Тоғызыншы май күні
Ерлік мәңгі есте
Бұл сыныптан тыс қорытындылау сабағы Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың ерлік істерін қастерлеуге, олардың рухын көтеріп, өнегесін жас ұрпаққа үлгі етуге бағытталады.
Сабақтың мақсаты
- Соғыс жылдарындағы батырлықты дәріптеу, ата-бабалар ерлігін қадірлеу және рухын көтеру.
- Балалардың рөлге бөліп ойнау және мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.
- Ұлы Жеңісті ұлықтау, Отанға, елге, туған жерге сүйіспеншілікті арттыру, қорғауға тәрбиелеу.
Ұйымдастыру және ресурстар
Көрнекіліктер
Мәңгілік алаудың макеті, үнтаспа, шиырма, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер.
Сабақ форматы
Сыныптан тыс сабақ, қорытындылау сабағы.
I. Ұйымдастыру
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Мөлдір аспанды бұлт қаптады. Шаттық әні қайғылы үнге, нұрлы күнді қара түнге айналдырмақ болды. 1941 жылғы 22 маусымда фашистік Германия Кеңес Одағына опасыздықпен шабуыл жасады. Бұл халық үшін аса ауыр кезең еді.
Адам — тарих! Адам кешкен жолын ұқ.
Неше ұрпақ күнтізбектен алынды.
Бүкіл жерді бүркеп ұстаған зұлымдық,
Қанша тер мен қан жұтқызды зұлымдық.
Бір минут үнсіздік
Отанды қорғау жолында қаза тапқан ата-бабаларымызды бір минут үнсіздікпен еске алайық.
II. Өткен сабақты қайталау
Ералы
Тастар көкке атылды,
Орман шулап, тау құлап.
Жиырма сегіз батырды,
Жеңе алмайды жау бірақ.
Мейрамгүл
Оқ астында зулаған,
Туған жермен бір болып.
Жау алдында тұрады,
Жиырма сегіз шың болып.
Ақнұр
Танктер Москваға келді төніп,
Ағылды жау әскері желігіп.
Ұшқыштар біздің сонда түйілгенде,
Отына пулеметтің ерік беріп.
Үнтаспа
Соғыс туралы фильмнен үзінді көрсетіледі.
Көрініс: «Соғыста»
Рөлдерде: Сатжан, Ерсұлтан, Рамиз.
Ислам
Оқ борады күн-түні,
Жапты жерді от қарып.
Алға қарай ұмтылды,
Батыр қазақ Тоқтаров.
Ернұр
Туын жықпай қолдағы,
Өжет болды ел үшін.
Кеудесімен қорғады,
Ар-ұятын елінің.
Аяулым
Отанға жаулар қаптады,
Опасыз жаулар тапталды.
Қасиетті жер үшін,
Қастерлі ел, батыр ер үшін,
Әлия, Мәншүк, Төлеген —
Жаулардың көзін жойды олар.
Рамиз
Қыр қызы орындады берген антты,
Халқына адал болу — ердің салты.
Елі үшін қасық қанын аямаған,
Жүректе мәңгі өшпейді Мәншүк аты.
Ерсұлтан
Даламыздың гүлі —
Балауса гүл, балғын қыз.
Жанын қиып халқы үшін,
Жанып түскен ақ жұлдыз.
Диана
Мәңгі жасап жерде енді,
Биік бол деп таулардан.
Сенің балғын бейнеңді
Жасап қойдық мәрмәрдан.
Ән
«Әлия» — қыздар тобы.
Көрініс: «Жеңіс»
Ұлдана
Жеңіс келді далама,
Жеңіс келді далама,
Жеңіс келді ән болып,
Елдегі бар балаға.
Дильназ
Жеңіс келді ән болып,
Келді ауылға сән-көрік.
Жеңіс келді, алақай,
Тойып жейтін нан болып.
Мадина
Жеңіс деген — жақсылықтың шуағы,
Жігер мен құштарлықтың құралы.
Күрескердің арманы мен ұраны,
Қуаныш пен мерекенің бұлағы.
Сатжан
Жауынгер — біздің саңлақтар,
Жауды жеңген солдаттар.
Ардақты Отан — ел үшін,
Бақытты туған жер үшін.
Баян
Арылтып жерден жауымды,
Табанға жаншып өлімді.
Жеңіспен желпіп өмірді —
Десеңдер, бұл қай күні?
Хормен: Тоғызыншы мамыр күні.
Алан
Кептерлер қалқып, көкте ойнап,
Қызыл ту шалқып, көк бойлап.
Мәре-сәре мәз-мейрам,
Отанымыз той тойлап —
Десеңдер, бұл қай күні?
Хормен: Тоғызыншы мамыр күні.
Ән
«Ақ көгершін» — ұлдар тобы.
Көрініс: «Тоғызыншы мамыр»
Жамила
Халық легі — ерліктің куәсіндей,
Көптен бері осы күнді сағынған.
Ардагерлер осында жүр ерліктің,
Медальдарын, ордендерін тағынған.
Ақниет
Жас ұрпақ асыр салып,
Шырқайды ерлікті ән қылып.
Небір заңғар таулар құлазып шөксе де,
Ерлердің бейнесі жасайды мәңгілік.
Жантөре
Айқаста жаудың алқымын сыққан,
Ажалға қимай намысты елін.
Төлеген, Мәншүк батырлар шыққан —
Қазақстан Республикам менің!
Айша
Қақ жүрегім, дүрсіліңді ұлғайт сен,
Жеңісіңді бар әлемге, күнге айт сен.
Қаптап көкте абырой мен бақ құсын,
Самға, самғай бер, менің Қазақстаным!
Ән
Әнұран — хормен.
III. Қорытындылау
Талқылау сұрақтары
- Отан, батырлық, ерлік туралы қандай мақал-мәтелдер білесіңдер?
- Бүгінгі сабағымыз кімдерге арналады?
- Ұлы Отан соғысы қашан басталды, қашан аяқталды?
- Ұлы Отан соғысына қатысқан қандай батырларды білесіңдер?
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды
Отан үшін ерлікпен қаза тапқандарды ел әрдайым есінде сақтайды. Өйткені олар біздің бақытымызды қорғады, ел үшін, жер үшін жанын құрбан етті. Осылайша, ардагерлерімізге арналған сабағымызды аяқтаймыз.