Бала қымбат

Сабақ: «Өзін-өзі тану» (1-сынып)

Тақырып: «Адам деген ардақты ат». Бұл сабақта балалар «адамгершілік» ұғымының мәнін түсініп, мейірім, адалдық, қамқорлық сияқты қасиеттерді күнделікті әрекетте қолдануға үйренеді.

Мақсаты

Адамгершілік ұғымының құндылық ретіндегі маңызын ашу.

Көрнекіліктер

Дәптер, сюжетті суреттер.

Әдістер

Әңгімелесу, ойын, жаттығу, түсіндіру, сахналау.

Сабақ міндеттері

  • Білімділік: адами қасиеттер туралы түсінік беру.
  • Дамытушылық: балалардың адамгершілік қасиеттерін дамыту, жағымды қарым-қатынас жасай білуге үйрету.
  • Тәрбиелік: ізгілікті, мейірімді болуға тәрбиелеу.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім оқушылармен сәлемдесіп, сыныпта жұмысқа қолайлы көңіл күй қалыптастырады.

2) «Шаттық шеңбері»

Балалар шеңбер құрып, бір-бірімен жылы амандасады. Мұғаліммен бірге Е. Өтетілеуовтің «Нағыз адам боламын» өлеңін қайталайды.

Бүгін титтей баламын,
Әлі-ақ жігіт боламын.
Сонда, мүмкін, мен ғалым,
Әлде шофер боламын.

3) Әңгімелесу

Мұғалім оқушыларды тақырыпқа бағыттау үшін сұрақтар қояды, балалар өз ойларын ортаға салады.

Сұрақтар

  • Ата-анаң сенің қандай болғаныңды қалайды?
  • Өзің кімге ұқсағың келеді?
  • «Нағыз адам» дегенді қалай түсінесіңдер?

Мұғалімнің қорытынды ойы

Ата-анамыз әрдайым жақсы адам болғанымызды қалайды, ақылын айтады. Біз ақылды, әдепті, әдемі мінезді адамдарға ұқсағымыз келеді. Өзіміз де мейірімді, адал, білімді болып өсуге талпынамыз.

4) Жаңа ақпарат (сұрақ-жауап)

Оқушылар қысқа сұрақтарға жауап беру арқылы адамға жақын, қымбат ұғымдарды ажыратады.

Балалар, не тәтті?
Ананың сүті тәтті.
Не жұмсақ?
Ананың қолы жұмсақ.
Не қатты?
Атаның жүрегі қатты.
Кім жақын?
Тату болса — ағайын жақын, ақылшы болса — апайың жақын.
Тағы кім жақын?
Бауырмал болса — інің жақын, қимас жақын — қарындасың.
Не қымбат?
Алтын ұяң — Отан қымбат, құт-береке — атаң қымбат.
Тағы не қымбат?
Аймалайтын — анаң қымбат, асқар тауың — әкең қымбат.
Дүниеде не қымбат?
Адам қымбат.
Адамға не қымбат?
Бала қымбат.

5) Мәтінмен жұмыс

Сабақ тақырыбын ашу үшін Ж. Жұмаханованың «Кім боласың?» мәтіні ұсынылады: алдымен мұғалім оқиды, кейін оқушылар өздері оқиды. Мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді.

Талқылау сұрақтары

  • Атасы немересіне «адам бол» дегенде нені меңзеді?
  • Сендер «адам бол» дегенді қалай түсінесіңдер?

6) Сергіту сәті

Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары арқылы балалар бой сергітіп, назарын қайта шоғырландырады.

7) Тапсырма (суреттермен жұмыс)

Суреттерге қарап, адам қабілетінің кең мүмкіндіктері туралы әңгімелеу ұсынылады. Мысалы: дәрігердің науқасқа көмегі, ұшқыштың ұшақты басқаруы, кітап оқып білім іздеген бала, скрипка тартқан бала, кран жүргізушісінің құрылыс салуы, компьютерде жұмыс істеген бала.

Негізгі ой

Адамның қолынан көп нәрсе келеді: үйренсе — меңгереді, талпынса — жетеді, еңбек етсе — нәтиже шығарады.

Бағыттаушы сұрақтар

  • Бұл адам қандай жақсы іс жасап жатыр?
  • Ол үшін қандай қасиет керек?
  • Сен өзің қандай қабілетіңді дамытқың келеді?

8) Дәйексөз

«Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан.»

Абай Құнанбаев

Мұғалім оқушылардан дәйексөздің мағынасын сұрайды: әр адам қоғамда өз орнын тауып, пайдалы іс атқаруы керек деген ойға жетелейді.

9) Тыныштық сәті

Балалар бір сәт тынышталып, ой жинақтайды. Ұшқыш, дәрігер, құрылысшы, ұстаз сияқты мамандықтардың қоғамға пайдасы туралы қысқаша әңгіме өрбиді.

10) Дәптермен жұмыс

Дәптердегі суреттерге сүйеніп, әр оқушы кімге қандай жақсылық жасай алатынын әңгімелеп береді.

11) Қорытындылау: «Жүректен жүрекке»

Сабақты аяқтау үшін балалар шеңберге жиналып, мұғаліммен қол ұстасып ән айтады: «Біз өнерпаз баламыз».