Бүгінгі түн Қызыр түні
Тәрбие сағатының мақсаты
«Қош келдің, құтты Наурызым!» тәрбие сағатының негізгі мақсаты — оқушыларға Наурыздың жыл басы екенін, оның діни мейрам емес, ұлттық мейрам екенін тарихи тұрғыда түсіндіру.
- Ата-бабадан ұрпаққа жалғасқан ұлттық тәрбиенің мәнін таныту.
- Өлең, мақал-мәтелдер арқылы оқушылардың тілдік қорын дамыту.
- Өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру, салт-дәстүрді қастерлеуге баулу.
- Ата-ана, оқушы, ұстаз және жұртшылық өкілдерінің ынтымақтастығын күшейту.
- Қазақ халқының тілі мен ділін, әдет-ғұрпын, дәстүрін сақтауға тәрбиелеу.
Көрнекілік және сахналық орта
Көрнекілігі
- Безендірілген зал
- Қазақы үй (киіз үй үлгісі)
- Ұлттық бұйымдар
Өту барысы
Сахнада тігілген үй, сәнді безендіру, жаюлы дастарқан көрініс табады. Бағдарлама көркем сөз, ән, би және шағын сахналық диалог арқылы өрбиді.
Көркем сөз: «Сәлем, көктем»
Сәлем, көктем! Сәлем, көктем,
Мен қайтадан туылдым,
Көк аспанның күмісімен жуындым.
Көк мұз жапқан шатқалында көкейдің,
Ақ арманның бүрлейтінін ұғындым.
Сәлем, көктем,
Таңғы самал ескенде,
Бұлт гүл болып өскенде,
Дәл мен сынды, көңілмен де, еспен де,
Көк шөппенен жыр жазбаған еш пенде.
Сәлем, көктем,
Өрнек қандай су салған,
Жасыл қырат — жасыл сағым бусанған.
Жас шағымда жиі ағатын жұлдыздың,
Жұпар исін жұта берем жусаннан.
Сәлем, көктем,
Өліп кетпеу үшін мен,
Күннің нұрын жүрегіме түсіргем.
Аспан асты — керемет той, аста-төк,
Ағыл-тегіл жұлдыз нұры ішілген…
Бірге
Сәлем, көктем,
Өркеш-өркеш томарың…
Сәлем, көктем, қаз-үйректім, қоғалым!..
Қаулап шықты жауқазындар сүт аңқып,
Қауызында сақталса еді обалым!..
Сәлем, көктем!
Кіл еңбекқор, кіл асқақ
Құмырсқалар жағдайымды сұрасқан.
Көңілімнің оркестрін ойнатты,
Тырналардан нота түзген мына аспан!..
Ән: «Шақырады көктем»
Орындайтындар: сахналық топ
Сахналық көрініс: үйді аластау және ақ тілек
Кейіпкерлер
- Шал — Оразбек
- Кемпір
- Бала — Болат
- Келін — Жақсыгүл
Кемпір
Уһ! Шал екеуіміз талай үйге кіріп-шығып, ағайын-жамағатқа, көрші-қолаңға жақсы ниетіміз бен тілегімізді білдірдік. Көрісіп, қуанысып қалдық. Уақыт та біршама болып қалыпты. Келін шырағым, адыраспан әкелші, үйді аластап жіберейін.
(Үйді аластайды.)
Аластау сөзі
Алас-алас, әр пәледен алас! Қараңғы — жарыққа, ызғар — жылыға, қара — аққа ауыссын! Жамандық кет! Бәле-жала кет! Алас! Алас!
Сор — баққа, кесір — киеге. Жоқ — барға ауыссын! Жамандық кет! Бәле-жала кет! Алас! Алас!
Кемпір
Балалар, төрге қос шырақ жағыңдар. Үйдегі ыдыс атаулының бәрін аққа, ырысқа, кәусәр бұлақтың суына толтырып қойыңдар.
(Үйде абыр-сабыр әрекет: төрге қос шырақ жағылады.)
Кемпір
Жыл бойы ақ мол болсын!
(Ыдысқа ақ құяды.)
Келін
Дән тасқын-тасқын, түсімге бай болсын!
(Ыдыстарға бидай, тары салады.)
Болат
Ата, әже, бүгін қандай күн? Таң атқалы тыным жоқ: үйді жылан жалағандай тазартып, түрлі тағам әзірледік, үстімізге сәнді киім киіп алдық. Бұрын «жат, жат» деуші едіңдер, бүгін түн ортасы болса да, әлі ұйықтаған жоқпыз.
Әжесі
Балам, бүгін ерекше күн — Наурыздың 21-і. Осы түні даланы Қызыр аралайды. Бүгінгі түн — Қызыр түні.
Болат
Ата, Қызыр деген кім?
Атасы
Қызыр — адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, жақсылықтың жаршысы. Жаңа түскен күннің нышаны — Қызыр баба: назары жерге түссе, тоң кеудесін жібітеді, тасқа түссе, тасты да ерітеді дейді.
Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6:00-де себездеп атқанда, біздің өңірімізде бұл мезет түнгі 3:00-ке тұспа-тұс келеді. Сондықтан қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурыз күні таңғы сағат 3:00-де қарсы алады. Дәл осы сәтте Қызыр баба даланы аралап, Самарқанның көк тасын ерітеді деп сенген.
Дәстүрлі сұрау-тілек
Самалық, самалық,
Көк құс көзін ашты ма?
Аяғын жерге басты ма?
Самалық, самалық,
Самарқанның көк тасы,
Жібіді ме, көрдің бе?
Самалық, самалық,
Қап тауының көк құсы,
Жүгірді ме, көрдің бе?
(Балалар қойнында көжегі, қолында нәуірезегімен жүріп, үлкендерге осы сөздерді айтып, амандасады.)
Жүргізушілер сөзі: Наурыз мәні
І жүргізуші
Жаса, Наурыз! Жаса, көктем!
Жаса, достық, күн, тіршілік!
Болсын ұмыт мұңдар өткен,
Мейірімділік күлсін шығып.
Наурызда жаңа жыл басталады,
Естіледі көктемнің асқақ әні.
Ақ көңілмен, ақ сүтпен қарсы алайық,
Мына келген тәй-тәйлап жас баланы.
Наурызда жаңа жыл басталады —
Жаңа жыл жақсылыққа бастар әні.
Жер-ана да бусанып қозғалады,
Ақ көрпесін сыпырып тастағалы.
ІІ жүргізуші
Көктемді жыл басы, табиғаттың жаңаруы деп білеміз. Өйткені көктемде ұйқыдағы аң оянып, жер көктейді. Сай-сала суға толып, алғашқы гүлдер бүр жарады, құстар мекеніне қайта оралады.
Наурыз мейрамы — Шығыс халықтарының көпшілігінде мұсылман діні қабылданғанға дейін-ақ пайда болған, көктем мен еңбектің ежелгі мерекесі. Наурыз — тек көктемнің ғана емес, ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы.
Ұлыстың ұлы күнінде ел ішіндегі дау-жанжал тоқтап, адамдар өкпе-ренішін ұмытып, кешірімге келіп, татуласқан. Халқымыз мол дастарқан жайып, ақжарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, амандық сұрасып, жастарға ақ батасын берген.
Би: «Шашу»
Сахналық рәсім және береке нышаныОсы сәтте әжелер шашу шашады, ал келіндер жеті күлше таратады. Бұл — молшылықтың, ынтымақтың және ақ ниеттің белгісі.
ІІ жүргізуші
Бұл күн — күн мен түн теңелетін, жан-жануар төлдейтін, адамдардың аузы аққа тиетін, жер жүзінде шаттық орнайтын күн.
І жүргізуші
Наурыз — бақыттың бастамасы, жақсылықтың жыршысы, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін күн.
Қорытынды тілек
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын!