Тәуелсіздік стратегиясы

Түсінік хат

Бұл құжат қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы тарих–қоғамтану бейіні бойынша 10-сыныпқа арналған қолданбалы курстың түсінік хаты болып табылады. Курстың мазмұны 11-сыныптарға арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Елтану» тақырыбындағы қолданбалы курс бағдарламасына негізделген.

Бағдарлама Қазақстан Республикасындағы жалпы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес және Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы мен Мектеп және мектепке дейінгі білім институты әзірлеген тарих пәнінің оқу бағдарламаларына сүйене отырып дайындалды.

Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктерін, ішкі және сыртқы саясатын, әлеуметтік-экономикалық әрі саяси-мәдени дамуын жүйелі түрде меңгерту және білімді тереңдету көзделеді.

Курс көлемі

Жалпы көлемі

34 сағат

Оқу жүктемесі тақырыптардың мазмұнын меңгертуге, талдауға және пәнаралық байланыс арқылы қолданбалы дағдыларды дамытуға бағытталады.

Негізгі тараулар

  • 1) Тәуелсіздік стратегиясы

    Тәуелсіз Қазақстанның даму бағыты, басымдықтары және стратегиялық мақсаттары.

  • 2) 1995 ж. Конституция

    Құқықтық мемлекеттің негізі, азамат құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері.

  • 3) Каспий мұнайы

    Энергетикалық ресурстардың экономикаға және халықаралық қатынастарға ықпалы.

  • 4) Теңге — тәуелсіздік нышаны

    Ұлттық валюта, қаржы жүйесі және экономикалық тұрақтылықтың тіректері.

  • 5) Мемлекет меншігінен — жеке меншікке

    Нарықтық экономикаға өтудегі жекешелендіру үдерістері және олардың әлеуметтік салдары.

Мақсаты

Берілген тақырыптар арқылы заман талабына сай болашақ Қазақстан азаматын тәрбиелеу: әлемдік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін құрметтейтін, рухани дүниесі бай, интеллект деңгейі жоғары тұлға қалыптастыру. Сонымен бірге Қазақстан Республикасын құқықтық әрі демократиялық мемлекет ретінде нығайту жолында еліміздің заңдарын қастерлейтін, өз құқықтарын қорғай алатын, ойын еркін айтып, еркін әрекет жасай алатын, елінің нағыз патриоты бола алатын ұрпақ тәрбиелеу.

Тұлғалық даму

Рухани байыту, білімді арттыру, дүниетанымды кеңейту.

Құзыреттілік

Пәнаралық байланыс негізінде шығармашылық қабілетті дамыту және азаматтық ұстанымды бекіту.

Міндеттері

  • Жалпы орта білім бағдарламаларына сәйкес тарих және құқық пәндерінен тереңдетілген білім беруді қамтамасыз ету.

  • Оқушылардың әлеуметтанулық түсінігін кеңейту, жалпы және кәсіптік білім арасындағы сабақтастықты күшейту, жоғары кәсіптік білімді игеруге тиімді дайындау.

  • Оқушылардың белсенділігі мен дербестігін арттыру, өз бетінше жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру және болашақ мамандығын таңдауға дұрыс бағдар беру.

Қорытынды

«Елтану» тақырыбындағы қолданбалы курс бағдарламасы тәуелсіз Қазақстанның даму жолын кешенді түрде талдауға, оқушының құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтық-патриоттық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған.