Өлеңнің құрылысы

Сабақтың мақсаты

  • Міржақып Дулатұлының «Қирағат» жинағына енген «Шешенің балаларын сүюі» өлеңінің мағынасын түсіндіру.
  • Адамгершілікке, имандылыққа, ата-ананы құрметтеуге, ұлттық салт-дәстүрді сақтауға және елжандылыққа тәрбиелеу.
  • Оқушының сыни ойлауын дамыту, ой-өрісін және дүниетанымын кеңейту.

Үй тапсырмасын тексеру: тест сұрақтары

Тапсырма тест әдісімен сұралады. Әр сұраққа бір дұрыс жауап таңдаңыз.

  1. 1) Міржақып Дулатов қай облыста дүниеге келген?

    • а) Семей облысы
    • ә) Талдықорған облысы
    • б) Оңтүстік Қазақстан облысы
    • в) Торғай облысы
  2. 2) Міржақып қандай оқу орнында оқыған?

    • а) Орынбор рабфагінде
    • ә) Торғай қаласының орыс-қазақ мектебінде
    • б) Петербург артиллерия училищесінде
    • в) Ахмет-Риза медресесінде
  3. 3) Сол кезеңдегі қазақ оқығандарының бас қосатын орны қай қала болды?

    • а) Алматы
    • ә) Торғай
    • б) Омбы
    • в) Орынбор
  4. 4) Омбыда ол кіммен танысады?

    • а) Шәкәрім Құдайбердиев
    • ә) Ахмет Байтұрсынов
    • б) Мағжан Жұмабаев
    • в) Жүсіпбек Аймауытов
  5. 5) Міржақыптың «Жастарға» өлеңі қай басылымда жарық көрді?

    • а) «Түркістан уәлаятының газеті»
    • ә) «Дала»
    • б) «Серке» газеті
    • в) «Айқап» журналы
  6. 6) 1909 жылы қазақ даласын дүр сілкіндірген үш кітап:

    • а) «Терме», «Азамат», «Жұмбақ»
    • ә) Абайдың өлеңдер жинағы, «Қырық мысал», «Оян, қазақ»
    • б) «Домбыра», «Қырамсақ», «Көкпар»
    • в) «Алтын құс», «Алмас қылыш», «Көшпенділер»
  7. 7) Міржақыптың қазақ әдебиет тарихындағы ерекше орны қандай?

    • а) Публицист
    • ә) Қазақ әдебиетінде тұңғыш роман жазған
    • б) Табиғат лирикасы тақырыбына тұңғыш қалам тартқан
    • в) Тұңғыш дәрігер-жазушы болған

Жаңа сабақ: өлеңнің туу негізі

Міржақып Дулатұлы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық дәстүрін жалғастырған. Мұғалімдік қызметінің алғашқы жылдарында оқулық тапшылығын көріп, осы бағытта өнімді еңбек етті.

1911 жылы бастауыш сыныптарға арналған «Қирағат» оқу құралына Абай мен Ыбырай шығармаларын, сондай-ақ өзінің шағын туындыларын енгізді. Сол жинақтағы өлеңдердің бірі — «Шешенің балаларын сүюі».

Сөз сырына саяхат

«Шеше» сөзінің мәніне үңіліп, өлеңді оқығанда ананың түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтімен өсірген баласының жалқау да тентек болмай, «адамдықты ақтайтын адам бол» деп тілейтіні айқын көрінеді.

Әдеби талдау

Тақырып

Өлеңнің тақырыбы — ананың балаға деген махаббаты.

Идея

Өлеңнің идеясы — ананы сүю, құрметтеу және балаға ана қадірін ұқтыру.

Өлеңнің құрылысы

  • 4 шумақ, 16 тармақ
  • 11 буынды
  • Қара өлең ұйқасы: (а, а, б, а)
  • Сұрақ-жауап үлгісі басым (сұраулы және хабарлы сөйлемдер)

Көркемдік ерекшелігі

Өлеңде эпитет пен тұрақты тіркестер қолданылады. Эпитет — заттың не құбылыстың қасиет-сапасын айқындайтын көркем анықтауыш.

Эпитеттер

сорлы ана, байғұс ана

Тұрақты тіркестер

төбесі көкке жету, түн ұйқысын төрт бөлу

Қысқаша қорытынды талдау

Тақырыбы

Ананың балаға деген махаббаты

Идеясы

Ананы сүю, құрметтеу

Жанры

Поэзия

Құрылысы

11 буынды, 4 шумақ, 16 тармақ, қара өлең ұйқасы

Ақын өмірінен дерек

Міржақыптың анасы Дәмеш қарапайым, жұмсақ мінезді болған. Той-думандарда жан тебірентер әсем даусы атақты әншілердің өзін таңқалдырғаны айтылады. Әжесі ұста болған.

Ақын анасынан екі жасында айырылған. Сондықтан өлең астарында анасына деген терең сағыныш пен ұлы махаббат жатқанын байқауға болады.

Тапсырмалар: ой қозғау және сөзжұмбақ

Сөзжұмбақ: «Аналар»

  1. 1.Адам атаның қасындағы ана
  2. 2.Шоқанның әжесі
  3. 3.Толағайдың анасы
  4. 4.Абайдың анасы
  5. 5.Жиренше шешеннің дана жары
  6. 6.Абайға ертегі айтқан әжесі

Осыған дейін өткен шығармалар

Ана тақырыбы — мәңгілік тақырып. Бұған дейін қарастырылған туындыларды еске түсіріп, салыстырып көрейік:

  • Баубек Бұлқышев — «Ана»
  • Төле бидің шешендігі — «Ананың арқасы»

Дәйексөз және талқылау

«Менің атым — әйел, мына қыздың анасымын. Бәрің де анадан туылдыңдар. Анамен алыспайды да, атыспайды да.»

Ғ. Мүсірепов, «Ананың анасы»

Болжау сұрағы

XXI ғасырдағы ананың тауқыметі неде? Жұмыссыздық, отбасы жауапкершілігінің артуы, нарық қысымы, ата-ана еңбегін бағаламау, перзенттік борышты түсінбеу сияқты мәселелерді қалай еңсеруге болады?

Тренинг: «Эпитет»

«Ана» сөзіне лайық эпитеттерді топтастырайық:

сымбатты аяулы парасатты мейірімді биязы қымбатты кішіпейіл көрікті маңғаз

Бекіту сұрағы

Аналарымыз әрдайым осындай ажарлы, аман-есен болуы үшін біз не істей аламыз? Мысалы: жақсы оқу, үмітін ақтау, көмектесу, жылы сөз айту, сыйлау.

Қорытынды

Ана әлдилеген әлем әрқашан жақсы болмақ. Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, болашаққа сенімі — ата-анасын ардақ тұтып, перзенттік парызын ұмытпауымен өлшенеді. Бүгінгі сабақ осы құндылықтарды тереңірек түсінуге жетелейді.

Үй тапсырмасы

1) Жинақтама кесте

Міржақып шығармаларын мына бөлімдер бойынша бөліп жазыңыз: жинағы, прозасы, публицистикасы, поэзиясы, қалам тартқан басылымдары.

Мысал туындылар

«Оян, қазақ», «Бақытсыз Жамал», «Біздің мақсатымыз»

Өлеңдері

«Жастарға», «Жас қазақтар, қайдасың?»

Пьесасы

«Балқия»

Басылымдары

«Қазақ», «Серке», «Ульфат», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ»

2) Ойтолғау

«Анаға құрмет көрсету — адам баласының парызы» тақырыбында шағын эссе жазыңыз.

Бағалау өлшемі

  • Ойдың нақтылығы мен дәлелі
  • Тіл мәдениеті, сауаттылық
  • Құндылықтарды ашу (құрмет, жауапкершілік)

Бағалау

Сабақ барысындағы белсенділік, талдау сапасы, жауаптың дәлдігі және тапсырмаларды орындау деңгейі бойынша бағаланады.