Біздің заманымызға дейінгі жазу сызулар мен аңыз жырлар

Күнделікті сабақ жоспары • Қазақ әдебиеті • 9-сынып

16. Ежелгі дәуір әдебиеті 17. Алып – Ер Тұңғаны жоқтау 18. Орхон ескерткіштері (VIII ғ.) 19. Қорқыт ата кітабы (VIII–IX ғғ.) 20. Оғыз қаған жыры

Сабақтың тақырыбы: Ежелгі дәуір әдебиеті

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Сабақтың әдісі

Сұрақ-жауап, шығармашылық ізденіс.

Көрнекілігі

Кітаптар, қосымша материалдар.

Пәнаралық байланыс

Тарих.

Сабақтың мақсаты

  • Ежелгі дәуір әдебиеті туралы түсінік қалыптастырып, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру.

  • Оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа және асыл қасиеттерге тәрбиелеу.

  • Мәнерлі сөйлеуге дағдыландыру, ой-өрісін, ойлау қабілетін және шығармашылық ізденісін дамыту.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
  • Оқу құралдарын тексеру.
  • Сынып тазалығына көңіл бөлу.
  • Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

2) Үй тапсырмасын пысықтау

Үйге берілген тапсырма сұралады. Оқушыларға тақырыпты еске түсіруге бағытталған бірнеше сұрақ қойылады.

3) Жаңа сабақты түсіндіру

Ежелгі дәуір әдебиеті — біздің заманымызға дейінгі жазу-сызулар мен аңыз-жырларға сүйенетін рухани мұра. Ұлан-байтақ қазақ жері кемінде 3–5 мың жылдық тарихы бар көне мәдениет ошақтарының бірі саналады.

Ежелгі тайпалар мен тарихи негіз

Қазақтардың арғы ата тегі — біздің жыл санауымызға дейін-ақ Қазақстан аумағында өмір сүрген сақтар, ғұндар, үйсіндер. V ғасырдан бастап “түрік”, “түркілер” атауы кең тарай бастады.

Сақтар біздің заманымыздан бұрын Монғолия мен Дунай арасын мекендеген. “Сақ” сөзі қазақ тілінде бүгінге дейін сақталған: сақа (асық), сақпан, сақшы, қып-сақ (қыпшақ) және т.б.

Жазба деректер мен Алтын адам ескерткіші

Көшпелі сақтар туралы мәліметтер көне грек тарихшысы Геродоттың “Тарих” еңбегінде және қытай шежірелерінде сақталған. Зерттеулер сақтардың 26 әріптен тұратын жазуы болғанын көрсетеді.

“Аға, саған бұл ошақ! Ошағынан безгендер, тізеңді бүк! Халықта азық-түлік мол болғай!”
Есік қаласы маңынан табылған күміс тостағандағы жазу (Алтын адамның жанынан).

Алтын адамның біздің заманымызға дейінгі VII–V ғасырларда өмір сүргені анықталған. Күміс тостағандағы жазудың тілдік сипаты VIII ғасырдағы Орхон жазуларына жақын екені айтылады.

Аңыз-жырлар қоры

Сақ және ғұн дәуірлерінен жеткен аңыз-жырлар қатарында Тарғытай, Алып – Ер Тұңға, Тұмар патшайым, Ширақ батыр, Зарина, Мөде батыр туралы әңгімелер бар.

Тұрмыс-тіршілік және мәдени айғақтар

Ежелгі түркі дәуірінің мәдени-әдеби ескерткіштерін түсіну үшін қазақ халқын құраған тайпалық бірлестіктердің тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік өмірін білу маңызды. Орта Азия мен қазіргі Қазақстан даласында сақтар, ғұндар, үйсіндер өмір сүріп, алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінде аңшылықпен, егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысқан.

Мұны сақтардың бұғы, арқар, арыстан, самұрық бейнелерін алтыннан құйып жасағанынан, өнеріндегі аң стилінен байқауға болады.

Көне түркі жазуы және руна ескерткіштері

Түркі қағанаты тұсында түркі тілінің қолданылу аясы кеңейіп, ұлан-ғайыр өлкедегі негізгі тілге айналды. Таңбалар ру символдарына ұқсас болды. Көне түркі жазуы кейін тіл тарихында руна жазуы деп аталды. “Руна” сөзі “құпия”, “сыры ашылмаған” деген мағына береді.

Руна жазуындағы ескерткіштер тілі VI–X ғасырлардағы оғыз, ұйғыр, қырғыз, қимақ, қыпшақ сияқты көптеген түркі тайпаларына ортақ жазбаша әдеби тіл қызметін атқарған.

4) Кітаппен жұмыс

Оқушылар кітаптан ежелгі дәуір әдебиеті туралы мәтінді оқып, түсінгендерін қысқаша баяндайды.

5) Білімді бекіту

Өтілген тақырып бойынша бірнеше сұрақ қойылады. Түсінбеген тұстарына түсіндірме беріліп, жауаптары нақтыланады.

6) Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі мен тапсырмаларды орындауына қарай білімдері бағаланады.

7) Үй тапсырмасы

Ежелгі дәуір әдебиеті туралы мәтінді оқып келу. Тақырыптың толық нұсқасымен танысып, негізгі ұғымдарды конспект жасау.