Батыр Үрмәш видео - музыкалық монолог

Қызылорда облысы • Қазалы ауданы

Қазалы ауданы, Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылдағы Б. Әбдіразақов атындағы №88 орта мектептің музыка пәні мұғалімі Батырхан Нұрымбет ұсынған «Ұлы жеңіске — ұрпақтан тағзым» атты Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш сценарийі.

Кештің құрылымы

Бұл сценарийде музыка, видео-монтаж, өлең оқу, музыкалық монолог және ән арқылы тарихи жады мен тағзым идеясы кезең-кезеңімен ашылады.

1-бөлім

Қайғылы музыкамен видео-монтаж

Көрініс арқылы соғыс салмағын сезіндіру, кештің эмоциялық әуенін белгілеу.

2-бөлім

«Ардагерлер» өлеңі (оқитын: Рамазан)

Ардагер тұлғасын асқақтатып, елдік пен ерлікке тағзым жасау.

3-бөлім

Н. Тілендиев — «Сөнбейді, әже, шырағың» (орындайтын: Меруерт Иганберген)

Сағыныш, күтім, үміт сарынын музыкалық тілмен беру.

4-бөлім

«Батыр Үрмәш» видео-музыкалық монолог (8 минут)

Ерлік өмірбаянын көркем бейне мен дыбыс арқылы ашу.

5-бөлім

«Батыр Үрмәш» әні

Қаһармандық рухын бекіту, көрерменді ортақ сезімге біріктіру.

6-бөлім

«Аталар ерлігі — ұрпаққа ұран» әдеби-көркем құттықтау

Тарихи дерек пен поэтикалық мәтін арқылы ұрпақ сабақтастығын айту.

Өлең: «Ардагерлер»

Оқитын: Рамазан

Ардагерлер — кешегі нар тұлға жан,
Жауына найзағайдай жарқылдаған.
Елі үшін заман жүгін арқалаған,
Отан үшін оқ-оттан тартынбаған.

Ардагерлер — кешегі қыран бабам,
Ұлт үшін, ұрпақ үшін ұрандаған.
Сіздерсіз келмес еді бақытты өмір,
Сіздерсіз керек емес жыр-ән маған.

Ардагерлер — шайқалмас тіректерім,
Сезсеңдер де жастық шақ, күн өткенін.
Парасаттың үлгісін үзбедіңдер,
Бақытты өмір, бейбітшілік тілегін.

Жағдайыңа өзіңнің қарамастан,
Арпалыстың ажалмен жағаласқан.
Рухыңнан ызамен қанды кектің,
Дұшпаныңды қайғы мен қара басқан.

Ардагерлер — ақылды данасыңдар,
Шежіренің бұлағы боп ағасыңдар.
Асыл тастай санаулы қазынаңды,
Жылдан жылға азайып барасыңдар.

Кешегі қиын кезең құрдастары,
Өтер уақыт — мәңгіге тұрмас бәрі.
Бірақ сіздер мәңгілік жасайсыздар,
Сіздер — мәңгі тірліктің жыр-дастаны.

Жүргізуші мәтіні

Асылдарды ардақтаудан талмайық,
Аталардың арлы ісін жалғайық.
Әжелер-ай, аналар-ай, сан жылдар —
Үмітпенен жалғызын күткен сарғайып.

Музыка фоны: қайғылы.

Музыкалық бөлім

Н. Тілендиев — «Сөнбейді, әже, шырағың»

Орындайтын
Меруерт Иганберген
Музыка фоны
қайғылы

«Батыр Үрмәш»

Видео-музыкалық монолог. Видео-монтаж көрсетіледі.

Ұзақтығы: 8 минут

Кейін «Батыр Үрмәш» әні орындалады.

Жүргізуші мәтіні

Соғыс заңы — намыс пенен ар заңы,
Сұм соғыстың дерті ауыр, зарлы әні.
Тағзым етіп ерлікпенен елдікке,
Тек тілейік бейбіт күнді алдағы.

Музыка фоны жалғасады.

Әдеби-көркем құттықтау: «Аталар ерлігі — ұрпаққа ұран»

Поэтикалық бөлім

Соғыс деген — қара түнек қаптаған,
Айналатын қызыл қанға ақ ғалам.
Соғыс деген — сумаңдаған сұм ажал,
Тағдырларды табанында таптаған.

Соғыс деген — жан алатын шабарман,
Өртенген гүл, ол — үзілген ақ арман.
Соғыс деген — жесір әйел, жетім ұл,
Зарлы ана, ерте шашы ағарған.

Тарихи дерек және ой түйін

1933 жылы Германия мемлекетінің басына фашистік, қанқұйлы идеологияны ұстанған Гитлер келді. Ол өзімен ниеттес Италия және Жапониямен одақтасып, қарулы күштерін нығайтты. Фашистік Германия Еуропа елдеріне шабуыл жасап, оларды бірінен соң бірін жаулап ала бастады.

1941 жылдың 22 маусымында неміс-фашист басқыншылары Кеңес Одағымен жасалған келісімді бұзып, одақтас 15 республиканың шекарасына басып кірді. Бейбіт жатқан шекара бойы қанға бөктірілді.

Көптеген ұлттар мен ұлыстардан құралған Кеңес Одағының халқы Отанын, туған жерін жаудан қорғау үшін бір кісідей жұмылып, жан аямай зұлым жаумен айқасқа түсті. Осылайша Екінші дүниежүзілік соғыс өршіп, өлім мен өмір арпалысы басталды.

Неміс басқыншыларына қарсы жеңіске жетуге Қазақстан халқы, соның ішінде қазақ халқы да үлкен үлес қосты. Олар өр рухын танытып, ар-намысты таптатпайтын өжет те қайсар, батыр да қаһарман ел екенін әлемге дәлелдеді.