Үшке тоқтау қыл

Санды 3-ке көбейту кестесі (қайталау)

Бұл сабақта кестелік көбейту мен бөлудің негізгі ережелерін қайталап, 3-ке көбейту және 3-ке бөлу тәсілдерін бекітеміз. Сонымен қатар көбейту кестесін құруды және көбейтудің ауыстырымдылық қасиетін қолдануды үйренеміз.

Сабақтың мақсаттары

1) Білімділік

  • Кестелік көбейту және бөлу ережелерін қайталау.
  • 3-ке көбейту мен бөлуді үйрету және түсіндіру.
  • Көбейту кестесін құру, ауыстырымдылық қасиетін қолдану.

2) Дамытушылық

  • Ой-өрісін, есте сақтауын және өздігінен жұмыс істеу дағдысын дамыту.
  • Пәнге қызығушылығын арттыру.
  • Ауызша есептеу қабілетін, қиялын жетілдіру.

3) Тәрбиелік

  • Өзгенің пікірін тыңдауға және ойын еркін айтуға баулу.
  • Белсенділікке, ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың форматы

Түрі

Аралас сабақ.

Әдістері

  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Топпен жұмыс
  • Ойын
  • Математикалық диктант
  • Логикалық сұрақтар

Пәнаралық байланыс

Ана тілі.

Көрнекіліктер

  • Көбейту кестелері
  • Үлестірмелі қима қағаздар
  • Көбейту кестесіне байланысты суреттер

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық:

Ал, қанекей, балалар,
Бері қарай қараңдар.
Қажет құрал, кітапты
Алдымызға алайық.
Алаңдамай басқаға,
Сабаққа назар салайық.
Дұрыс шешім табуды
Мұқияттан бастайық.

II. Үй тапсырмасын тексеру

№7. Өрнектер құрастыр және мәндерін есепте:

4 × 3 = 12

12 ÷ 3 = 4

12 ÷ 4 = 3

3 × 4 = 12

Қосымша өрнектер

  • 5 × 3 = ____
  • 6 × 2 = ____
  • 7 × 2 = ____
  • 8 × 2 = ____

Шығармашылық тапсырма: өз бетіңше 3-ке көбейту және бөлуге мысалдар құрастыр.

III. Өткен сабақты пысықтау

Өткен сабақта 2-ге көбейту кестесін өтіп, есептер шығардық. Енді оны қаншалықты меңгергенімізді сұрақтар арқылы тексереміз:

  • Көбейту амалына кері амал қандай?
  • Көбейтудің компоненттерін ата.
  • Бөлудің компоненттерін ата.

IV. Жаңа сабақ

Санға қатысты даналық сөздер қазақ мәдениетінде ерекше орын алады. Бабалар қалдырған осы нақылдарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу — біздің борышымыз. Бүгін «үш» санына байланысты ұғымдар мен тіркестерге тоқталамыз. Бұған дейін жеті саны туралы айттық. Алдағы уақытта төрт, бес, тоғыз, он бір және қырық сандары туралы да мәліметтер береміз.

«Үш» санына байланысты 25 ұғым

  1. Үш жұрт: ағайын жұрт, нағашы жұрт, қайын жұрт.
  2. Үш байлық: бірінші байлық — денсаулық, екінші байлық — ақ жаулық, үшінші байлық — он саулық.
  3. Үш қуат: ақыл қуат, жүрек қуат, тіл қуат.
  4. Үш арсыз: күлкі арсыз, тамақ арсыз, ұйқы арсыз.
  5. Үш қадірлі: ырыс қадірлі, бақ қадірлі, дәулет қадірлі.
  6. Үш қадірсіз: жастық шақ қадірсіз, денсаулық қадірсіз, жақсы жардың қадірін білмеу қадірсіз.
  7. Үш жамандық: қан төгу, кісі ақысын жеу, ескі жұртты бұзу.
  8. Үш тәтті: жан тәтті, мал тәтті, жар тәтті.
  9. Үш ақиқат: қымбат — шындық, арзан — өтірік, дауасыз — кәрілік.
  10. Үш қуаныш: алғыс алу, өзіңді көптің іздеуі, жақсы ісіңнің өшпеуі.
  11. Үш биік: билік, дәулет, даналық.
  12. Үш тұл: қайратсыз ашу — тұл, тұрлаусыз ғашық — тұл, шәкіртсіз ғалым — тұл.
  13. Үш кедейлік: кежірлік, еріншектік, ұйқы.
  14. Үш бақытсыз: жаман ат, жаман қатын, жаман көрші.
  15. Үш көз: су анасы — бұлақ, жол анасы — тұяқ, сөз анасы — құлақ.
  16. Үш тоқтам: ақыл — арқан, ой — өріс, адам — қазық.
  17. Үш қасиет: өліде — әруақ, малда — кие, аста — кие (киелі қасиет).
  18. Үш тағылым: мейірімнен — сауап, жақсылықтан — шарапат, жамандықтан — кесапат.
  19. Үш зая: ақымаққа айтқан сөз — зая, қараңғыға телмірген көз — зая, болмашыға қор болған өмір — зая.
  20. Үшке тоқтау қыл: өмірге тоқтау қыл, өлімге тоқтау қыл, көңілге тоқтау қыл.
  21. Үш мақтаншақ: қатынын мақтаған, атын мақтаған, асын мақтаған.
  22. Үш жүйрік: көңіл жүйрік, тіл жүйрік, қол жүйрік.
  23. Үш жаман: тастарманда қатын жаман, көшерменде жұрт жаман, жұтағанда қыс жаман.
  24. Үш жау: шайпау болса қатын — жау, қыдырмаш болса қызың — жау, тілазар болса ұлың — жау.
  25. Үш жетім: ер алмаған қыз — жетім, қаз қонбаған көл — жетім, шалғыны жоқ жер — жетім.