Өтініштің деректемесі

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Сабақтың мақсаты: оқушыларға өмірбаян мен өтініш түрлері туралы түсінік беру.

Білімділік

Өмірбаян мен өтініш құрылымы және олардың қоғамдағы орны туралы мәлімет беру.

Дамытушылық

Шығармашылықты, сауаттылықты және іскерлік қабілеттерді дамыту.

Тәрбиелік

Құжат үлгілерін толтыруда ұқыптылыққа, тиянақтылыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу.

Сабақтың типі: аралас сабақ

Әдіс-тәсілдері: түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгімелеу, өзіндік жұмыс, көрнекілік

Көрнекілігі: құжат үлгілері, үлестірмелі қағаздар, интерактивті тақта

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Білім алушылармен амандасу.
  • Сабаққа қатысымды тексеру.
  • Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

II. Үй тапсырмасын тексеру

  1. Өзіңізге түйіндеме жазыңыз.
  2. Досыңызға мінездеме жазыңыз.

Бекіту тәсілі: Венн диаграммасы арқылы.

III. Жаңа білімді меңгерту

Өмірбаян — жеке адамның өмір жолы хронологиялық тәртіппен жазылатын ресми құжат.

Өмірбаянның деректемелері

  • Құжаттың атауы
  • Автордың аты-жөні (аты, әкесінің аты, тегі)
  • Туған күні, айы, жылы; туған жері
  • Ата-анасы туралы мәлімет (аты-жөні, жұмыс орны)
  • Білімі және мамандығы
  • Еңбек жолы (атқарған қызметтері)
  • Соңғы жұмыс орны мен қызметі
  • Марапаттары мен құрмет белгілері
  • Қоғамдық жұмыстарға қатысуы
  • Отбасы жағдайы және құрамы
  • Мекенжайы және телефоны
  • Жазылған күні; жеке қолы; аты-жөні

Өтініш — мекеме басшысының атына жазылып, белгілі бір тілек-өтінішті білдіретін құжат.

Өтініштің деректемелері

  • Адресат (кімге)
  • Құжаттың атауы
  • Мәтін
  • Күні
  • Өтініш иесінің қолы, аты-жөні

Өтініштің түрлері

  1. Жұмысқа қабылдау туралы
  2. Жұмыстан босату туралы
  3. Басқа қызметке ауысу туралы
  4. Демалыс беру туралы

Үлгілер

Өмірбаян үлгісі

Өмірбаян

Мен, Баймұрат Кәрімұлы Манаров, 1966 жылдың 1 желтоқсанында Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Ақбалық ауылында дүниеге келдім. Әкем — Кәрім Манарұлы, соғыс ардагері. Шешем — Нұржамал Есентемірқызы, зейнеткер.

1973 жылы Ақбалық ауылындағы орта мектептің 1-сыныбына қабылдандым. Мектепті 1983 жылы бітірдім. 1983 жылы Көкшетау педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түстім. 1988 жылы аталған институтты бітірдім.

1988 жылдан бері Көкшетау қаласындағы № 2 орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарып келемін. Үйленгенмін. Жұбайым — Айнаш Қожантайқызы, № 17 мектепте ағылшын тілі мұғалімі. Ұлым Қажымұқан 3 жаста, «Аққу» балабақшасына барады.

Мекенжайым: Көкшетау қаласы, Абылай хан даңғылы, 9-үй, 22-пәтер. Тел.: 42-28-22.

Күні: 04.05.2007 ж.

Қолы: Б.К. Манаров

Өтініш үлгісі

Ш.Құдайбердиев атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, проф. А.С. Қаппаровқа

Филология факультетінің 2-курс студенті А.М. Оспановадан

Өтініш

Мені денсаулығыма байланысты филология факультетінің күндізгі оқу бөлімінен сырттай оқу бөліміне ауыстыруыңызды өтінемін.

Күні: 27.06.2007 ж.

Қолы: А.М. Оспанова

Практикалық тапсырмалар

  1. Сұхбатпен танысып, Марат Ержанұлының өмірбаянын жазыңыз.
  2. Өтініштегі сөйлемдерді дұрыс ретпен орналастырыңыз.
  3. Өтініштерді оқып, қателерін табыңыз.
  4. Бланк бойынша өтініш толтырыңыз.
  5. Жағдаяттар бойынша өтініш жазыңыз.

1) Сұхбат мәтіні

Журналист: Сәлеметсіз бе, Марат Ержанұлы?

Марат Ержанұлы: Қайырлы күн! Кім боласыз? Қандай шаруамен келдіңіз?

Журналист: Менің аты-жөнім — Сағатова Жанар Маратқызы. Мен «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісімін. Кеше телефон арқылы сіздің хатшыңызбен сөйлескенмін.

Марат Ержанұлы: Иә, есімде. Кездесу сағат үшке белгіленген еді. Кіріңіз, отырыңыз. Қандай сауалдарыңыз бар?

Журналист: Фирмаңыз және жетістіктеріңіз туралы көп айтылып жүр. Фирманың басшысы әрі негізін қалаушы ретінде өзіңіз туралы әңгімелесуге қалай қарайсыз?

Марат Ержанұлы: Қарсы емеспін. Сұраңыз.

Журналист: Бірінші сауал: сіз қай жерде, қашан, қандай отбасында дүниеге келдіңіз?

Марат Ержанұлы: Туған жерім — Атырау қаласы. 1971 жылдың 15 қазанында дәрігерлер отбасында дүниеге келдім.

Журналист: Қай жерде білім алдыңыз?

Марат Ержанұлы: № 12 қазақ орта мектебін бітірген соң, Алматы қаласындағы заң университетіне оқуға түстім. Университетті экономист мамандығы бойынша бітірдім. Кейін 2 жыл аспирантурада оқыдым. 1995 жылы Қазақстанның сыртқы экономикасы тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым.

Журналист: Еңбек жолыңызды неден бастадыңыз?

Марат Ержанұлы: Алғашында мамандығым бойынша 2 жыл «Арай» компаниясында жұмыс істедім. Кейін жеке фирма ашу туралы шешім қабылдадым. 1998 жылы «Қазмұнайгаз» фирмасы құрылды. Содан бері осы фирманың президенті қызметін атқарып келемін.

Журналист: Отбасыңыз туралы не айтасыз?

Марат Ержанұлы: Әке-шешем — зейнеткерлер, Атырау қаласында тұрады. Зайыбым Айнұр — балалар дәрігері. Ұлым Арман 3-сыныпта оқиды.

Журналист: Адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?

Марат Ержанұлы: Меніңше, кез келген адам адал әрі қайырымды болуға тиіс.

Журналист: Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

Марат Ержанұлы: Қызмет бабына байланысты бос уақыт аз. Дегенмен, мүмкіндігінше отбасыма көбірек уақыт бөлуге тырысамын. Бильярд ойнағанды және жаттығу залына барғанды жақсы көремін.

Журналист: Сұхбатыңызға көп рақмет. Сау болыңыз.

2) Сөйлемдерді дұрыс орналастыру

1-қатар

2005 жылдың 15 қарашасынан бастап отбасылық жағдайыма байланысты 1 апта кезектен тыс еңбек демалысын беруіңізді сұраймын.

2-қатар

Мені осы жылғы 15 шілдеден бастап жетекші маман-үйлестіруші қызметіне қабылдауыңызды сұраймын.

3-қатар

Менің балам Асылхан Өмірбековті 5-сыныпқа қабылдауыңызды сұраймын.

3) Өтінішті оқып, қателерін табу

Мәтін (талдауға арналған)

Алматы қаласындағы № 135 қазақ орта мектебінің директорына А. Асылбеков ағайға
Физика пәнінің мұғалімі Қадырова Самалға

Өтініш

Мені 2004 жылғы 12 наурыздан бастап өз еркіммен физика пәнінің оқытушысы қызметінен босатуыңызды сұраймын.

Қолы _____________

12.03.2004 ж.

Назар аударатын тұстар:

  • Адресат пен өтініш иесінің деректемелері ресми түрде, толық көрсетілуі керек (лауазымы, аты-жөні).
  • «Ағайға» сияқты бейресми сөз қолданысы құжат стиліне сай емес.
  • Күні мен қолы стандартқа сай бірізді орналасқаны дұрыс.

4) Бланк бойынша өтініш толтыру

______________________ (мекеме атауы)

______________________

______________________ (мекеме басшысының аты-жөні)

Кассир А.Р. Әлиевадан

Өтініш

__________________________________________ байланысты (ауысудың себебі жазылады)
__________________________________________________________ (құрылымдық бөлімшенің атауы жазылады)
__________________________________________________________ (қызметінің атауы жазылады)
ауыстыруыңызды өтінемін.

____________ (күні, айы, жылы) ________ (қолы) ________ (аты-жөні)

5) Жағдаяттар бойынша өтініш жазу

  • Материалдық көмек сұрау туралы.
  • Отбасы жағдайына байланысты ақысыз демалыс сұрау туралы.
  • Жұмысқа қабылдау туралы.

Жіңішке және жуан сұрақтар

  • Өмірбаян қандай құжат?
  • Өмірбаян қандай жағдайда жазылады?
  • Өтініштің құрылымын атаңыз.
  • Өтініш бойынша қандай құжат шығарылады?
  • Өтініштің түрлерін атаңыз.

Үй тапсырмасы және бағалау

Үйге тапсырма

  1. Өз өмірбаяныңызды жазыңыз.
  2. Академиялық демалыс алу туралы өтініш жазыңыз.

Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі, құжат құрылымын дұрыс қолдануы, сауаттылығы және практикалық тапсырмаларды орындау сапасы бойынша бағаланады.