Қарғаның жаны ашып
Сабақ мақсаты
Оқушылардың ешкімге қиянат жасамай, кешірімді болу және басқа да адами қасиеттер туралы түсінігін дамыту.
Түсіндіру
Кешірімділік, татулық және бірліктің адами қарым-қатынастағы маңызын ашу.
Дамыту
Шынайы достық қарым-қатынас орнату дағдыларын қалыптастыру.
Тәрбиелеу
Мейірімділікке, қайырымдылыққа, достыққа баулу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Тыныштық сәті: «Су асты патшалығына ойша саяхат»
Мұғалім: «Көздеріңізді жұмыңыздар. Бірнеше рет терең тыныс алып, денеңізді босатыңыздар. Елестетіңіздер: сіздер тынық, мөлдір су астындасыздар. Әр тыныс алған сайын бойларыңызға тыныштық пен мейірім толып жатыр…»
2) Үй тапсырмасын тексеру
Талқылауға ұсынылатын ертегі: «Мақтаншақ жолбарыс».
Ертегі: «Мақтаншақ жолбарыс»
Ертеде бір жолбарыс болыпты. Ол үнемі: «Мен күштімін, ештеңеден қорықпаймын», — деп мақтана береді екен.
Бір күні ол кетіп бара жатып, гүлге қонып сайрап отырған бұлбұлды көреді.
Диалог
Жолбарыс қаһарланып: «Кет қазір, менің бағымнан!» — дейді.
Бұлбұл жалынып: «Біраз сайрасам қайтеді?» — дейді.
Жолбарыс: «Мен саған сайрағанды көрсетейін!» — деп ұмтыла бергенде, бұлбұл лып етіп ұша жөнеледі.
Сол сәтте жолбарыстың қолына гүлдің тікені кіріп кетеді. Ол зар қағып, басын тауға да, тасқа да ұрады. Бір-екі күннен кейін қолы ісіп, жанын қоярға жер таппай, көз жасын көл қылып жылайды.
Оны көрген қарға: «Жолбарыс аға, неге қапаланып отырсыз?» — деп сұрайды. Жолбарыс: «Қолыма тікен кіріп кетті. Суырта алмадым. Ой, жаным-ай!» — деп безілдейді.
Қарғаның жаны ашып: «Жүріңіз, мен сізді досымның үйіне алып барайын. Тікеніңізді мүйізімен оп-оңай суырып тастайды», — деп жолбарысты жайраның үйіне ертіп келеді.
Жайра болған оқиғаны тыңдап: «Менің мүйізім тікен шұқылау үшін емес, жаудан қорғану үшін керек. Жүріңіздер, мен сіздерді бір танысымның үйіне алып барайын. Ол тікен тұрмақ, етке бойлаған найзаны да алып береді», — деп аюдың үйіне бастап барады.
Аю мән-жайды білген соң: «Мұндай нәрсе менің тісіме де, қолыма да ілікпейді. Енді не істесек екен? Айтпақшы, тікен де ағаш қой. Ендеше, мен сендерді осы іспен шұғылданатын танысыма алып барайын», — дейді.
Аю екі қонағын піл палуанның үйіне апарады. Болған оқиғаны айтып береді. Піл: «Жолбарыс батыр, қолыңа қада кірсе, суырып-ақ тастар едім. Ал тікенді алу үшін аса ептілік керек», — дейді.
Піл бастап, бәрі тісі пышақтай қолтырауынға келеді. Мән-жайды түсіндіреді. Қолтырауын: «Менің тісіме тікен ілікпейді. Анау бақта бұлбұл бар. Ол — өте мейірімді құс. Барып өтін, оп-оңай алып тастайды», — дейді.
Бәрі жиналып, бұлбұлдың үйіне барады. Бұлбұл жолбарысқа бір ауыз сөз айтпастан, тұмсығымен тікенді алып тастайды.
Жолбарыс өзінің өткендегі өрескел ісіне қатты ұялып, бұлбұлдан кешірім сұрайды. Бірге келген достарының бәріне ризалығын білдіреді. Олармен бірге ойын-сауық жасап, бұлбұл ұзақ уақыт құйқылжыта сайрап ән салады.
Талқылау сұрақтары
- Ертегіде не туралы айтылған?
- Жолбарыс пен бұлбұлдың әрекеттері туралы не айтар едіңдер?
- Жолбарыс бұлбұлдан не үшін кешірім сұрады?
- Сендерде осындай жағдайлар болды ма? Естеріңе түсіріп, айтып беріңдер.
Қорытынды ой: Бір-бірімізге мейірімді, қайырымды, кешірімді болсақ, бірлігіміз жарасып, тату-тәтті тұрамыз. Ешқашан қиянат жасамауға тырысу керек.
3) Жағымды ой-пікір
Дәйексөз
«Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпайық».
Адамдар кейде абайсызда бір-бірін ренжітіп алады. Ондай кезде кешірім сұрап, татуласу маңызды. Ал татулық — адамдар, сыныптастар мен достар арасындағы қарым-қатынасты көркейтетін ең жақсы қасиеттердің бірі.
Жаттау тапсырмасы: дәйексөзді 2–3 оқушыға қайталатып, жатқа сұрау.
Ойлануға арналған сұрақтар
- Татулықты қалай түсінеміз?
- Ашуға булықпаудың жолдары қандай?
- Ашуланған кезде сен не істейсің?
Қорытынды: Татулық бар жерде мейірімділік, қайырымдылық, достық, бірлік және жақсы өмір бар. Тату болып, өзімізге де, өзгеге де қиянат жасамайық.