Досыңа сонда, Досыммен ғана қымбатпын
«Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек» поэзия кеші
Бұл кеш Мұқағали Мақатаев поэзиясының халыққа кең таралуының мәнін, оның өміршеңдігінің сырын танытуға, түсіндіруге және сезіндіруге арналған. Сондай-ақ ақын шығармашылығының музыкамен үндесу ерекшелігін ашып, сөзіне жазылған әндерді көпшілік назарына ұсынуды көздейді.
Мақсаты
Поэзияның мәнін ұғындыру, ақын әлемін сезіндіру, әнмен байланысын көрсету.
Дамытушылығы
Оқушылардың жан-жақты ойлауын, ізденісін дамыту, өлеңге қызығушылығын арттыру.
Тәрбиелігі
Адамгершілікке, Отанды сүюге, табиғатты аялауға баулу; құндылықтарды ұмытпай есте сақтауға үйрету.
Көрнекілігі
- М. Мақатаевтың портреті
- Кітап көрмесі
Өткізу барысы
Жүргізушілердің кіріспе сөзі
1-жүргізуші
Қош келіпсіздер, құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар, өлең сүйер, өнер сүйер қауым!
2-жүргізуші
«Қуат алып Абайдың тіл күшінен, жыр жазамын Абайдың үлгісімен; Абай болып табынсам бір кісіге, Абай болып түңілем бір кісіден…» Бүгін біз заманымыздың жарқ еткен жұлдызы, лирик ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы мен өмір жолына арналған «Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек» атты поэзия кешін өткізгелі отырмыз.
1-жүргізуші
Иә, Мұқағали — ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол — бізге көрінбейтін бояулардан, естілмейтін құпия дыбыстардан нәр алатын жұмбақ ақын. Өлеңдерін оқыған сайын ақиқатқа жақын рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.
2-жүргізуші
«Қазаққа тән қара өлеңге табынды, ата-баба дәстүрінен ап үлгі, ұшан-теңіз ұлылықты паш еткен — Мұқағали поэзия алыбы». Ендеше, ақынның поэзиямен қалай сырласқанын тыңдап көрейік.
Поэзиямен сырласу
Поэзия! Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе? Неге іздедім…
Алабұртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таңдардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.
Сені сезімге у, шараптан да іздедім.
Іздеймін… тағат бар ма?
Сені маған егіз қып жаратқан ба?!
1-жүргізуші
Мұқағали қойнауына талай сыр бүккен сайын далаға, оның сылдырап аққан суына, самал желіне, мақпал түніне бала кезден-ақ ғашық болып өсті. Сол әсерді өлеңіне өрнектей білді.
Нені аңсаймын? Туған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын.
Ұл де мейлің, адасқан құл де мейлің,
Сені аңсаймын… Білмеймін нені аңсаймын.
Қуат берген дәмің мен тұзың маған,
Қаймағыңды аңсаймын бұзылмаған.
Гүлін сүйем, шалғынның бүрін сүйем,
Үнін сүйем масаның ызыңдаған.
Сені аңсаймын, қайнаған ақ бас таулар,
Ақ бас таулар, самайын ақ басқандар.
Сені аңсаймын қазіргі ақ бас шалдар —
Бұрынғы өреден құрт ап қашқандар,
Су кешіп, жалаңаяқ от басқандар.
Ана, әйел тақырыбы және нәзік әлем
2-жүргізуші
Ана — өмір сыйлаушы, бала — оның бағбаны. Арулар — асыл жандар. Оларға деген махаббат пен іңкәрлік — жырдың алтын арқауы. Мұқағали әйел болмысының әдемілігі мен сүйкімділігін ерекше нәзіктікпен жырлаған.
1-жүргізуші
Әйелдер-ай! Әйелдер-ай! Қандайсың?!
Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.
Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,
Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.
Әйелдер-ай! Әйелдер-ай, қулар-ай,
Жанарлардың жауын алып тұрған-ай!
Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,
Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.
Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай, ойбай! Бола берсін көп мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі —
Әдемілік бізге көптік етпейді.
Музыкалық номер
Ән: «Арулар — асыл жандар» — Қасымбаева Меруерт (7-сынып оқушысы).
Халық, тіл, Отан — ақын бақыты
2-жүргізуші
Туған халқын, тілін, Отанын бақыты деп санаған ақын өз бақытын халыққа қызмет етуден тапқан. Ақын үшін «халық» ұғымының өзі — «өмір» деген сөз. Халқы бар адам қор болмайды дейді.
Оқушы
«Үш бақытым» (оқылым)
1-жүргізуші
Ақын күнделігінде былай деп жазады: «Сүйікті балаларым менің… Ақылсыз болмаңдар! Өмір толы қауіп, абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар. Өмір барда жауыздық та бар. Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болады… Әрдайым сақ болыңдар, әрдайым өздеріңді қорғай біліңдер! Балаларым менің! Егер сендер түсінсеңдер ғой мені…»
Музыкалық номер
Ән: «Сәби болғым келеді» — Басепов Өміртай (8-сынып оқушысы).
Махаббат — ұлы сезімнің жыры
2-жүргізуші
Мұқағали — адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы. Оның өлеңдері шынайы шабыттан, күйзеліс пен қуаныштан, сағыныштан туған. Ақын ұлы сезімге бас иіп, махаббат тақырыбын кең өрістетіп суреттеген.
О, махаббат! Сен әлі тірі ме едің?
Көзімнен ғайып болған күнім менің,
Гүлім едің… елтіген түнім едің.
О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?
Мен сені ұмытқанмын. Жылатқаның есте жоқ, суытқаның.
Суып қаным, құлағам құрып хәлім,
Жығылған отауымның уықтарын.
Содан бері мен сені ұмытқанмын.
О, махаббат! Сен әлі тірі ме едің?!
Тірі ме едің… мен де енді тірілемін!
Ақ періште, алдыңа жүгінемін.
Қолдай гөр, ғашықтардың пірі мені!
Музыкалық номер
Ән: «Сенің көзің» — Қасымханов Балғынбек (8-сынып оқушысы).
Достық туралы тағылым
1-жүргізуші
«Жігітінен қазақтың дос таба алмай, қыз да болсаң мен саған мұң шағамын…» деп Мұқағали Фариза Оңғарсыноваға жанын жеген қайғысын жырмен жеткізген.
Дос болам десең, досыңды сыйла, қымбаттым!
Досыңа сонда — досыммен ғана қымбатпын.
Дос болам десең, мендегі доспен достасқын,
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын.
Достықта жүрмін, достыққа жүрмін құмартып!
Өлгелі жүрмін, өзіме-өзім мін артып…
Жауыздың барып, жанына уәзір болғаннан,
Достардың барып, ауласында өлген мың артық.
Музыкалық номер
Ән: «Фариза қыз» — Кармен Еламан (6-сынып оқушысы).
Қорытынды
2-жүргізуші
«Ақынның ақындығы — атақта емес, ақынның ақындығы — арда» деген мұратпен ғұмыр кешкен ақиық ақын Мұқағали халқымен бірге туған жан дүниесін өлеңге айналдырып кетті. Ол табиғатпен де, тағдырмен де, тіршілікпен де адал сырласты. Оның жырлары бүгін де шаршағанға — әл, шөлдегенге — нәр, сүйгенге — сырлас, мұңайғанға — мұңдас болып, адалдық пен татулықтың нәзік белгісін тербетіп тұр.
1-жүргізуші
«Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім»,
— деп ақынның өзі айтқандай, Мұқағали мұрасы ешқашан да өлмек емес.
2-жүргізуші
Құрметті қонақтар! Осымен жыр Музасы — Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған «Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек» атты бағдарламамыз мәресіне жетті. Сөз соңында, ақынды әрдайым еске алып, жырларын оқи жүрейік дей отырып, кешті «Есіңе мені алғайсың» әнімен аяқтайық.