі. Мазмұнында 2, тілінде 2–3 кемшілік болуы мүмкін.
3 Тақырыптан едәуір ауытқиды; материал негізінен дұрыс болғанымен, жекелеген фактілік дәлсіздіктер кездеседі. Баяндау желісі ішінара бұзылады; сөздік қоры жұтаң, сөйлем құрылысы бір үлгіде; сөзді орнымен қолдану әлсіз. Стиль бірлігі толық сақталмайды, тіл шұрайы солғын. Мазмұнында 4, тілінде 5 кемшілік кездесуі мүмкін.
2 Жұмыс тақырыпқа сай емес; көптеген фактілер бұрмаланған. Барлық бөлімдерде баяндау жүйесі бұзылады, жоспарға сәйкес келмейді. Сөздік қоры жұтаң; сөйлемдері қысқа, біркелкі, өзара байланысы әлсіз; сөзді орынсыз қолдану жиі кездеседі; стиль бірлігі сақталмайды. Мазмұнында 6, тілінде 7 кемшілік болуы мүмкін.
1 Тақырып мүлде ашылмаған. Мазмұнында және тілінде өте көп кемшілік бар. Мазмұнында 7, тілінде 7-ден артық кемшілік кездеседі.

Диктант түрлері: мақсаттары мен қысқаша сипаттамасы

Диктанттың өткізілу мақсатына қарай бірнеше түрі қолданылады: әріп, буын, сөз, сөздік, сөйлем, түсіндірме, терме, еркін, шығармашылық, көру, өздік, қатеден сақтандыру, бақылау.

Әріп диктанты

Әріп пен дыбыстың айырмашылығын меңгертуге бағытталады. Көбіне бастауыш сыныптарда қолданылады.

Буын диктанты

Оқушыларға буын түрлерін және үндестік заңын меңгертеді. Буынға бөліп жазу арқылы дыбыстардың буын құрау ерекшеліктері бекітіледі.

Сөз диктанты

Сөздің белгілі бір ұғымды білдіретінін танытуға бағытталған. Сонымен қатар дыбыс, әріп және буын ерекшеліктерін де қамтиды.

Сөйлем диктанты

Қазақ тіліндегі сөйлем түрлерін тануға және сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтауға үйретеді.

Бақылау диктанты

Білім мен сауаттылықты тексеру

Оқушылардың білімі мен сауаттылығын тексеру үшін өткізіледі. Әдетте көлемді тақырып аяқталған соң, әр тоқсанның соңында және оқу жылының соңында ұйымдастырылады. Оқушыларға алдын ала ескертіліп, бекіту және қайталау сабақтары жүргізіледі. Дайындық жұмыстары білімді жүйелеуге және нәтижені жақсартуға ықпал етеді. Бақылау диктантына тұтас мәтін алынады, тақырыбы мен қиын сөздер тақтаға жазылады.

Диктант түрлері және үлгілері

Түсіндірме диктант

Өтілген тақырыптың қаншалықты меңгерілгенін тексеру үшін мұғалім мәтінді айтып тұрады, ал орындалу барысында қажетті түсініктемелер беріледі. Үлгі ретінде оқушыны тақтада орындатуға болады. Тапсырманың орындалуына бүкіл сынып қатыстырылса, ережені есте сақтау мүмкіндігі артады.

Тапсырма 1

Мына сөздердің айтылуын көрсете отырып, айтылуы мен жазылуын түсіндір:

Көлдік, өрік, өтірік, төзім, төсек, көңілді, көше, жөндеу, көмек, көну, жөнсіз, орынсыз, қоныс, толық, жолды, қоңыр, осы, оқымысты.

Тапсырма 2

Мына сөздерге тиісті қосымшаларды жалға. Түсіндіріп, сөйлем құра:

  • әділ ( -дық/ -дік; -ы/ -і )
  • тарих ( -тың/ -тің; -ы/ -і )
  • парк ( -та/ -те; -тан/ -тен )
  • кінә ( -лы/ -лі; -ла/ -ле )
  • дәреже ( -ға/ -ге; -сы/ -сі )
  • мәжіліс ( -та/ -те; -тан/ -тен )
  • күмән ( -дан/ -ден )
  • әдеп ( -ті/ -ты; -сыз/ -сіз )
  • адал ( -дық/ -дік )
  • жазық ( -ты/ -ті )
  • жиналыс ( -та/ -те; -тан/ -тен )
  • атақ ( -қа/ -ке; -ы/ -і )
  • дағды ( -лы/ -лі )

Еркін диктант

Мұғалім мәтінді оқып шыққаннан кейін оқушылар оны өздігінен жазады. Кейін өз жазғандарын негізгі мәтінмен салыстырады.

Менің Отаным – Қазақстан

77 сөз

Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы. Қазақстан ірі мемлекеттердің бірі. Біздің елімізде жүз отыздан астам ұлт өкілдері тұрады. Қазақстанның жері кең-байтақ, шекарасы он алты бүтін оннан бес мың шақырымға созылып жатыр. Отанымыз батысында Ресеймен, шығысында Қытаймен, оңтүстігінде Орта Азия республикаларымен шектеседі. Қазақстанның жер қойнауы толған байлық. Қарағандыда – көмір, Өскеменде – мырыш, Балқашта – мыс, Маңғыстауда – мұнай өндіріледі. Еліміздің табиғаты да ерекше, климаты шұғыл континенттік. Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Тәуелсіздігін 1991 жылы алды. Біз Отанымызды сүйеміз, оны мақтан етеміз.

Су – тіршілік көзі

96 сөз

Жердің үштен екі бөлігін су алып жатыр. Мұхиттар, өзендер, көлдермен қатар жер асты сулары да бар. Су бұлт, тұман, бу, жаңбыр түрінде атмосферада болады. Мұздықтар мен айсбергтер де су болып есептеледі. Адамның, өсімдіктердің, жануарлардың денесінің белгілі бір бөлігі судан тұрады. Сусыз тіршілік жоқ: бүкіл жан иесі сусыз өмір сүре алмайды. Жер бетіндегі судың жалпы мөлшері өзгермейді: су буға айналады, будан бұлт пайда болады, ол жаңбыр, қар, бұршақ болып жерге қайта түседі. Яғни, қайтадан суға айналады. Ішуге жарамды су өте аз, ол күннен-күнге азайып барады. Суға қамқорлықпен қарау керек. Су – тіршілік көзі.

Өздік диктант

Өздік диктантта оқушылар мұғалімнің айтуымен емес, жатқа жазады. Алдын ала оқушыларға тиісті материалдарды қайталап келу тапсырылады.

Қандай материалдар қолдануға болады?

  • Жаттаған өлеңдер
  • Мақал-мәтелдер
  • Қанатты сөздер
  • Жұмбақтар мен жаңылтпаштар
  • Өткен ережелер бойынша мысалдар

Ұйымдастыру тәсілдері

  • Оқулықтағы мәтінді бірнеше рет оқытып, кейін жатқа жаздыру
  • Жазылған нұсқаны оқулықпен салыстыру арқылы өзін-өзі тексерту
  • Қажет болған жағдайда мәтінді тақтаға жазып, кезең-кезеңімен орындату

Өздік диктант оқушылардың орфографиялық сауаттылығын және өтілген тақырыптарды қаншалықты меңгергенін тексерудің тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады.