Бірінші сұрақ
Тәрбие сағаты
Әдеби-танымдық ойын-сабақ жоспары
Форматы
«Әдеби олимпиада»
Әдісі
Сұрақ–жауап
Мақсаты
- Әңгіме мазмұнын көркем тілмен жеткізуге, мазмұнын есте сақтауға, оқылған материалды жинақтап айтуға үйрету.
- Оқушылардың тіл байлығын арттыру, сөздік қорын молайту, көркем сөйлеуге тәрбиелеу.
- Туған жер табиғатын құрметтеуге, қадірлеуге, қорғауға баулу.
Ойынның мазмұны
I. Ұйымдастыру бөлімі
Сабақтың мақсаты мен шарттарын таныстыру.
Кезеңдер
- 1 Табалдырық
- 2 Әудемжер
- 3 Қозыкөш
- 4 Беласар (2 ойыншы)
- 5 Жолайрық (жеңімпаз)
Ойын ережесі
- Ойын «Алтын сақа» деп аталады және 5 кезеңнен тұрады.
- Әр кезеңде сұрақтар беріледі. Жауаптар көркем тілмен, барынша толық айтылуы тиіс.
- Табалдырық кезеңінде 4 «күйме» (әр түсті) болады.
- Әр дұрыс жауапқа бір асық беріледі. Асықтар ұпай қызметін атқарады.
- Кім бірінші жетон көтерсе, сол бірінші жауап береді.
Ойынның барысы
I кезең — Табалдырық
4 сұрақ-
1-сұрақ
Бұл өңірдің құнарлылығын қалай сипаттайды?
Құнарлығы сондай: түн ортасы ауа құнарлығын шымға тіреп қалғып кеткен жылқышы таң атқанда қолындағы құрықтың бүр жарып тұрғанын көрген екен.
-
2-сұрақ
«Ерте, ерте, ертеде…» деп басталатын заманда қандай ел болыпты?
Жері шүйгін, оты мен суы мол ғажайып өлкеде төрт түлігін мыңғыртқан, төрт құбыласы сай бір ел өмір сүріпті.
-
3-сұрақ
Сол елді басқарған хан бір күні қандай мінез көрсетіпті?
Үстінен құс ұшып өтсе де, желідегі құлын кісінесе де, ауыл үстінен құйын өтсе де, төңірегіндегілердің апшысын қуырғандай ашуланып, жайсыз мінез танытады екен.
-
4-сұрақ
Өзенге салқындауға шыққан хан ордасына келіп, халыққа қандай жарлық айтады?
«Жер бетінде бір түп жусан қалмасын! Кімнің өрісі мен қонысынан бір тал жусан көрсем, менен жақсылық күтпесін!»
II кезең — Әудемжер
4 сұрақ-
1-сұрақ
Тұлпары өлген хан халқына не деп жар салады?
«Ел-жұрт барлық тірлікті қойып, құрт-құмырсқа, бүйе, шаян, өрмекші, қарақұрт, жылан, кесірткені құртуға кіріссін», — деп әмір етеді.
-
2-сұрақ
Даланың тірі жәндігі қырылған соң қандай оқиға болады?
Көп ұзамай сол жәндіктермен қоректенетін құстар да қырыла бастайды: алдымен бозторғай, қарлығаш, бұлбұл, көкек, кептер, тарғақ сияқты ұсақ құстар, кейін соларды жейтін тұйғын, сұңқар, жапалақ, қаршыға, жағалтай, лашын секілді жыртқыш құстар жойылады.
-
3-сұрақ
Халық жәндіктерді қыру туралы жарлықты қалай орындайды?
Амалы қалмаған ел гүл құрағына, беткейдің бозына, төскейдің орман-тоғайына өрт қояды. Туған жерін оттың құшағына беріп, төрт түлік малымен қоса бар дүниесін аластайды. Жер бетінде жыбыр етер тіршілік қалмайды.
-
4-сұрақ
Ханның қиянатын құптамаған ақылгөй қарт ордаға келіп қандай тоқтам айтады?
«Ашу — дұшпан, ақыл — дос. Сабыр сақтасаң еді. Битке өкпелеп тоныңды отқа жағуға бола ма? Табаныңа кірген шөгірді кек тұтып, ойланбай әрекет етсең, ертең сол шөгір маңдайыңа тікен болып қадалады.
Боз жусан — дала тіршілігінің тірегі: күннің ыстығын қайырып, жердің дымқылын сақтайды. Малыңа азық, еліңе береке. Хош иісі мен шипалы шырыны құрт-құмырсқа, кене мен бүйенің қаптап кетуінен қорғайды. Тіл алсаң, райыңнан қайт та жеріңнің берекесін, еліңнің ертеңін ойла».
III кезең — Қозыкөш
3 сұрақ-
1-сұрақ
Жер бетінде жусан қалмаған кезде не болады?
Байтақ дала құрт-құмырсқаға, бүйе-шаянға, қарақұрт пен өрмекшіге толады. Отар-отар қойды кене буып, мал өріске шықпай қалады. Келе-келе түйені шаян шағып, өрістен қалады. Ел бүйе мен қарақұрттан қорғанып, бой жазып, ақ төсекте жата алмайды.
-
2-сұрақ
«Жұт — жеті ағайынды» дегендей, дала төсінде нелер өріп жүреді?
Тышқанға толы даланың қасқыры мен қарсағы жонданып, ұя толтыра күшіктеп, аз уақыт ішінде дала төсінде бөрілер қайтадан көбейеді.
-
3-сұрақ
Құстардың қырылғанына мән бермегенде, тағы қандай жағдай туындайды?
Қалың өрттен аман қалған тышқан мен жыланның түр-түрі жер астын сағалап көбейеді. Көкте қырандар азайған соң саршұнақ, түйеқұлақ, алақоржын, атжалман тәрізді тышқандар қаптап, дала шұрқ-шұрқ інге айналады.
IV кезең — Беласар
2 ойыншы · 2 сұрақ-
1-сұрақ
Қандай оқиғадан кейін ел үдере көшеді?
Жер тырмалап еккен азын-аулақ егіннің бәрі тышқандардың ұртында кетеді. Бір кездері гүлге оранған шүйгін дала быт-шыт болып жарылып, табаны тартылып, індет жайлайды. Сөйтіп қалың ел беті ауған жаққа дүркірей көшеді.
-
2-сұрақ
Хан ақылгөй қарттың кеңесіне құлақ аса ма?
Жоқ. Алысты ойлаған жанашыр сөзді кінәмшіл хан тыңдамай, айтылғанның бәрін кек тұтады.
V кезең — Жолайрық
1 ойыншы · финалБұл кезеңде бір оқушы ғана қалады. Ол — жеңімпаз. Соңғы қалған ойыншы аңыздың соңғы бөлігін аяқтап айтып береді:
Сонымен, сондай бақытты ел неге айналды?
Жері тозып, елі босқан хан жұртта қалған жетім күшіктей ұлып, осы далада азып-тозып өліпті дейді. Содан бері ел-жұрт бұл өңірді Бетпақдала деп атап кеткен.
Марапаттау
Ойын соңында жеңімпаз және белсенді қатысқан оқушылар марапатталады.
Ойландырушы өзек
Табиғаттағы тепе-теңдік бұзылса, оның салдары тіршілікке тұтас әсер етеді.
Дағды
Мәтінді түсіну, дәлелді әрі көркем сөйлеу, тыңдау мәдениеті мен жылдам ой қорыту.
Бағалау
Әр жауап үшін асық беріледі: асық саны — ұпай, ұпай — нәтиже.