Сүйемін мен Отанымды, Гүл жайнаған жерімді
Тақырыбы: Отан неден басталады?
Мақсаты
Балаларды Отанды сүюге, Қазақстан Республикасының рәміздерін қастерлеуге, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға, адамгершілікке және парасаттылыққа тәрбиелеу. Туған елінің болашағына үлес қосып, елі мен жері үшін қызмет етуге баулу.
Көрнекілігі
- «Менің Қазақстаным» сурет жинағы
- Слайд материалдары
- ҚР мемлекеттік рәміздері
- Отбасы суреті
Негізгі идея
Отан ұғымы — туған ел, өскен жер, үй-іші мен отбасы. Отанға сүйіспеншілік ең жақын ортадан басталып, елге қызмет ету ниетіне ұласады.
Ұйымдастыру кезеңі
Армысыздар, құрметті ұстаздар! 1-сынып оқушыларының «Отан неден басталады?» атты сынып сағатына қош келдіңіздер!
Шаттық шеңбері
Біздер жақсы баламыз, Өсті ақыл-санамыз. Қонақтармен ең алғаш Амандасып аламыз.
Мұғалім тәрбие сағатының мақсатымен таныстырады да, балаларға сұрақ қояды: «Отан» деген сөзді қалай түсінесіңдер? Оқушылардың ой-пікірлері тыңдалады.
Сөздік анықтамасы
Қазақ тілі сөздігінде «Отан» ұғымы былай түсіндіріледі: туған ел, өскен жер, үй-іші, отбасы.
Осы ойлардың дұрыстығына көз жеткізу үшін төмендегі өлең жолдары тыңдалады.
Өлең және көрініс
Бек
Көп аузынан түспейтін, Отан деген немене? Оның тұлға-түс кейпін, Достым, білгің келе ме?
Көрініс
Ағасы ойланып отырады. Қасына кішкентай қарындасы келеді.
Қарындасы: Аға, сен не ойлап отырсың?
Ағасы: Бүгін мұғалім бізге «Отаным десем ойыма…» дегенде нелер еске түседі?» деп сұрады. Мен соны ойлап отырмын.
Қарындасы: Аға, Отан деген не?
Ағасы: Жамбыл атамыздың мына өлең жолдары есіме түсіп отыр:
Қайсар (Жамбылдан)
Отаным десем ойыма… Қайсар, шалқыған байтақ жер келер. Отаным десем ойыма… Көгілдір тартқан көл келер. Баурайы байлық, қойны құт — Отаныма ешқашан Мекен де болмас тең келер.
Ағасы: Ал сен Отан туралы не айтасың?
Ұлпан
Отан — елдің анасы, Отан — жердің анасы. Бақытты ғой дәл біздей Тәуелсіз ел баласы!
Бек (түсінік)
Отан — адамның туып-өскен жері, туған-туыстары мен жақындарымен бірге тұратын атамекені. Қазақ елінде тұратын адамдардың Отаны — Қазақстан Республикасы.
Медина
Отан — тарих, Отан — тіл, Жасаған елің, ер халқың. Отан — өлең, Отан — жыр, Көтерген көкке ел даңқын…
Ерназар
Отан — сенің ата-анаң, Отан — досың, бауырың. Отан — өлең, астанаң, Отан — аудан, ауылың.
Дарын
Бақытты боп жүргенім — Сенің арқаң, Ұлы Отан. Елім менің — тірегім, Құшағында гүл атам. Шығысыңнан арайлы Күліп атқан құба таң. Сенен бақыт тарайды Баршамызға, Ұлы Отан. Сарқылмайтын қуатым, Тірегімсің сен, Отан. Мәңгі соғып тұратын Жүрегімсің сен, Отан!
Музыкалық сәт
Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.
Дана
Отан деген — атамекен, Отан деген — туған жер. Отан — ана, Отан — пана, Қазақстан — туған ел. Отанды біз атамекен Деп аялап айтамыз! Өйткені оны мекен еткен Бабамыз бен атамыз.
Қарақат
Отан — жерім, Отан — суым, Отан — қуат, нәр береді. Отан — ұран, Отан — туым, Отан мәңгі гүлденеді. Сүйемін мен Отанымды, Гүл жайнаған жерімді. Сүйемін мен ата-анамды, Мені өсірген елімді.
Әмина
Біз жас ұлан — Отан-ана өркені, Үміт артқан болашағы, ертеңі. Туған елдің даңқын көкке өрлетіп, Гүлге бөлеп жасартамыз өлкені.
Қадыржан
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем, Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем. Мен оның қасиетті тілін сүйем, Мен оның құдіретті үнін сүйем. Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған, Бәрі маған: «Отан» деп сыбырлаған. Жаным менің, кеудемді жарып шық та, Бозторғайы бол оның шырылдаған! Отан! Отан! Бәрінен биік екен. Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем. Отанды сүймеуің де күйік екен, Отанды сүйгенің де күйік екен…
Мұғалім (өлең)
Аспанымдай мөлдірмін, Жайлауымдай жазықпын. Өзенімдей өршілмін, Гүлдерімдей нәзікпін. Қуат алған өзіңнен, Туған елдің ұлымын. Бақытты етіп өсірген — Отанымның ұлымын!
Ән
Кезекті ер балалардың орындауында «Ел қорғауға әзірміз» әні тыңдалады.
Сұрақ-жауап: туған ел туралы білім
Негізгі сұрақтар
- Қай елде тұрамыз?
- Қазақстанда.
- Туған жеріміз қалай аталады?
- Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Ақжігіт ауылы.
- Қазақстан жері қандай?
- Жері үлкен, әдемі әрі бай.
- Тәуелсіздікке неше жыл?
- 26 жыл.
- Елордамыз қай қала?
- Астана.
- Астанадан нені білеміз?
- Бәйтерек.
- Елді кім басқарады?
- Елбасымыз — Н. Ә. Назарбаев.
- Мемлекеттік рәміздеріміз қандай?
- Ту, Елтаңба, Әнұран.
- Тудың түсі қандай?
- Көгілдір.
Рәміздер туралы жыр
Қайсар
Қазақстан байрағы — Зеңгір аспан көгілдір, Алтын күні төрінде. Тамылжытып төгіп тұр, Шаттық сыйлар көңілге. Көк аспандай көгілдір Қазақстан байрағы. Тұрса күндей төгіп нұр, Жылдарымыз жайдарлы. Көк байрақтың бетінде Қыран бүркіт қанатты. Сол қырандай еркіндеп, Қазақстан — менің Отаным. Асыл өлкем ерекше, Қазақстан — мекенім! Беп-белгілі емес пе Сенің ғажап екенің! Биік болсын шоқтығың, Атыңды айтам ән қылып. Желбірейді көк туың — Төбемізде мәңгілік!
Ақниет
Қазақстан — көк байрақты ел едің, Сен дегенде лүпілдейді жүрегім. Өзің менің мақтанышым, тірегім, Өзің менің қуанышым, бақытым.
Нұрғиса
Отан дейміз от жаққан жерімізді, Отан дейміз өсірген елімізді. Отан дейміз туған жер, атамекен — Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
Али
Қойнауы мол кенге тұнған, Кең жайлауы малға толған, Жерұйықтай жері дархан, Жаны жомарт елі дархан.
Бәрі: Ол — біздің Қазақстан!
Нұрбек
Туған елім, туған жерім! Туған елім — бұл менің! Өз елімде өз тынысым Кең менің. Туған жерді көркейтем деп арманым, Қандай әсем, қандай көркем жерлерің! Өз елімнің патриоты мен болам, Қасиетті туған жерім — кең далам. Өзгелерден қымбатсың ғой сен маған, Тату-тәтті, бейбіт қана ел болған. Отанымды, туған жерді сүйемін, Сен дегенде лүпілдейді жүрегім. Туған жерге сүйсінумен әрдайым Отаныма бар жақсыны тіледім.
Хор
Отан, туған жер туралы мақал-мәтелдер айтылады.
Еркеназ
Отан дейміз кең-байтақ астананы, Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы. Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ, Ол бірақ өз үйіңнен басталады.