Егемен еліміздің тізгінін ұстар болашақ ұрпақ Махамбет жырларымен сусындап, ондағы ерлік сезімімен қаруланулары шарт
Ерлік пен елдік – Махамбет ұраны
Махамбет — өзіне ғана тән қуатты қасиетімен батырлар тарихында да, ақындар тарихында да жарық жұлдыздай дара тұрған теңдесі жоқ тұлға. Ж. Құлиев айтқандай, ол — «жеке тұратын дара да дана тұлға».
Ерлік жасалмаса, ешкім де қалам тербемейді — бұл рас. Абайша айтқанда, «қалың елім, қазағым, қайран жұртымның» басына түскен тарихи теперіш аз болған жоқ. Ал өр де ер Махамбеттей жалынды ақынның жырлары бізді тарих тереңіне еріксіз үңілтпей қоя ма?
М. Шаханов «Төрт ананың» бірі санаған ұлы тарихтың рухани кәусар бұлағы — әдебиетпен сабақтастығы да осында. Махамбет — Абай сынай бағалаған «өлеңі бірі жамау, бірі құрау» ақындардың қатарынан табылмай, халық мұңын мұңдап, қуанышын да, қайғысын да шынайы жырлаған ақын. Оның жалынды өлеңдері арқылы өзі өмір сүрген дәуірдің шындығы ашылды.
Неге Махамбетсіз XIX ғасырды тану мүмкін емес?
XIX ғасырдағы қазақ тарихын зерделегенде, әдебиетші қауым үшін Махамбеттің өлеңдерінсіз ол дәуірге «аттап басу» қиын. Абай — ұлы ақын, Сәкен — төңкерісшіл ақын, Сәбит — халық жазушысы, Бейімбет — кедей табының жыршысы десек, Махамбетті қазақ әдебиетінде жауынгер ақын, күрескер ақын деп танимыз. С. Қирабаевша айтсақ, ол — ерлік пен елдіктің жыршысы.
Ойшыл Сартр «құдыққа үңіле берсең, ол өзіне тартып әкетеді» деген. Махамбет әлемі де сондай: Абайды немесе Мұхтардың «Абай жолын» қайта-қайта оқыған сайын жаңа тереңдік ашылатыны сияқты, Махамбеттің өлеңдері де әр оқыған сайын поэзияға құштарлығыңды арттырып қана қоймай, өз әлеміне жетелейді.
Бұл тұрғыда Махамбет жырлары ғылыми айналымда жүргенімен, оның психологиялық әрі философиялық қырлары әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Ақынның ішкі әлемі күрделі: оған асықпай, жоғары білім мен сабыр, ақыл мен парасат арқылы жақындау керек.
Зерттеуге ашық кеңістік
Бүгінгі махамбеттанушылар да ақынның ішкі әлеміне қадам басудың жолын іздеп келеді. Махамбеттанушы ғалым Оңайгүл Тұржанның «Махамбет — нейролингвистикалық тұрғыдан да, тұжырымдамалық тұрғыдан да шексіз зерттеле беруге қабілетті әлем» деуі — соның айғағы.
Әлемдік деңгейдегі назар неге керек?
Ағылшындар ұлы Шекспирді бірнеше ғасыр бойы зерттеп, оның шегіне жете алмады. Бұл — шығарманың ұлт тәрбиесіне, рухани болмысына ықпалының биіктігін көрсетеді. Ендеше, Махамбет жырларының сырына да әлемдік деңгейде үңілудің уақыты жеткен жоқ па?
«Шандоз» еңбегінде Әбіш Кекілбаев Махамбетті табиғат қалаған уақытында табыла бермейтін асылдай сирек құбылысқа балайды. Ол тіпті мұндай құбылыстың тек қазақта емес, жалпы адамзат тарихында да жиі кездеспейтінін атап өтеді. «Махамбет — кәдімгі он екі жілік, бір мығым жұмыр басты пенденің ертегідегідей аңызға айналуының… таптырмас бір мысалы» деуі-ақ ақын жанын тану үшін қаншалық қажыр-қайрат пен сезім тереңдігі керегін аңғартады.
Ұлттық идеяның тірегі
Махамбет ұлттық идеямызды насихаттаудың басты тіректерінің бірі болуы тиіс. Егемен еліміздің тізгінін ұстайтын болашақ ұрпақ Махамбет жырларымен сусындап, ондағы ерлік сезімімен қарулануға міндетті. Оның отансүйгіштік қуаты — аса жоғары.
Белгілі бір серпілістің қуаты үлкен патшалықты құлатуға дейін апаратыны сияқты, өлең қуатының да қоғамға ықпал ететін айрықша қасиеті барын ескеру керек.
Кез келген қоғамда поэзияның орны биік. Өйткені поэзия — қуатты сөз. Ерлік пен елдік, көркемдік пен махаббат, адам болмысына қажет ізденістердің бәрін поэзия айқындайды. Поэзия елге, қоғамға қызмет етуі керек.
Махамбет жырын түсінудің әсері
- рухани байытады;
- жылатпай, жігер береді;
- күңірентпей, қуаттандырады;
- үрейлендірмей, шабыттандырады.
Сондықтан жауынгер ақын жырларының қуатын терең зерделеу қажет.
Тарихи арқау: ұлт-азаттық қозғалыс және ақын миссиясы
Тарихтан белгілі ірі оқиға — XIX ғасырда Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасында Ресей патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған 1836–1841 жылдардағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы. Көтерілісші сарбаздарды жігерлендіріп, ұлы арман — азаттық әлеміне сеніммен бастау өр ақынның басты мұраты болды.
Халық мұраты Махамбеттің ақындық жүрегіне берік ұялады. Ақын жырларының бүгінге дейін оқырманын ерекше сезімге бөлейтін құдіреті — оның отаншыл рухында, азат өмірге деген сенімінде, поэтикалық қуатында.
Ерлік тақырыбының қос бейнесі
Махамбет жырларындағы ерлік тақырыбы екі бейне арқылы ашылады: көтеріліс басшысы Исатайдың тұлғасы және ақынның өз бейнесі. Олардың қайсарлығы мен ер мінезі — жауынгерге де, бүгінгі ұрпаққа да өнеге.
Құдайлады хан ұлы,
Іздеген жауы біз болып,
Жау қарасы көрінді,
Жиылған әскер білінді,
Исатай – басшы, мен – қосшы.
Исатайдың сол күнде
Ақтабан аты астында,
Дулығасы басында,
Зығырданы қайнайды.