Мысықтың баласы доппен ойнайды ойыны
Бейнелеу өнеріндегі дидактикалық ойындардың маңызы
Мектепке дейінгі кезеңде бейнелеу іс-әрекеті баланың тұлғалық дамуына, қоршаған дүниені белсенді танып-білуіне және алған әсерлерін сурет салу, мүсіндеу, қиып жапсыру арқылы шығармашылықпен жеткізе алуына ықпал етеді. Бейнелеу өнері — эстетикалық тәрбиенің ең ықпалды, тұрақты құралдарының бірі.
Эстетикалық тәрбиенің негізгі міндеттері
-
Баланың эстетикалық қабылдауын, сезімі мен ұғымын, көркемдікті қабылдау қабілетін жүйелі дамыту және талғамын қалыптастыру.
-
Өмірдің қуанышты сәттерін сезіне білуге, айналадағы әсемдікті көре білуге, жағымды әрі сазды әуендерді тыңдап, оларды сүйе білуге баулу.
Бейнелеу іс-әрекетінің тәрбиелік ықпалы
Бейнелеу іс-әрекеті барысында тәрбиенің сенсорлық, ақыл-ой, эстетикалық, адамгершілік, еңбек және дене тәрбиесіне қатысты қырлары кешенді түрде жүзеге асады. Ал дидактикалық ойындар — осы үдерісті табиғи әрі қызықты форматта ұйымдастыруға мүмкіндік беретін маңызды құрал.
Неге маңызды?
Дидактикалық ойындар тек дағдыларды бекіту үшін ғана емес, баланың алған білімін іс-әрекетте қолдануына, икемділік дағдыларын дамытуына, ойлауын жетілдіруге және белсенділігін арттыруға көмектеседі.
Нәтижесі
Баланың өз бетінше әрекет етуі күшейеді, зейіні тұрақтанады, есте сақтауы жақсарады, байқағыштығы мен шығармашылық бастамасы дамиды.
Дидактикалық ойындардың негізгі артықшылықтары
1) Балалардың ақыл-ойына салмақ түсіретін тапсырмаларды қызықты формада, қиындықсыз орындауына мүмкіндік береді.
2) Танымын қалыптастырады: балалар ойыншықтармен, заттармен, қосалқы суреттермен және кесінді үлгілермен әрекет ете отырып, түстерді ажыратуға, пішін, көлем, ерекше белгі, сипаттарды тануға және қарапайым құрылымдар құрастыруға дағдыланады.
3) Зейінді тұрақтандырады, есте сақтауды және іс-әрекетке икемділікті дамытады, қабілетті жетілдіріп, байқағыштықты арттырады.
4) Бейнелеу өнерінің мәнерлеу құралдарын жеңіл меңгертеді: әсемдік пен сұлулықты сезіну күшейіп, көркемдік талғамы қалыптасады.
Сәбилердің бірінші тобына арналған дидактикалық ойындар
Барлық жас топтарына арналған ойын мазмұнында түстерді ажырату мен салыстыру, түс үйлесімділігін сезіну, бояу түстерін қолдану дағдыларын қалыптастыру міндеттері қарастырылады. Ойындарды іріктеу мен қолдануда тәрбиеші балалардың жас ерекшелігін және бағдарлама талаптарын ескере отырып, мақсатқа сай таңдайды.
Жапсыруға бейімдеу дағдыларын дамыту үшін әр топтағы бүлдіршіндермен төмендегідей ойындарды ұйымдастыруға болады.
Ойын: «Мысықтың баласы доппен ойнайды»
Тәрбиелік мәні
-
Дөңгелекшелерді фланелеграфта орналастыра білу дағдыларын қалыптастыру.
-
Кеңістікте бағдарлауға бейімдеу.
-
Берілген тапсырмалар бойынша қимыл-қозғалысты жетілдіру.
Ойынға басшылық
- Тәрбиеші балаларды көркем өнер бұрышына шақырып, фланелеграфтағы мысықтың баласына назар аударады.
- Мысықтың баласының түр-түсін, дене мүшелерін атап беруді сұрайды.
- «Мысықтың баласы сүт ішкісі келіп тұр екен. Мына ыдыстағы сүтті алдына қояйық», — деп, сүт құйылған ыдысты фланелеграфқа орналастырады.
- Балаларға сұрақ қояды: «Мысықтың баласы сүтті қалай ішеді? Көргендерің бар ма?»
Өлең арқылы әсерлендіру
Мысық қалай ішеді?
Көзін жұмып көлгірсіп,
Жалап-жалап ішеді,
Бәрін өзі білгірсіп,
Санап-санап ішеді.
Себебі не сондағы?
Сонша сараң болғаны.
Тәрбиеші өлеңді мәнерлеп айтып, мысыққа сүт ішкізгендей әрекет жасайды. Әбден тойған соң, мысықтың баласының ойнағысы келетінін атап өтеді және балалардан сұрайды: «Мысықтың баласы немен ойнайды? Мысықтың баласын қалай атаймыз?» (Марғау).
Автор
Қостанай қаласы, Алия Сарсенбайқызы.