Жеңген топты марапаттау

Сөз өнері Мақал-мәтел Жұмбақ Сайыс сабақ

Мақсаты мен көрнекілігі

Мақсаты

  1. Оқушыларды ата-бабадан қалған өсиет сөздер арқылы адамгершілікке тәрбиелеу; ойды нақты әрі дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге үйрету.
  2. Сөз өнері арқылы оқушылардың дүниетанымын кеңейту.

Көрнекілігі

  • Қанатты сөздер жазылған плакаттар
  • Шарлар

Кіріспе және негізгі ұғымдар

Құрметті оқушылар! Бүгін сыныбымызда «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» атты танымдық ойын-сайыс өтеді. Сайысқа екі топ қатысады: «Сұңқар» және «Барыс». Әділ қазылар алқасын ұстаздар арасынан сайлап аламыз.

Мақал-мәтел дегеніміз не?

Мақал-мәтел — ата-бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі шағын болғанымен, мағынасы терең, тәрбиелік мәні зор рухани байлық. Уақыт өткен сайын құны артып, қымбат қазынаға айнала береді.

Мақал

Мақалда қорытынды, тұжырымды түйін айтылады. Ой нақты әрі толық жеткізіледі.

Мысал

«Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі.»

Мағынасы: Елді, жерді қорғау — нағыз азаматтың ісі.

Мәтел

Мәтелде ой тікелей айтылмай, тұспалдап, жанамалап беріледі.

Мысал

«Көппен көрген — ұлы той.»

Мағынасы: Не істесең де, елмен бірге бол; тек өз басыңның қамын ғана ойлама.

Біздің мақсат — оқушының білімге құштарлығын, ізденімпаздығын арттыру, оқу деңгейін көтеру, ойын нақты жеткізіп, тапқыр әрі салмақты сөйлеуге баулу.

Сайыс турлары

1-тур: «Кім көп біледі?»

Қатысушы топтар мақал-мәтел айтудан жарысады. Әр топқа 1 минут уақыт беріледі. Сол уақыт ішінде қанша мақал айтса, ұпай да соған сәйкес қойылады.

2-тур: «Мақал — сөздің мәйегі»

Тақтада мақал-мәтелдің басы беріледі. Топтар мақалдың жалғасын табады.

  • 1. Жақсы кісі байқап сөйлер, жаман кісі шайқап сөйлер.

  • 2. Ер еліне, ит иесіне.

  • 3. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.

  • 4. Өнер — ағып жатқан бұлақ, білім — жанып тұрған шырақ.

  • 5. Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді.

  • 6. Көз жетпеген жерге, сөз жетеді.

  • 7. Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды.

  • 8. Дұшпаны көптер сақтана жүреді, досы көптер мақтана біледі.

  • 9. Жалған достан жау артық.

  • 10. Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын.

  • 11. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.

  • 12. Отан үшін күрес — елге тиген үлес.

3-тур: «Кім тапқыр?» (жұмбақ-мақал байланысы)

Жұмбақ сөзі «жұму» ұғымынан шыққан: яғни бір нәрсені жасырып, соны тапқызу. Жұмбақ жасырғанда айтылар нәрсе ойда бүгіліп, ұқсас белгілер арқылы тұспалдап сипатталады.

Мысал

Тұрғанмен жырақ өзі,
Таусылмайтын шырақ көзі.

Жауабы: Күн

Шарты

Мұғалім жұмбақ жасырады. Оқушылар жауабын табады. Содан кейін сол жауапқа сәйкес мақал айтады.

1) Жұмбақ

Шыңдары шырқау, көшіп жүр бір тау.

Жауабы: Түйе

Мақал: Көрмес түйені де көрмес.

2) Жұмбақ

Жайған жастық сөгілді, аппақ мамық төгілді.

Жауабы: Қар

Мақал: Қалауына тапса, қар жанады.

3) Жұмбақ

Желден желігеді, судан шегінеді.

Жауабы: От

Мақал: Отан оттан да ыстық.

4) Жұмбақ

Жылт-жылт етеді, жылғадан өтеді.

Жауабы: Су

Мақал: Судың да сұрауы бар.

5) Жұмбақ

Өзімнен өзгенің бәрін көремін.

Жауабы: Көз

Мақал: Көз қорқақ, қол батыр.

6) Жұмбақ

Сылдырдан қорқады, шошынып жортады.

Жауабы: Қоян

Мақал: Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді.

4-тур: «Даналық ойдан дән ізде»

Шарты: топтар сандарды таңдау арқылы мақал-мәтелді іріктеп алады да, мағынасын түсіндіріп, талдайды.

1-ұяшық (20 ұпай)

Апама жездем сай.

2-ұяшық (30 ұпай)

Тасты жерде егін болмас, текті бала тегін болмас.

3-ұяшық (40 ұпай)

Азға қанағат етпеген, көптен құр қалар.

4-ұяшық (10 ұпай)

Жалған достан жау артық.

5-тур: «Не деу керек мұндайда?» (жағдаяттық тапсырма)

Әр топқа бір жағдаят беріледі. Сол жағдайға сай келетін мақал-мәтелдерді тауып, жазып, оқиды.

1-топ

Ертеде Одағай деген өтірікші болыпты. Ол баласын да өтірік айтуға баулиды. Бала өтірік айтпаса отыра алмайтын дәрежеге жетеді. Бір жиында әкесінің қасында отырып: «Аспанда ит қыңсылайды», — дейді. «Ит ұшатын ба еді?» — дегенге, «Бағана бір құс күшік көтеріп кетіп еді, әлі өлтірмеген екен ғой», — деп жауап береді. Сонда бір қария өкінішпен басын шайқап: «Апыр-ай…» — дейді.

2-топ

Сырым Бөкен биге сәлем бере барса, қарт: «Қай баласың?» — дейді. «Даттың баласымын», — дейді Сырым. Сонда Бөкен би: «Қой баға алмайтын жаманнан да қолақпандай ұл туады екен-ау», — депті.

6-тур: «Біз білмейтін бір мақал»

Топтар күнделікті өмірде сирек қолданылатын мақал-мәтелдерді айтып, мағынасын түсіндіреді.

1)

Қараңғыда тапқаныңды ханға берме, жарықта тапқаныңды жанға берме.

Мағынасы: Еңбекпен тапқаныңды орынсыз шашпа.

2)

Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың болып келер іші тар.

Мағынасы: Жақсы азамат болатын бала кішкентайынан көпшіл, кеңпейіл болады.

3)

Өзін-өзі сыйлаған ер бақытты, өзін-өзі билеген ел бақытты.

Мағынасы: Адам әуелі өз қадірін білсе ғана ел мен жер қадірін түсінеді.

4)

Шын ер жеңсе, тасымас, жеңілсе жасымас.

Мағынасы: Қандай жағдай болса да, сабыр сақтауды үйрен.

Қорытынды

Ата-бабадан қалған асыл мұра — мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды ұмытпай, жадымызда сақтайық. Бүгінгі сайысқа қатысқан оқушыларға алғыс айтамыз. Сайысымыз аяқталды. Сөз кезегі — қазылар алқасында. Жеңген топ марапатталады.

Қосымша жұмбақтар

Төмендегі жұмбақтарды сабақта немесе сыныптан тыс жұмыста қосымша тапсырма ретінде қолдануға болады.

1) Қардай аппақ, балдай тәтті-ақ

Жауабы: Қант

2) Күнде оған қараймын, қарап шашымды тараймын

Жауабы: Айна

3) Аяғы жоқ жүреді, аузы жоқ сөйлейді

Жауабы: Хат

4) Шыр-шыр етеді, құлағыңнан өтеді. Ұстай алсаң, сөйлеп кетеді

Жауабы: Телефон

5) Айналада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау

Жауабы: Жұмыртқа

6) Қабат-қабат қаттама, ақылың болса, аттама

Жауабы: Кітап

7) Өшірді, сүртті, өзгені құртты, өзін де құртты

Жауабы: Өшіргіш

8) Үйреткен білімді, қырық екі ілімді

Жауабы: Әліпби