СТО технологиясының сабақ кезеңдері
RWCT: оқу және жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту
Оқу және жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау технологиясы (RWCT) — әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған білім берушілердің бірлескен еңбегі нәтижесінде жасалған бағдарлама. Жобаның теориялық негізі Ж. Пиаже мен Л. С. Выготский еңбектеріне сүйенеді.
Мақсаты
Әртүрлі жастағы оқушыларды кез келген мазмұнға сын тұрғысынан қарап, баламалы пікірлерді салыстырып, саналы шешім қабылдауға үйрету.
Тиімділігі
Жаңа буын оқулықтарының талаптарын жүзеге асыруға, білім деңгейін көтеруге, шығармашылықты дамытуға, ойды еркін айтуға және тез әрі дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
Педагогикалық өзгеріс
Бұл технологияны қолданған мұғалім оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасқа көзқарасының елеулі өзгергенін байқайды.
Сабақ құрылымы: үш кезең
RWCT бағдарламасы құрылымымен ерекшеленеді: сабақ жоспары үш кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің өзіндік қызметі бар. Жалпы стратегиялар саны 100-ден асады. Стратегиялар сабақтың мақсаты мен мазмұнына қарай ауысып отырады, ал кейбірі нақты кезеңге дәл келеді — сондықтан оларды орнымен қолдану маңызды.
Қызығушылығын ояту
ЭвокацияҚызу оқу әрекетіне қызығушылықты ояту. Мұғалім оқушының бұрынғы білімін жаңа материалмен байланыстыруға жағдай жасайды. Оқушының белсенділігі мен ынтасы артады.
Мағынаны тану
РеализацияНегізгі кезең. Мұғалім жаңа ақпаратты ұсынады, тақырып бойынша жұмысқа жетелейді және таңдалған стратегиялар арқылы өз бетімен білім алуға бағыттайды.
Ой толғаныс
РефлексияҮйренгенін саралау, қорытындылау, жаңа білімді бекіту. Бұл кезеңде оқушылар шығармашылығын көрсетіп, өзін және сыныптастарын сын көзбен бағалайды.
Сабақ мақсаты мен міндеттері
Мақсат
Нақты сабақ тақырыбына сай бір негізгі мақсатқа бағытталады.
Мазмұндық міндет
Тақырыптың мазмұнын меңгерту, білімді жүйелеу.
Дамытушылық және топтық міндет
Сын тұрғысынан ойлауды дамыту, тыңдауды үйрету, бірлескен жұмыста ұйымшылдық қалыптастыру.
Кезеңдерге сай стратегиялар
Төмендегі тізім — сабақ кезеңдеріне жиі қолданылатын стратегиялардың ықшамдалған көрінісі. Мұғалім оларды сыныптың жас ерекшелігіне, мақсатқа және уақытқа қарай таңдайды.
Қызығушылығын ояту
- Болжау кестесі
- Тірек сөздер
- Венн диаграммасы
- T кестесі
- Бір айналым күнделік
- Блум таксономиясы
- Миға шабуыл
- Топтастыру (кластер)
Мағынаны тану
- T кестесі
- Пікірталас
- Аквариум
- INSERT (түртіп алу)
- RAFT
- ДЖИКСО
- Куббизм
- Геометриялық фигуралар
- Жұпта талқылау
- Бағытталған оқу
- Талдау картасы
- Топтастыру
Ой толғаныс
- Эссе
- Топтастыру
- Пирамида
- Құндылық сызығы
- T кестесі
- Sinkuein (бес жолды өлең)
- RAFT
- Түйін сөз
- Семантикалық карта
- Концептуалды кесте
- Бір айналым сұхбат
- Миға шабуыл
Негізгі стратегиялар: қысқа нұсқаулық
Миға шабуыл
Ұжымдық талқылауға негізделген әдіс: проблемаға мүмкіндігінше көп шешім ұсыну арқылы кейін нақты әрі саналы шешімге келуге жол ашады. Дұрыс ұйымдастырылса, оқушының стандарттан тыс, шығармашыл ойлауын дамытады.
Қағидалары
- Ұсынылған пікір бағаланбайды, сыналмайды.
- Назар пікір сапасына емес, санына бағытталады.
- Барлық ұсыныс қысқа түрде жазылып отырғаны дұрыс.
- Белгіленген уақыт сақталады.
ДЖИКСО (Jigsaw)
Ұжымдық оқыту әдісі. Мақсаты — мәселені алдымен шағын топта талдап, кейін сыныпқа түсіндіру арқылы бірін-бірі оқытуға үйрету.
- 1Сынып 4 бастапқы топқа бөлінеді.
- 2Мәтін/тапсырма 4 логикалық бөлікке бөлінеді.
- 3Бірдей бөлікті алған оқушылар «эксперт топтарға» бірігіп, өз бөлімін талдайды.
- 4Оқушылар бастапқы топтарға қайта оралып, меңгерген бөлімін түсіндіреді.
Бұл тәсіл тақырыпты терең меңгеруге және оқығанды есте сақтауға тиімді.
INSERT (түртіп алу)
Оқушы мәтінді оқи отырып, белгі қою арқылы түсінгенін бақылайды және ойымен жұмыс істейді. Бұл әдіс саналы оқуға, сұрақ қоюға және жаңа ақпаратты бұрынғы біліммен байланыстыруға үйретеді.
v
Білемін
+
Білмеймін / толықтыру керек
–
Мен үшін жаңа ақпарат
?
Таңғалдырды / сұрақ тудырды
Куббизм
Ойын арқылы оқыту. Кубиктің алты қыры бойынша нысанды жан-жақты талдайды, салыстырады және қорытынды жасайды. Жұпта немесе топта орындауға болады; 1–2-сыныпта 3 қырын ғана қолдануға мүмкіндік бар.
Сипатта
Түрі, түсі, көлемі
Салыстыр
Ұқсастығы, айырмашылығы
Ұсын
Қалай және қай жерде пайдаланылады?
Дәлелде
Қарсымын / қарсы емеспін
Талда
Қалай жасалған, неден тұрады?
Ой толға
Қандай қорытынды шығаруға болады?
Sinkuein (бес жолды өлең)
Оқушы берілген тақырып бойынша 5 жолдан тұратын шағын өлең құрастырады. Бұл тәсіл негізгі ойды жинақтауға және тілдік қорды дамытуға көмектеседі.
Ереже
- 1-жол: 1 зат есім
- 2-жол: 2 сын есім
- 3-жол: 3 етістік
- 4-жол: 4 сөзден тұратын сөйлем (ой түйіні)
- 5-жол: 1 синоним
Үлгі
Кім? Ана
Қандай? Мейірімді, ақылды
Не істейді? Бағады, тәрбиелейді, өсіреді
Түйін: Ағайын — алтау, ана — біреу
Синоним: Адам
RAFT
Оқушы белгілі бір объектіні таңдап, сол рөлге еніп, ойын бірінші жақта жазбаша жеткізеді. Бұл әдіс қиялды, баяндау стилін және дәлелді сөйлеуді дамытады.
Қысқа мысал
«Мен қазақтың қара домбырасымын. Менің күмбірлеген қоңыр үнімді ұнатпайтын қазақ жоқ. Мен әр қазақтың төрінде ілулі тұрамын...»
Венн диаграммасы
Екі (немесе үш) объектіні салыстыруға арналған стратегия. Шеңберлердің қиылысқан жеріне ортақ қасиеттер, ал бөлек бөліктеріне айырмашылықтар жазылады. Бұл тәсіл салыстыру сияқты күрделі ойлау операцияларын іске қосады.
Геометриялық фигуралар
Геометриялық пішіндерді құрал ретінде қолданады. Оқушы кейіпкерлердің мінез-құлқына сипаттама беріп, қорытынды жасайды және оларды фигуралардың «сипатымен» ұштастырады. Жұпта немесе топта тиімді орындалады.
Блум таксономиясы: сұрақтар құрастыру
Сұрақтар алдын ала әзірленеді және қарапайымнан күрделіге қарай беріледі. Бұл тәсіл оқушының еске түсіру, түсіндіру, пайымдау және дәлелдеу дағдыларын жүйелі дамытады.
Жіңішке сұрақтар
Жауабы нақты болады: сан, факт, «иә/жоқ». Мысалы: «Желтоқсан оқиғасы қай жылы болды?»
Жалпақ сұрақтар
Толық түсіндіруді қажет етеді; жауапты мәтінмен, мақал-мәтелмен, сызбамен, суретпен немесе көрініспен беруге болады. Мысалы: «Кейіпкер неге осылай әрекет етті?»
T кестесі
Қарама-қарсы ұғымдарды, дәлелдерді немесе «жақтау–даттау» пікірлерін жүйелеуге ыңғайлы. Жұпта, топта немесе жеке орындала береді; үй тапсырмасы ретінде де қолдануға болады.
Топтастыру (кластер)
Ойды жинақтау, ассоциацияларды жүйелеу стратегиясы. Сабақтың барлық кезеңіне сай келеді және жұптық/топтық жұмысқа бейім.
Тірек сөздер
Мұғалім тірек сөздер береді, оқушы олардың ретін бұзбай мәтін құрастырады. Логикалық ойлау, тіл байлығы және қиял дамиды; мазмұндама мен шығарма жазуға тиімді дайындық.
БББ кестесі (білемін — білдім — білгім келеді)
Үш бағаннан тұратын кесте арқылы оқушы оқу процесін бақылайды. Маңызды шарт: мәтіндегі тезис пен фактіні көшірмей, өз сөзімен жазу. Бұл тәсіл мұғалімге әр оқушының түсіну деңгейін бақылауға көмектеседі.
Эссе (ой толғаныс)
Оқушы тақырып бойынша ойын қорытып, жинақтап жазады. Әдетте 5–10 минут ішінде тоқтамай жазу ұсынылады. Бұл әдіс еркін ой айтуға, шығармашылыққа және өмірлік жағдайларды саналы пайымдауға үйретеді.
RWCT нәтижесі: оқушы дамуы қалай өзгереді?
Іс-тәжірибе RWCT технологиясын жүйелі қолданатын сыныптарда оқушының даму деңгейі жоғары болатынын көрсетеді: олар ортада өзін еркін ұстайды, өзін тұлға ретінде сезінеді, «Мен» тұжырымдамасы қалыптасады.
Ойлау дамуының бағыттары
Жекеден жалпыға
Жеке дерек пен пікірден ортақ қорытындыға көтеріледі.
Дифференциациядан сенімділікке
Таңдау жасап, негіздеп айтуға үйренеді.
Интуициядан логикаға
Дәлел мен дәйекке сүйеніп ой қорытады.
Бір перспективадан көп перспективаға
Мәселені әр қырынан қарастырады.
Үлгі сабақ: Дүниетану (4-сынып)
Тақырыбы
Бала құқығы туралы Конвенция
Сабақ түрі
Жаңа сабақ
Әдіс-тәсілдер
Блум таксономиясы, бес жолды өлең, топтастыру, пікірталас, екі жазбалы күнделік.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Бұрынғы білімді еске түсіре отырып, Конвенция туралы түсінік қалыптастыру.
Дамытушылық
Сөздік қорды, тілдік жүйені, дүниетанымды кеңейту.
Тәрбиелік
Жауапкершілікке, адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеу.
Сабақтың міндеттері
Мазмұнға байланысты
Конвенция баптарымен танысу, құқықтық сауатты арттыру.
СТО-ны дамытуға байланысты
Өз пікірін салыстыру, тыңдай білу, білімді өмірде қолдану.
Топтық жұмысқа байланысты
Ұйымшылдық, қорытынды жасау, толеранттылыққа бейімделу.
Көрнекіліктер
Түсті маркерлер, бағалау парақтары, A4 парақтары, БҰҰ эмблемалары, карточкалар.
1) Психологиялық ұйымдастыру кезеңі
- Алдымен бүкіл сынып, кейін әр топ қол ұстасып, бір-біріне іштей тілек тілейді.
- Сабақтың мақсаты мен міндеттері түсіндіріледі.
- Әр топтың бағалаушысы сайланады.
2) Қызығушылығын ояту
Блум таксономиясы бойынша сұрақтар қойылады, кейін БҰҰ туралы үй жұмысы тексеріледі және топтар бір-біріне сұрақ қояды. Соңында БҰҰ тақырыбына топтастыру жасалады.
Сұрақтар үлгісі
- 1Қазақстан тәуелсіздігін қай жылы алды?
- 2Тәуелсіз Қазақстан Республикасының заңдары қай жылдан бастап шыға бастады?
- 3Құқық деген не?
- 4Азамат деген кім?
- 5Заң деген не? Қандай заңдарды білесіңдер?
3) Мағынаны тану
Сабақ тақырыбы оқылады, жаңа тақырып түсіндіріледі: «Бала» ұғымы, балаларға арналған халықаралық заң — Бала құқығы туралы Конвенция, оның 1989 жылы БҰҰ тарапынан қабылдануы және құжаттың маңызы.
Дәптермен жұмыс (сөздік)
Конвенция — бала құқығы жөніндегі халықаралық шарт.
Екі жазбалы күнделік: баптарға талдау
Әр топқа Конвенция баптары жазылған карточкалар беріледі, мәтін талданып, түсіндірме сөздікпен жұмыс жасалады.
1-топ: 1 және 3-бап
1-бап: Барлық адам болмысынан тең және азат болып туады...
3-бап: Әр адамның жеке ісіне басқаның араласпауына, өмір сүруге және еркіндікке құқығы бар.
2-топ: 5 және 16-бап
5-бап: Ешкім азапталмауы, қаталдықпен немесе адамшылыққа жат әрекетпен жазаланбауы тиіс.
16-бап: Әркім жеке бас бостандығына құқылы.
3-топ: 7 және 12-бап
7-бап: Барлық адам заң алдында тең.
12-бап: Азамат өз құқықтарын пайдалана отырып, өзге адамдардың құқықтарын бұзбауы тиіс.
4-топ: 25 және 26-бап
25-бап: Адамның тұрғын үйіне қол сұғылмайды...
26-бап: Меншік және мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі.
4) Ой толғаныс
Пікірталас ұйымдастырылады: «Мектеп формасын кию керек пе, керек емес пе?» деген сұрақ төңірегінде дәлел келтіру.
Жақтаушы топтар
1 және 2-топ
Даттаушы топтар
3 және 4-топ
Сабақты қорытындылау (бес жолды өлең)
Конвенция
Әділ, қатал
Көмектеседі, қорғайды, тәрбиелейді
Бала құқығы туралы заң
Заң
Соңында бағалау парақтары жиналып, оқушылар бағаланады және үй тапсырмасы беріледі.