Табиғат туралы ғылымдармен таныстыру
Бұл сабақ «Табиғат және адам» тақырыбына арналған. Негізгі мақсат — физиканың нені зерттейтінін түсіну және табиғат құбылыстарына ғылыми көзқарас қалыптастыру.
Сабақтың түрі
Жаңа білімді қалыптастыру.
Әдіс-тәсілдер
Әңгіме, жаттығулар орындау.
Көрнекіліктер
Плакаттар, суреттер, үлестірме қағаздар.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік мақсат
Оқытудың ұтымды әдістерін қолдана отырып, оқушылардың тиянақты әрі терең білім алуына жағдай жасау.
Дамытушылық мақсат
Табиғат пен физикалық құбылыстар туралы түсінік қалыптастыру, табиғатты зерттейтін ғылымдармен таныстыру.
Тәрбиелік мақсат
Адамгершілікке, ұқыптылыққа, алғырлыққа, отансүйгіштікке, табиғатты аялауға, сыйластық пен әдептілікке баулу.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
- 1 Сәлемдесу, оқушыларды отырғызу, түгендеу.
- 2 Үй тапсырмасын тексеру және қайталау.
Білімді жан-жақты тексеру
Теориялық білім
Негізгі ұғымдар мен анықтамаларды сұрау арқылы тексеру.
Практикалық тапсырмалар
Орындаған жұмыстарын қарап, қателерін талдау.
Есептер
Шешімнің дұрыстығын және қолданылған тәсілдерді тексеру.
Жаңа материалды қабылдауға әзірлік
Бүгінгі сабақтың негізгі мақсаты — физика нені зерттейтінін анықтау және оны күнделікті өмірмен байланыстыра түсіну.
Жаңа материал: Физика нені зерттейді?
Физиканың маңызы
Қолдарыңдағы оқулық «Физика» деп аталады. Бұл ғылымды сендер мектепті бітіргенше жүйелі түрде оқып, меңгересіңдер. Дегенмен физикамен таныстық мектеппен аяқталмайды: физик-ғалымдарды дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары бар.
Физика тек ғалымдарға ғана қажет емес. Ол жұмысшыларға, дәрігерлерге, инженерлерге, конструкторларға және жалпы әр адамға керек. Физика адамды ойлауға, дәлелдеуге, табиғат құбылыстарын түсінуге үйретеді және қоршаған әлемді таныта бастайды.
Өмірмен байланыс: нақты мысалдар
Мысалы, физиктер жарықтың ауада және шыныда қалай таралатынын зерттегендіктен ғана көзәйнек, телескоп, фотоаппарат, бейнекамера сияқты құралдарды жасау мүмкін болды.
Ал кемелерді, ұшақтарды, ауа шарларын құрастыру сұйықтықтар мен газдардың қасиеттерін, сондай-ақ сол ортада қозғалатын денелер бағынатын заңдылықтарды білуді талап етеді.
Физика ілімінсіз тұрмыста көмектесетін көптеген құрылғыларды жасау да, қолдану да қиын болар еді: үйді тазалау, тағамды дайындау және сақтау, әуен тыңдау секілді әрекеттердің бәрі белгілі бір физикалық заңдарға сүйенеді.
Физика қандай құбылыстарды зерттейді?
Физика — табиғат туралы ғылым. Табиғатта алуан түрлі өзгерістер, яғни құбылыстар болады. Физика сол құбылыстардың белгілі бір түрлерін зерттейді.
1) Механикалық құбылыстар
- • Ұшақтар мен автомобильдердің қозғалысы.
- • Маятниктің тербелісі, құбырмен сұйықтықтың ағуы.
- • Жердің Күнді айналуы және орбиталық станциялардың Жерді айналуы.
2) Электрлік құбылыстар
- • Электрленген денелердің тартылуы мен тебілуі.
- • Электр тогы және соған байланысты құбылыстар.