Дауыссыз дыбыстардың түрлерін ата

Сабақтың мақсаты

1) Білімділік

Дауыссыз дыбыстар туралы алған теориялық білімді бекіту. Қатаң, ұяң, үнді дауыссыз дыбыстарды ажырата білу дағдыларын қалыптастыру.

2) Дамытушылық

Оқу мен жазу арқылы ойлау қабілетін дамыту. Оқушылардың тілдік белсенділігін, сөйлеу және жазу мәдениетін жетілдіру. Логикалық ойлау дағдыларын нығайту.

3) Тәрбиелік

Оқушыларды спортқа баулу, отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұжымдық сезімді күшейту және салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Сабақтың түрі

Саяхат сабақ.

Әдіс-тәсілдері

  • Сұрақ-жауап
  • Талдау
  • Көрнекілік

Көрнекіліктер

  • Қима қағаздар, алқалар, таратпалар
  • Интерактивті тақта (слайд)

Сабақтың барысы

1) Психологиялық дайындық

Сабақты жаңашыл педагог Шерхан Әленовтің тәлім сөзінен бастайық:

Әрбір адам — туыс, дос, жұрағат.
Әрбір сабақ — үйрету, ұғу, ұлағат.
Әрбір ісің — тірлік, тірек, адамдық.
Әрбір сөзің — шындық, бірлік, адалдық.

Олай болса, бүгінгі сабағымызда әрбір ісімізге мұқият болайық.

2) Үй жұмысын тексеру

Үйге берілген тапсырма: 132-жаттығу. Н және ң дыбыстарынан сөздер құрастырып келу, ұнаған сөздермен сөйлем құрау.

Бекіту сұрағы: Н және ң дыбыстары дауыссыз дыбыстардың қай түріне жатады?

3) Жаңа сабаққа кіріспе

Бүгінгі сабағымыз ерекше форматта өтеді: біз дауыссыз дыбыстарды қайталаймыз және қонақтарға білім деңгейімізді көрсетеміз.

Сұрақ: Өткен қыста қандай ірі спорттық іс-шара өтті?
Жауап: 7-қысқы Азия ойындары. Қазақстан құрамасы 1-орын алды.

Сонымен қатар, жазғы Азия ойындары да өтеді. 2014 жылы Кореяда өтетін жарысқа жолдама алу үшін бүгінгі сабақта тапсырмалар орындап, «алтын алқа» жинаймыз.

Жазғы спорт түрлеріне мысалдар

Күрес, гимнастика, жеңіл және ауыр атлетика, жүзу, нысана көздеу, теннис.

Бүгінгі сабағымызға Кореядан кішкентай панда қонаққа келді. Ол бізге бірнеше тапсырма алып келіпті. Әрбір дұрыс жауапқа доп беріледі. Кім көп ұпай жинаса, сол жоғары баға алады.

Панданың тапсырмалары (ойын-жарыс)

Әр тапсырма спорт тақырыбы арқылы беріледі: жұмбақтың жауабын тауып, кейін тілдік тапсырманы орындаймыз.

1-тапсырма: Жұмбақ (футбол)

Жасыл желек көгалда,
Бірде алға, бірде артқа,
Желаяқ көп бала
Таласып жүр бір допқа.

Жауабы: футболшылар.

Көркем жазу минуты

Ш: «Ш-ш-шана».

2-тапсырма: Жұмбақ (велосипед) және оқулықпен жұмыс

Өздігінен жүрмейді, жарыспайды,
Кісі мінсе, жарыстан қалыспайды.
Аяғы екеу болғанмен, ізі жалғыз,
Сағатта талай жерді қарыштайды.

Жауабы: велосипед.

Оқулықпен жұмыс

45-бет, 1-жаттығу: қарамен жазылған сөздерді көшіріп жаз. Кездесетін, бір жарым, алып, сақтаулы.

3-тапсырма: Жұмбақ (доп)

Әрі жұмсақ, әрі жұмыр,
Әрі жүгір, бері жүгір.

Жауабы: доп.

Сергіту сәті

Аяқпенен топ-топ,
Ақылымен хлоп-хлоп.
Бір оңға, бір солға,
Айналайық кел мұнда.

Қолымызды бір сілтеп,
Басымызды шайқайық.
Бір оңға, бір солға,
Айналайық кел мұнда.

Секіреміз жоғары,
Қиын емес секіру.
Бір оңға, бір солға,
Айналайық кел мұнда.

4-тапсырма: Жұмбақ (теннис) және дыбыстық өзгеріс

Екі кісі ойнайды бір доппенен,
Допты ұрады өздері ракеткамен.
Бұл жұмбақтың шешуін тапсаң егер,
Сол бала жеңіске жетеді екен.

Жауабы: теннис.

Үлгі бойынша орында

Орақ — орағы
Сабақ — …
Садақ — …
Қалақ — …
Құрақ — …
Қорап — …
Тәртіп — …
Кітап — …
Әріп — …

Талқылау сұрақтары:
Қ мен ғ дыбыстары дауыссыздардың қай түріне жатады?
П мен б дыбыстары дауыссыздардың қай түріне жатады?
Қандай дыбыстық өзгеріс байқадыңдар?

5-тапсырма: Сөз табы (жүзу) және ребус

Ал, біліп жүр, білмесең,
«Жүз» — сыры көп әлі.
Егер: «Суға ...» — десем,
Қай сөз табы болады?

Жауабы: суда жүзу.

Тапсырмалар

  • Ребустарды шешу.
  • «Лақ», «қара» сөздеріне дыбыстық талдау жасау.

Сабақты қорытындылау

Қазақ халқының қонақжайлығын еске түсірейік: келген қонаққа сыбаға тартады. Бүгін біз де сұрақтарға жауап беру арқылы «сыбағамызды» ұсынамыз.

«Соғым мүшелері» арқылы сұрақ-жауап

Соғым мүшелеріне мысалдар: қазы, қарта, жал-жая, жамбас.

Қазақ тілінде неше әріп бар?

42.

Қазақ тілінде неше дауысты дыбыс бар?

Жауап (ауызша).

Неше дауыссыз дыбыс бар?

Жауап (ауызша).

Дауыссыз дыбыстардың түрлерін ата.

Жауап (ауызша).

Қатаң, ұяң, үнді дауыссыздарға қандай әріптер жатады?

Жауап (ауызша, мысалдармен).

Тәрбиелік түйін

Ойын барысында сендер ойлау қабілеттеріңнің ұшқыр екенін, білімді екендеріңді көрсеттіңдер. Деніміз сау, шымыр болып өсу үшін спортпен тұрақты түрде шұғылдану қажет.

Еліміздің намысын қорғап, тәуелсіздік туын биікте желбірететін бақытты ұрпақ сендер боласыңдар.

Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы: мұғалімнің нұсқауы бойынша.

Бағалау

Кім көп доп жинады? Жеңімпаздар — жазғы Азиадаға жолдама алатын ойыншылар!