Тіл - ұлттың жан дүниесі

Қазақ тілі — ертеңім, болашағым

Мен туған тілді — анамның тілін сүйемін. Бесікте жатқанымда-ақ бойыма дарыған ең алғашқы білім де осы тілмен келді. Ең алғаш сол тілменен сыртқа шықты сүйгенім, ұнатқаным, жек көргенім.

Өлең жолдары

Сүйемін туған тілді, анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Ең алғаш сол тілменен сыртқа шықты,

Сүйгенім, ұнатқаным, жек көргенім.

Ана тілі — халықты біріктіретін ең сенімді құрал

Ана тілі — халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын тарихи біртұтастықта, мызғымас бірлікте, ажырамас туыстықта мәңгілік біріктіретін ең сенімді құрал. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды да, Отанымызды да танып-білеміз.

Тіл халықпен бірге өмір сүріп, бірге дамиды. Себебі әр ұлттың тілі — оның бақыты, тірегі.

Даналардың ойы: тілдің тағдыры

«Мемлекеттің ең басты дүниесі тек байлық қана емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы».
Н. Ә. Назарбаев
«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады».
Ахмет Байтұрсынұлы
«Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады».
Абай

Құрмет пен жауапкершілік

Әркімнің өз тіліне деген құрметі — өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметпен тең. Кімде-кім бүгін ана тілін және өз әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты да мәдениетті адам деуге болмайды.

Ана тілімізді мәпелей білейік. Қазақ тілін зерттеушілер бұл тілді ең бай, ең таза түркі тілдерінің бірі деп таниды. Тіл тағдыры — ел тағдыры екенін ешқашан ұмытпайық.

Менің ұстанымым

Әрбір адам өз ана тілін білуге және мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті. Мен ана тіліммен мақтанамын және мемлекеттік тілді құрметтеймін!

Ең тәтті де — тіл.

Ең ащы да — тіл.

Ең жұмсақ та — тіл.

Ең қатты да — тіл.

Тіл — ұлттың жан дүниесі. Тіл жоқ жерде — ұлт жоқ.