Білім сайысы
Бала сұлтан сайысы (5–6-сынып ер балалары арасындағы сайыс)
Бұл сайыс ер балаларды халықтық дәстүрді, әдет-ғұрыпты және тарихты қадірлеуге тәрбиелеуге бағытталған. Негізгі міндеті — ұлтжандылық пен патриоттық сезімді оятып, таным көкжиегін кеңейту, намыс пен жігерді шыңдап, мықты болуға талпындыру.
Мақсаты
- Халықтық дәстүр, әдет-ғұрып, тарихты құрметтеуге баулу.
- Ұлтжандылық пен патриоттық сезімді қалыптастыру.
- Танымды байытып, жігерлендіріп, шынығуға ынталандыру.
Көрнекілігі
Сахна Хан сарайының көрінісі.
Декор Үлкен үй өсімдігі.
Мәтін Нақыл сөздер жазылған плакаттар.
Жоспар
- I Сайыскерлердің өзін-өзі таныстыруы
- II Спорттық сайыс
- III Білім сайысы
- IV Өнер сайысы
- V Шешендік өнер
- VI Тапқырлық сайысы
Барысы
Сахналық көріністер мен мәтін үзінділері
1-көрініс
Мұңды саз естіледі. Ортада хан көрінеді: ойлана жүріп, тағына таянып тұрады.
АВТОР
Ерте, ерте, ертеде... Тобық елін Әділ есімді хан билепті. Мыңғырған малы бар, дәулеті тасыған, ақылды да абыройлы ханның жүрегін үнемі жүдетіп жүретін бір зары болыпты: жетпіс жасқа келгенше перзенті шетіней беріпті, шетіней беріпті...
Әділ ханның «артымнан бір ұрпақ ерсе ғой» деген арманы, тілегі, үміті бар еді.
САХНАЛЫҚ ӘРЕКЕТ
Жылдам күй ойнайды. Кішкентай бала жүгіріп келеді.
БАЛА
Сүйінші, халқым, сүйінші!
Қуаныш жыры құйылсын!
Аңсап ойлап күткен күн,
Маңдайға жұлдыз біткен күн.
Ақ түйенің қарыны
Жарылды! Күннің жалыны
Нұрын шашып, сылдырап,
Ән бұлағы ағылды!
Мұрагер бізге табылды!
Ақ жаулықты аналар құндақтағы нәрестені ханға әкеледі. Шашу шашылады.
ХАН
Ұлым! Сен жігіт болсаң — ер тұлғалы,
Алдыңда белгісіз көп жол тұр әлі.
Сан шыңға шыдай біл, тек төзе көрме
Жалған сөз айтылса ел туралы!
Тасқынның қабаттасса толқындары,
Мүмкін ғой жартастың да солқылдауы!
Сен ерсің! Ерлерше сүй Отаныңды,
Жаман сөз естімейін сен туралы!
Сенің атың — Бейбарыс!
Сенің атың — Бейбарыс!
Сенің атың — Бейбарыс!
2-көрініс
Дауылпаз үні естіледі. Уәзір теріге жазылған хан жарлығын халық алдында оқиды.
1-УӘЗІР
Уа, халайық, жарандар!
Мына жомарт елімізге, кең байтақ жерімізге ие болар мұрагер дүниеге келді!
Сәби ақылды да айбарлы, білімді де білекті, өнерлі әрі жүректі, шешен әрі көсем жігіт болып ер жетсін.
Хан өзінің қартайғанын ескере отырып, ұлына ұстаз әрі сенімді серік болатын бала табылса, оның алдағы өміріне барлық жағдай жасалатынын уәде етеді.
Бірлігі бекем еліміздің тірлігін берік сақтайық десеңіздер, асығыңыздар, ағайын!
3-көрініс
Тобық хандығына қарасты алты шаһардың халқы өз ішінен «мықты» деген алты баланы таңдап жібереді.
2-УӘЗІР
Дат, тақсыр!
ХАН
Датың болса, айт!
2-УӘЗІР
Мәртебелі хан ием! Бұйрығыңыз бойынша алты шаһардан жүзден жүйрік озып, алты бала келіп тұр!
ХАН
Кірсін, ендеше! Төрлетіңдер, балалар!
ҮНДЕУ
1-УӘЗІР
Сыналар ер жігіттер, келді кезің,
Сәулең болса, бермен кел, талапты ерің!
Жан құмары дүниеде немене екен,
Соны білсең — бәрін де білгендерің.
2-УӘЗІР
Шын жүйріктер сыналады жарыста,
Жарыссаң да, орта жолда қалыспа!
Әділқазы бағалайды сіздерді,
Жеңіс мәре жақын ба, әлде алыс па?