Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ Сабақтың мақсаты

Сабақтың тақырыбы

Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ

Сабақтың мақсаты

  • Шапшаңдыққа үйрету.
  • Шығармашылық қабілеттерін дамыту.
  • Ойларын жүйелі жеткізе білуге дағдыландыру.

Сабақтың кезеңдері

  1. IМен бастаймын, сен қоста
  2. IIЖасырамын жұмбақ
  3. IIIСөз тіркесі
  4. IVЖаңылтпашты жаңылма

Кіріспе

Жүргізуші: Құрметті ұстаздар! 2-сынып оқушыларының қатысуымен өтетін «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» сайысына қош келдіңіздер. Бүгінгі сабақ күнделікті сабақтардан өзгеше өтеді. Сайыс сабағы болғандықтан, мұнда да жеңіс пен жеңіліс бар. Қатысушылар өздерінің білімділігін, тапқырлығын, шапшаңдығын көрсетуі тиіс.

Топтар

  • I топАлғырлар
  • II топҰшқырлар
  • III топТапқырлар
  • IV топОйшылдар
  • V топБілгірлер

Әділқазылар алқасы

  • Лауазымы

    Тәрбие ісінің орынбасары

    Л. Өтеуова

  • Лауазымы

    Бастауыш бірлестік жетекшісі

    ................................

Негізгі ой

Мақал-мәтелдер — талай замандардан қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып келген халықтық мұра. Осы асыл қазынамызды жоғалтпай, қастерлей білейік. Мақал-мәтелдер ерлік пен батырлықты, достықты, өнер мен білімді, Отанды, ынтымақ пен бірлікті, тілді, ел мен халықты, әдептілік пен еңбекті дәріптейді. Бүгінгі сайыс осы құндылықтардың бәрін қамтиды.

I кезең: «Мен бастаймын, сен қоста»

Жүргізуші: Үлгі-өнеге ретінде айтылатын қысқа да нұсқа нақыл сөзді қалай атаймыз? — Мақал.

А) Оқу, білім

  1. Білім таппай мақтанба, (өнер таппай баптанба).
  2. Күш — білімде, (білім — кітапта).
  3. Білім — (ортақ).
  4. Білім ауысады, (ырыс жұғысады).
  5. Оқу — инемен (құдық қазғандай).

Б) Туған жер, Отан, ел

  1. Ел — елдің бәрі жақсы, (өз елің бәрінен жақсы).
  2. Туған жердің жері де көрікті, (елі де сүйікті).
  3. Туған жердің қадірін шетте жүрсең, (білесің).
  4. Отан — аттан да (ыстық).
  5. Отансыз адам — (ормансыз бұлбұл).

В) Еңбек

  1. Еңбек етпеген (ішіп-жемейді).
  2. Еңбектің көзін тапқан (байлықтың өзін табады).
  3. Еңбек бәрін (жеңбек).
  4. Еңбегі аздың (өнбегі аз).
  5. Ердің атын (еңбек шығарады).

Г) Әдептілік, әдемілік

  1. Үлкенге — құрмет, (кішіге — ізет).
  2. Әдептілік белгісі — (иіліп сәлем бергені).
  3. Әдепті бала ата-анасын мақтатар, (әдепсіз бала ата-анасын қақсатар).
  4. Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.
  5. Әдептінің (абыройы биік).

Д) Тазалық, денсаулық

  1. Денсаулық — (зор байлық).
  2. Тазалық — (саулық негізі).
  3. Көзің ауырса, қолыңды тый; ішің ауырса, (тамағыңды тый).
  4. Тәні саудың (жаны сау).
  5. Аурудың (алдын ал).
  6. Ас — адамның (арқауы).

Бағалау: әрбір мақалға 10 ұпай беріледі. Жауап бере алмаған топтың ұпайы кемиді.

II кезең: «Жасырамын жұмбақ»

Жүргізуші: Бір затты не құбылысты ойлап табу үшін астарлап айтылатын қысқаша өлеңді қалай атаймыз? — Жұмбақ.

  • Қиналмай тауларды, орманды,
    Теңізді, дария, жондарды.
    Ауылды, қаланы, халықты —
    Ойлан тап, көтерген алыпты.

    Жауабы: жер

  • Жып-жылтыр, жалпақ бір,
    Жатыр көк айна.
    Жүгіріп, жығылып,
    Жұлынып сонда ойнап,
    Тек тайма.

    Жауабы: мұзайдын

  • Жайса — көлдей,
    Жиса — жеңдей.

    Жауабы: киіз

  • Үнсіз тілдесесің,
    Өзімен күнде өсесің.

    Жауабы: кітап

  • Қыста киімін тастайды,
    Көктемде киіне бастайды.

    Жауабы: ағаш

  • Қиналмай көтеріп,
    Өзінен ауырды.
    Жорғалап кетеді
    Жүкшідей кәдімгі.

    Жауабы: құмырсқа

  • Білімнен мол сый-асы,
    Балғындардың ұясы.

    Жауабы: мектеп

  • Шәкіртке жанашыр,
    Мейірман кім, жаны асыл?

    Жауабы: ұстаз

  • Ат та емес, ит те емес,
    Тістейтінін қайтерсің.

    Жауабы: аяз

  • Таңмен көзін ашады,
    Әлемге нұрын шашады.

    Жауабы: күн

Бағалау: әрбір жұмбаққа 10 ұпай беріледі.

III кезең: «Сөз тіркесі»

Жүргізуші: Келесі кезеңнің шарты — тұрақты тіркестің мағынасын табу. Әрбір дұрыс жауапқа 10 ұпай беріледі.

Төбе шашы тік тұру
Қорқу.
Екі езуі екі құлағында
Қуану.
Ит өлген жер
Алыс.
Қолды болды
Із-түссіз жоғалды, ұрланды.
Маңдайынан шертіп жүріп
Таңдап жүру.

IV кезең: «Жаңылтпашты жаңылма»

Жүргізуші: Балалардың тілін жаттықтыру үшін шапшаң айтылатын бір шумақ өлеңді қалай атаймыз? — Жаңылтпаш. Қазір жаңылтпаштарды оқимын: балалар жаңылмай, қатесіз айтуы керек.

  1. Алғыс алғыш — тіл алғыш,
    Тіл алғышқа мың алғыс.

  2. Қамаштан көріп қалашты,
    Қалашқа Жарас таласты.
    Бөлінсін десең қалаш тең,
    Таласпа, Жарас, Қамашпен.

  3. Балалар көп тентек,
    Күшіміз теп-тең деп,
    Күреспе тектен-тек.
    Құлайсың көптен-көп,
    Аяғың көктен кеп.

  4. Ішті, тісті
    Ауыртқан көк өрікке
    Ренжулі Берік те,
    Ренжулі Серік те.

  5. Аппақ бала аппақ па?
    Сатпақ бала аппақ па?
    Аппақ бала аппақ та!
    Сатпақ бала сатпақ та!

Қорытынды және марапаттау

Жүргізуші:
Көгере бер, көркейе бер, өсе бер,
Өмір жолы еңбекпенен шешілер.
Шыңға шығар шынар болып шынайы,
Кездеспесін ешқашанда кесірлер.

Бүгінгі сайысқа қатысушылардың барлығына сәттілік тілей отырып, сөзді әділқазылар алқасына береміз.

І орын

.......

ІІ орын

.......

ІІІ орын

.....

Осы сайысты мына өлең шумағымен аяқтаймын:

Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.

Тілсіз хайуан — бейшара.
Бейшараға не шара?