Допты жоғары лақтыру және ұстау

Мақсаты

Балаларды қимыл-қозғалыс арқылы дене бітіміне сай биіктікте керілген жіптің үстінен допты асыра лақтыра білуге баулу. Қол бұлшықеттерін шыңдап, музыка ырғағына сай үйлесімді қозғалыстарын дамыту арқылы допты биіктікке лақтыру дағдысын қалыптастыру.

Балаларды бір-біріне деген достық қарым-қатынасқа, ептілікке және шапшаңдыққа тәрбиелеу.

Негізгі дағды

Допты 1,5 м биіктіктегі жіптен асыра лақтыру.

Қосымша нәтиже

Координация, күш, жылдамдық және топпен әрекеттесу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

1) Залға кіру және амандасу

Балалар сап түзеп, музыка әуенімен аяқты нық басып залға кіреді. Амандасу рәсімі орындалады.

2) Психологиялық дайындық (қимылдар)

  • Аяқтың ұшымен жүру — «Айлакер түлкі»
  • Қолды белге қойып, аяқтың сыртымен жүру — «Маймақ аю»
  • Қолды алға созып бірқалыпты жүгіру — «Атша шабу»
  • Қолды айқастырып бастың үстіне қойып, тізені кезекпен жоғары көтеріп жүгіру — «Бұғы орманда жүгіреді»
  • Қолды бастың үстіне қойып қос аяқтап секіру — «Көңілді қояндар»
  • Жай жүру: демді ішке тартып, сыртқа шығару

3) «Хатха-йога: жорыққа дайындық»

Балалар дөңгелене отырып, малдас құрады. Қолды қусырып, демді ішке алып, баяу шығарады.

«У–ШУ: қолдардың ұшуы»

Қолды иектің астына қойып, шынтақты жоғары көтеріп, демді ішке тартады. Сосын шынтақты шапшаң төмен түсіріп, демді шығарады.

II. Жаңа сабақ

Балалар маршпен жүріп, залды бір айналып келеді де бір қатарға тұрады. Мұғалім допты 1,5 м биіктікте керілген жіптің үстінен асыра лақтыру тәсілін көрсетеді.

Лақтыру жаттығулары күшті арттырады және қимыл түрлерін үйлестіре білу қабілетін дамытады.

Жаттығу: допты жоғары лақтырып, қайта ұстау

Балалар мұғалімге қарама-қарсы 80–100 см қашықтықта тұрады. Мұғалім әрқайсысына кезекпен доп лақтырып: «Ұста!» — дейді. Балалар допты ұстап, қайтадан мұғалімге лақтырады.

Күтпеген сәт

Үлкен доп балалардың қасына домалап келеді. Мұғалім бұл доптың өзі домалап келгенін және оның «ғажайып доп» екенін айтады.

Доп туралы жұмбақ-өлең

Көгілдір добым — бұл менің, Домалап қана жөнелдің. Қызыл, жасыл, көгілдір, Әдемісің өзің бір.

Мұғалім доптың ішінен қызыл және көк түсті кішкентай доптарды шығарып, балаларға көрсетеді. Балалар доптардың түсін және пішінін атайды. Түстері бойынша балалар екі топқа бөлінеді:

1-топ

Қызыл доп

2-топ

Көк доп

«Менің көңілді добым» атты жарыс

  1. 1) Екі-екіден: допты бірінің артынан бірі ұстап, жүгіріп өту.

  2. 2) Сүйретпе аяқ киім киіп, допты себетке салу; келесі бала допты алып келеді.

  3. 3) «Қырықаяқ» ойыны: массажды төсеніштерден өтіп, межеден айналып келу.

Жарыс қорытындыланады.

III. Релаксация және аутотренинг

1) Балалар шеңбер құрып, қолдарын бір-бірінің иығына қояды. Көздерін жұмып, баяу ән ырғағымен қимыл жасайды.

2) Балалар кілемшенің үстіне жатып, денесін босаңсытады: қолдарын төмен созып, көздерін жұмады. Мұғалім балаларды жайлап желпиді, ал балалар жылы самал желдің лебі еркелетіп жатқандай сезінеді.

IV. Тратака жаттығуы

Балалар айнала отырып, ортадағы жанған майшамға көз алмай 20–25 секунд қарайды.

V. Қорытынды

Сабақ қорытындыланып, балалардың белсенділігі мен ынтасы атап өтіледі. Барлық қатысушылар мадақталады.