Еліміздің астанасы қай қала

Сабақ туралы мәлімет

Павлодар облысы, Май ауданы, Майтүбек жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қайракбаева Алмагүл Базарбаевна ұсынған сабақ жоспары.

Лексикалық тақырып

Қазақстанның астаналары

Грамматикалық тақырып

Үстеулерді қайталау

Мақсаты

1) Білімділік

  • Оқушылардың білім деңгейін көтеру және ұжымдық түрде білім алуға баулу.
  • Сөздерді өзара байланыстырып, ойды жүйелі жеткізу дағдысын қалыптастыру.
  • Грамматикалық тақырыптарды лексикалық мазмұнмен байланыстыра білу.

2) Дамытушылық

  • Алған білімді толықтыру, сөйлеу мәдениетін дамыту.
  • Сөздік қорды молайту, өз ойын еркін жеткізуге үйрету.

3) Тәрбиелік

  • Отанға сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу.
  • Елордаға құрметпен қарауға, оны сүюге және аялауға баулу.
  • Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру.

Әдіс-тәсілдер, көрнекілік, пәнаралық байланыс

Әдісі

  • Баяндау
  • Сұрақ–жауап
  • Топпен жұмыс
  • Іздендіру
  • Деңгейлік тапсырмалар
  • Ой қозғау
  • Түсіндіру

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақта
  • Тест
  • Мәтін
  • Слайдтар
  • Сөзжұмбақ

Пәнаралық байланыс

  • Тарих
  • География
  • Әдебиет
  • Орыс тілі

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі

  1. «Астана» әнін тыңдау. Талқылау: «Тыңдаған әніміз не туралы?»
  2. Сабақтың тақырыбы мен мақсатын хабарлау, күннің жадын жаздыру.

II. Негізгі бөлім

1) Ой қозғау: «Астана» ұғымы

Астана туралы не білеміз? Есте сақтаңдар: «Астана» — парсы сөзі. Көне парсылар бұл атауды қалаға кірер бас қақпа, яғни табалдырық мағынасында қолданған. Сондықтан ол «киелі орын», «босаға» деген мәнге ие болған. Қазақ тілінде бұл сөз елдің бас қаласы дегенді білдіреді.

2) Сұрақтар арқылы білімді өзектендіру

  • Біздің Отанымыз қалай аталады?
  • Ол қандай ел?
  • Тәуелсіздікке қашан қол жеткізді?
  • Қазақстан қандай мемлекет? (Көпұлтты мемлекет пе?)
  • Қазақстан қай жерде орналасқан?
  • Қазақстанның Президенті кім?
  • Ата заң қашан қабылданды? (1993 ж. 28 қаңтар; екінші рет — 1995 ж. 30 тамыз)
  • Ұлттық валютасы қандай?
  • Мемлекеттік рәміздері қандай?
  • Еліміздің астанасы қай қала?
  • Қазақстанның неше астанасы болды?

Осы сұрақтар негізінде оқушылар өздері дайындаған жобаларын қорғайды.

3) Үй тапсырмасы: жоба қорғау

Бұрынғы астаналар туралы әңгімелеу және жобаларды қорғау: Орынбор, Қызылорда, Алматы, Астана.

4) Талқылау: Астана туралы ойды жинақтау

Оқушылардың жауаптарын толықтыру арқылы елорда туралы негізгі тұжырымдар ортаға салынады.

5) Мәтінмен жұмыс: «Астана»

Бұл сөзге бүгін қазақ түгіл, төрткүл әлемнің өзі үйренгендей. «Астана» сөзі тілге оралғанда, көз алдымызға шаһар ретінде жаңа бойын тіктеп, еңсе көтеріп келе жатқан Елорда елестейді. Ол — жай ғана қала емес. Ол — Елорда.

Кеше ғана тәуелсіздігін алып, буыны енді қатайып келе жатқан қазақ мемлекетінің астанасы — бүгінгі Астана. Қазіргі күні Астана көздің жауын алады: қарап тұрып сүйсінесің, сүйсініп тұрып шынайы шүкіршілік етесің.

Астана — қазақтың мерейі мен мәртебесі. «Мерейіміз таси берсін, Астанамыз ажарына ажар қосып, сұлулығынан танбасын» деген шынайы тілек көңілді кернейді.

Астана дүниежүзіне мәлім. Мұнда әлемнің талай мемлекеттерінің өкілдері бас қосып, пікір алмасып, маңызды шешімдер қабылдап жүр. Астана — ел мақтанышы. Мұнда қызмет ету де, білім алу да — бақыт.

Астана — жаңа қала, жаңа шаһар. Ол келешекте бүгінгіден де құлпырып, ілгері көркейе беретініне сенім мол.

Сөздік жұмысы

төрткүл әлем
— бүкіл дүние жүзі
еңсе көтеру
— еңсесін тіктеу, нығаю
буыны қатаю
— күш жинау, орнығу
мерей
— абырой, қуаныш
сенім
— үміт, иланым

Мәтін бойынша жұмыс

  • Мәтін бойынша сұрақтар құрастыру.
  • Мәтіннен үстеулерді табу.

6) Грамматика: үстеуді қайталау

Үстеу құрамына, тұлғасына және мағынасына қарай қарастырылады. Бұл сабақта мекен үстеуі ерекше назарда болады.

Мекен үстеуі

Ережесі: қимылдың, іс-әрекеттің болу орнын білдіреді.

Сұрақтары: Қайда? Қалай қарай? Қайдан?

Мысалдар: төмен, кейін, алға, осында, жоғары.

7) Тапсырмалар

1-тапсырма: үстеулерді орнына қойыңыз

Көп нүктенің орнына берілген үстеулердің бірін қойыңыз.

Керекті сөздер

әдейілеп, нағыз, соншалық, әрең, амалсыз, осында, ол кезде

  1. Орынбор өлкесі ________ қазақ жерінің құрамдас бір бөлігі болатын.
  2. 1925 жылы наурыз айында Қазақстанның астанасы ________ көшті.
  3. Ол Алматыдан ________ пойызға отырды.
  4. Астана қаласына машинамен ________ жеттік.
  5. Аз уақыттың ішінде Астана ________ өзгерді.
  6. Қазіргі Қызылорда ________ ақ күріштің отаны.
  7. Астанаға қонақтар ________ қала күніне байланысты жиналды.

2-тапсырма: сөйлемдер құраңыз

Төмендегі мәліметтерді пайдаланып, сауатты әрі байланысты сөйлемдер құрастырыңыз.

Қазақстанның алғашқы астанасы — Орынбор. 1925–1929 жылдары астана — Қызылорда, 1929–1997 жылдары — Алматы болды.

Астана 1997 жылғы 20 қазанда жаңа астана мәртебесін алды. Қысқа уақыт ішінде көрікті қалаға айналып, Еуразияның ең әсем қалаларының біріне айналуды мақсат етеді.

Астанада 10 маусым күні жаңа астананың ашылуына арналған салтанатты рәсім өтті. Қалада көпқабатты үйлер мен зәулім ғимараттар бой көтерді.

Ойтолғау

Астана — менің төл перзентім. Әр адам өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз, астаналықтар, өзіміздің жас қаламызды тіпті ерекше жақсы көреміз, өйткені оның құрылысын тақыр жерден бастадық.

Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат бізге қымбат: олардың бәрі туған сәтінен бастап көз алдымызда өсіп-өркендеді.

«Астана халқымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздіктің басты символы және қуатты факторы болды. Астана — жаңа Қазақстанның қуаты және оның көпұлтты халқын біріктірудің қайнар бұлағы».
Н. Назарбаев

III. Қорытындылау

«Бес жолды өлең» стратегиясы

  1. 1 зат есім
  2. 2 сын есім
  3. 3 етістік
  4. 4 сөзден тұратын сөйлем
  5. Синоним

Толық нұсқасын жүктеу.