Туған еліме
Сабақ тақырыбы
«Туған еліме» (Сұлтанмахмұт Торайғыров).
Сабақтың мақсаты
Оқушыларды туған жерін, елін, Отанын қадірлеуге және сүюге үйрету; өлеңнің негізгі ойын анықтау.
Білімділік
- Өлеңдегі негізгі ойды анықтау.
- Ұйқасын табуға үйрету.
- Қара сөзбен мазмұндау, тұжырымды ой айту.
- С. Торайғыров туралы білімді кеңейту.
Тәрбиелік
- Туған елін сүюге, жерін, Отанын қастерлеуге баулу.
- Патриоттық сезімді ояту.
Дамытушылық
- Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы туралы білімді тереңдету.
Әдіс-тәсілдер мен құралдар
Сабақ әдістері
Топтастыру, сұрақ-жауап, Блум таксономиясы, әңгімелеу, көрнекілік, бағалау, «Алты қалпақ», түсіндіру, талдау.
Көрнекіліктер
Қалпақтар, интерактивті тақта, бағалау тақтасы, «ыстық орындық», парақшалар, стикерлер.
Сабақ барысы
1) Психологиялық дайындық
Оқушылар шеңберге тұрып, бір-біріне сәттілік тілейді.
Топқа бөліну
3 топ: «Елім», «Жерім», «Отаным».
2) Үй тапсырмасын тексеру
«Туған өлкем — тұнған шежіре» тарауын қайталау бойынша «Ыстық орындық» стратегиясы қолданылады. Әр топтан жұптасып 2 оқушы шығып, барлығы 9 сұраққа жауап береді. Әр топ үш сұрақтан қойып, жауап алады.
Сұрақтар
- Ел ақынға қандай үміт артты?
- Ақын елін қалай бағалайды?
- «Көңілге медеу санайсың» дегенді қалай түсінесің?
- Ақын еліне қандай уәде берген?
- С. Торайғыров туралы қандай қосымша дерек білесің?
- Ақынның еліне ризашылығын қай жолдардан байқайсың?
- Туған ел, туған жер туралы қандай өлең оқыдың?
- Ата-анаң сенен қандай үміт күтеді?
- «Алты қырдан ассам да» деген жолдарды түсіндір.
3) Бекіту: «Құндылықтар спектрі»
Әр топ тарау бойынша тұжырымды ой айтып, қорытынды жасайды. Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер арқылы құндылықтар айқындалады.
Отан — оттан да ыстық.
Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол.
Туған жер — алтын бесік.
4) Бағалау (үй тапсырмасы)
Бағалау тақтасы арқылы белсенді оқушылар белгіленеді: «Елім», «Жерім», «Отаным» топтарындағы оқушылардың аты-жөнінің тұсына смайликтер жапсырылады.
5) Жаңа сабаққа кіріспе
Қазақстанның тәуелсіз ел екенін танытатын бейнебаян көрсетіледі.
Бейнеге кіру
Оқулықтағы «Атасы», «Зерделі», «Талапбек» рөлдеріндегі кіріспе сөздер рөлге бөліп оқылады. Бұл кезеңде оқушылар ақ қалпақ киіп, ақпарат береді.
6) Мұғалім түсіндірмесі: С. Торайғыров
Оқушылардың ақын туралы білетіндері сұралады. Өмірбаянындағы деректерге сұрақ қоя білу, мәнерлеп оқу дағдысы жетілдіріледі.
«Сұрақты төңкеріс» әдісі
Оқулықтағы мәлімет негізінде сұрақтарды кері құрастыру ұсынылады (ақпараттан — сұраққа).
Негізгі дерек
Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893–1920) — қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, педагог.
7) Оқулықпен және дәптермен жұмыс
Өлеңнен үзінді
Үміт қып менен қарайсың,
Көңілге медеу санайсың,
Балалыққа жарасам,
Аталыққа жарайсың.
Қайтейін елім, қимаймын,
Қия алмай жанды қинаймын.
Қимай қалсам, ішіңде
Тағы тыншып сыймаймын.
Алты қырдан ассам да,
Сөздеріңді сыйлаймын.
Сіздерге әкеп шашуға
Ілім-білім жинаймын.
Түсіну
Өлеңді мәнерлеп оқу (әр топтан оқушы сары қалпақ киіп, жағымды жақтарын атап өтеді).
Талдау
Өлеңнің ұйқасын табу, көркемдік ерекшелігін байқау.
Жинақтау
Өлеңді қара сөзбен мазмұндау, өз ойын тұжырымдап айту.
8) Сөздікпен жұмыс
- Көңілге медеу
- Арқа сүйер, демеу болар тірек.
- Алты қырдан асу
- Алысқа бару, қиырға кету.
- Тыншып
- Тыныш жату, жай табу (мұнда: «тыным таба алмау» мағынасында).
9) Поэзиялық сәт
Жамбыл Дүйсеновтің еліне арналған арнауы видеодан тыңдалады.
Шығармашылық тапсырма
Оқушылар 4 шумақ өлең құрастырады (идея ұсыну кезеңі — жасыл қалпақ).
10) Қорытынды
Венн диаграммасы арқылы өлең шумақтарының әсерін талқылау: жағымды және әсері күшті тұстарын атап, дәлелдеу (көк қалпақ — қорытындылау).
Жағымды әсер
1-шумақ және 3-шумақ жанға жылы әсер қалдырады.
Әсері күшті тұс
2-шумақ ойға салмақ түсіріп, терең толғандырады.
11) Бағалау
Бағалау критерийлері бойынша жиынтық баға шығарылады. Формативті бағалау топтық, жұптық және жеке жұмыстардың нәтижесіне сай жұлдызшалар арқылы жүргізіледі.
12) Үй тапсырмасы
- Өлеңді жаттау.
- С. Торайғыровтың басқа өлеңдерін тауып, қосымша іздену.