Мағжан шығармалары

Патриоттық идея және тұлға бейнесі

Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы — елдік сана, намыс, адалдық пен тарихи жауапкершілік мәселелерін терең қозғайтын патриоттық шығарма. Бұл мәтін 8-сыныпқа арналған әдебиет сабағында поэманың тарихи негізін түсініп оқу, Баян бейнесін ашу және оқушылардың өз көзқарасын дәлелді түрде қорғауына бағытталады.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Поэмадағы тарихи оқиғаларды түсініп оқу.
  • Баян бейнесін ашу, негізгі ойды дәлелдермен тұжырымдау.
  • Мәтіннен өзекті ойды іріктеп, қорытынды жасай білу.

Тәрбиелік

  • Поэманың патриоттық сипатын дәлелдей отырып, адалдық пен намысқа тәрбиелеу.
  • Ел мүддесі мен адамдық таңдаудың қиындығын сезіндіру.

Дамытушылық

  • Сөз астарына үңілу, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.
  • Афоризмдік тіркестерді тірек сөз ретінде қолдануға үйрету.

Форматы

  • Сабақ түрі: дебат-пікірталас (Карл Поппер форматы).
  • Пәнаралық байланыс: тарих.
  • Әдістер: зерттеу, танымдық-ізденіс, СТО стратегиялары (Венн диаграммасы, кластер, топтық жұмыс).

Ұйымдастыру және бастапқы дайындық

Үй тапсырмасы

  • М. Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын қайталау.
  • «Батыр Баян» поэмасын оқып келу.

1-топ

«Мағжан өміріндегі жылдар үн қатады» — негізгі кезеңдерді жинақтау.

2-топ

Мағжан шығармаларын жүйелеу, тақырыптық-идеялық ерекшелігін атау.

Мағжан ақындығы туралы көзқарас

Мағжан — лирик те, сыршыл да, эпик те ақын. Жүсіпбек Аймауытов оның ақындық қуаты, сөзге еркіндігі мен суреткерлігі «Батыр Баянда» толық көрінетінін атап өтеді: адам мінезін дәл беруі, махаббатты, батырлықты, соғысты, өлімді суреттеуі — өмірді терең түйсінгенін танытады. Сондықтан поэманы «қазақ әдебиетінде бола бермеген табыс» деуге негіз бар. Ендеше, осы ойға сабақ барысында дәлел іздейміз.

Поэманың композициялық құрылымы

Тарихи кезең

Қазақ-қалмақ шапқыншылығы тұсындағы жаугершілік заман, Абылай хан дәуірі.

Басталуы

Шапқыншылық кезінде қалмақ қызының қолға түсуі.

Дамуы

Баянның қызды еліне алып келуі.

Шиеленісуі

Ноянның қызға ғашық болып, екеуінің қашып кетуі.

Шарықтау шегі

Ноян мен қалмақ қызының Баян қолынан қаза табуы.

Шешімі

Батыр Баянның жау қолына өзі барып түсуі.

Негізгі кейіпкерлер

Баян Ноян Лағда Қалмақ қызы

Сұлулықтың құдіреті және «сұм сұлу» ұғымы

Ақын қалмақ қызын тек сұлу деп сипаттап қана қоймай, «сұм сұлу» деп те атайды. Бұл тіркес сыртқы ажармен бірге, сол сұлулықтың адамның еркін билей алатын тылсым күшке айналуын аңғартады. Қыздың қайсарлығы мен ақылы да ерекше: ол Баянға «ағатайлап» сөйлеп, өзін қарындас ретінде қабылдатуға мәжбүр етеді. Бірақ түпкі ниетінде туған жұрты, ата-анасы жатыр.

Сол сұлу сұлу екен атқан таңдай,
Бір соған бар сұлулық жиылғандай.
Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,
Сөздері — су сылдырлап құйылғандай.
Бір улап, көзқарасы бір айнытқан,
Жұлдыздай еркелеген сөнбей-жанбай...
Поэмадан үзінді

Талқылауға сұрақ

Ақынның қалмақ қызын «сұлу» емес, «сұм сұлу» деуінің себебі неде? Бұл бағалау сыртқы көрікке ме, әлде ішкі мақсатқа ма қатысты?

Қан жауып екі көзін қанды балақ,
Ілмекке қоңыр қазды көңіл бөлген...
Болмасын жас сұлудың білгеннен соң,
Ер Баян қарындас қып ерік берген...
Жанса да жап-жас Ноян, сұм сұлу қыз
Көп заман жүрді бірақ көз де салмай...
Поэмадан үзінді
Алаштың аруы боп кетсе — дағы,
Жанымен өз жұртынан айырылмаған...
Поэмадан үзінді

Баянның ішкі драмасы: коллизия

Поэмадағы ең ауыр тұстардың бірі — Баянның жан күйзелісі. Мұнда коллизия анық көрінеді: бір адамның бойында бір-біріне қарама-қайшы сезімдердің тоғысуы, сол қайшылықтан азап шегуі.

Боз үйде жалғыз қалып Баян енді,
Жаралы жолбарыстай күңіренді...

...Ойламай, белді бекем будым неге?
Қозымды қас дұшпандай қудым неге?
Майысып Ноян қалқам, ерке марқам,
Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?
Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,
Бір ата, бір анадан тудым неге?
Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым
Қанымен өз қозымның жудым неге?

Күнәсіз екі жасты өлтіргенше,
Өлмедім ішіп уын... Жоқ әлде жоқ, жоқ... әлде... өлтірдім бе,
Інімді алты алаштың намысы үшін?!
Поэмадан үзінді

Пікірталас өзегі: айып па, ақтау ма?

Негізгі сұрақтар

  • Ноянды қалай бағалаймыз: әлсіздік пе, махаббат па, қателік пе?
  • Баянның інісін өлтіруі — қылмыс па, әлде ел намысы үшін жасалған трагедиялық шешім бе?
  • Жеке сезім мен қоғамдық мүдде қай тұста түйіседі, қай тұста қайшыға айналады?

Дебат форматы

Ақтаушылар

Баян шешімінің тарихи-әлеуметтік себептерін дәлелдеп, моральдық дилемманы талдайды.

Даттаушылар

Адам өмірінің құндылығы мен жеке құқық тұрғысынан әрекеттің ауырлығын негіздейді.

Пікірталаста мақсат — «кім жеңді?» дегеннен бұрын, мәтінді дәлелмен оқу және ойды мәдениетті түрде қорғау.

Қорытынды ой

Түйін: бұл трагедияда біржақты айыптау да, біржақты ақтау да қиын. Баян да, Ноян да — өз дәуірінің, жаугершілік заманның қыспағына түскен кейіпкерлер. Ақын суреттеген батыр тұлғасы тарихи, реалистік, аңыздық, трагедиялық, романтикалық және батырлық сипаттарды қатар жинақтайды.

«Алтыбақан алауыз қылған сол заман келмеске кетсін. Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас…» деген ой — ұлт жадындағы ерлік пен қасіреттің қатар жүретінін еске салады.

Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңға,
Мен жастарға сенемін!
М. Жұмабаев

Ақын сенімін ақтайтын болашақ — бүгінгі ұрпақ. Еліміз тыныш болып, Тәуелсіздігіміз асқақтай берсін.

Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы

  • «Ерлік туралы дастан» тақырыбында шығарма жазуға дайындалу.
  • Абылай хан туралы мәлімет жинақтау.

Бағалау

Дәлелдің нақтылығы, мәтінмен жұмыс, сөйлеу мәдениеті және пікірталасқа қатысу белсенділігі бойынша бағаланады.