Бүгін әнші атанбақ

Сценарий Жарыс-кеш

Жұлдызды кеш

Ән, би және көрермен қатысуымен өтетін өнер байқауының жүргізушілер мәтіні — тілдік тұрғыдан өңделіп, біріздендірілді.

Кештің ашылуы

І жүргізуші

Армысыздар, өнер сүйер қауым! Көңілдеріңіз жайнап, жүректеріңіз шаттыққа толсын. Ән — шашу, әуен — әсемдік, өнер — өмірдің нұры. Бүгінгі кеш сіздерге арналады.

ІІ жүргізуші

Ұрпақпен өмір жолы жалғасады. Алда әлі талай көңілді күндер туа берсін! Бүгінгі кеш сіздер үшін ашылады, ал сахнада өнерпаздар сайысқа түседі.

І жүргізуші

Ендеше, бүгінгі әуенді кештің байқауына қатысушыларды ортаға шақырамыз. (Музыка әуенімен сайыскерлер ортаға шығады.)

ІІ жүргізуші

Арайланып әрбір таңымыз, арайланып әнмен сәніміз. Туған жердің төсінде тұрып, кәне, бәріміз бірге шырқайық!

Ән: «Әсем әнді қабыл алыңыздар»

Байқауды таныстыру және қазылар

І жүргізуші

Қымбатты өнер сүйер қауым, ардақты ұстаздар, қадірлі көрермендер! Назарларыңызға «Жұлдызды шоу» атты өнер байқауын ұсынамыз.

ІІ жүргізуші

Байқау басталмас бұрын, ортамызға әділқазылар алқасын шақырайық. Бұл сайыста әділқазылардың бағасымен бірге көрерменнің дауысы да есепке алынады.

Ән сайысы

І жүргізуші

Халқымыз өнерге бай: әнші де, биші де — бәрі бар. Ендеше, әнге қаншалық икеміңіз бар екенін байқап көрейік. Алғашқы кезекті әнге береміз.

Тапсырма

«Қазақ елі» әні орындалады. Соңғы шумақ тоқтатылып, көрерменнен жалғастыру сұралады. Әуені мен сөзін дұрыс жалғастырыңыз.

ІІ жүргізуші

Өлең-жырдан өзге алаңым жоқ. Терең сөзді іздеймін, әуенді жүрекпен сеземін. Бір сәт ән салсаң, көңілдің күйін қозғап, жанды тербейді.

І жүргізуші

Қадірменді өнер сүйер қауым! Қазір орындалатын әннің бірнеше жолын оқимын. Сіздер сол әннің атауын табуларыңызды сұраймыз:

Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін. Көңіліңді көктемде, көзіңнен танимын.

Сұрақ: Бұл қандай ән?

Алдарыңызда — келесі ән. Қабыл алыңыздар!

ІІ жүргізуші

Енді тағатсыздана күтіп отырған сайыскерлеріміздің өнерін тамашалайық: «Дауысың қандай сырлы еді, табиғатты тыңдатқан; көркің қандай нұрлы еді, таң шолпанмен астасқан…» Бірінші сайыскеріміздің әнін қарсы алыңыздар!

І жүргізуші

«Әндер, әндер — ұш әуеде, ұш көгімде, күллі әлемде… Көктем келсе гүл боп елге, мен де бүгін түрленемін…» Келесі сайыскеріміздің өнерін қабыл алыңыздар!

ІІ жүргізуші

Өнермен терең жүзіп, биікке самғадың. Мақсатыңды талаппен айқындадың. Сан қырлы, таза гауһардай жарқырап, өзіңді таныта білдің. Келесі әншіміздің өнерін тамашалайық!

І жүргізуші

Уа, халайық, назар салыңыз! Ата жолын жалғап, ел дәстүрін сақтап, ел намысын қорғар жігіттер ортаға шықсын! Бүгін өнерімен танылатын келесі сайыскерімізді қарсы алыңыздар!

ІІ жүргізуші

Жезтаңдай, күміскөмей өнерпазымыз — сайысқа баптап қосқан дүлдүліміз. Балдәурен балалық шақтан өтіп, алда бақыт пен шаттық тілейміз. Келесі сайыскердің өнерін тамашалайық!

І жүргізуші

Өнерді бойыңа жинаған өрендерім, сіздерге тәнтіміз. Бұл сыннан сүрінбей өткен әр сайыскерге сәттілік! Келесі қатысушының өнерін бағалайық.

ІІ жүргізуші

Көңілім, тағы жырлашы, сұңқардай көкке самғапшы. Әсем ән шырқалса, туған жердің мерейі арта түсер. Келесі әншімізді ортаға шақырайық!

Осымен ән сайысына қатысқан өнерпаздарымыздың бөлімі өз мәресіне жетті. Келесі бөлім — би сайысы. Ақындар айтқандай, қозғалыссыз өмір жоқ, би сүймейтін бала жоқ. Ендеше, би сайысын бастауға рұқсат етіңіздер.

Би сайысы

І жүргізуші

Біздің мектептің қыздары өнері асқан, бала жастан мың бұралып билейді. Қайда біздің өнерпаз қыздарымыз? Тартынбай, ортаға шығыңыздар! Бишілеріміздің өнерін тамашалайық.

ІІ жүргізуші

Жақсы биден — өнеге. Сегіз қырлы, бір сырлы өнерді біртіндеп үйренейік. Келесі бишімізді ортаға шақырамыз!

І жүргізуші

«Биім қандай әдемі, тербелген нәзік қимылым бар. Нәзік сазды әуенмен мың бұралып билеймін…» Жас бишілерімізді ортаға шақырайық!

ІІ жүргізуші

Балапан, қаймықпа, сескенбе! Ортаға шық, кәнеки — өнеріңді көрсет! Өнерпаз бишімізді ортаға шақырамыз.

І жүргізуші

Міне, мың бұралған бишілеріміздің де бүгінгі сайысқа арнайы дайындап келген билері өз мәресіне жетті. Көрермендер, дауыс бергілеріңіз келсе, таңдаған сайыскердің атын алдын ала дайындалған қағазға белгілеп, тапсыруларыңызды сұраймыз.

Дауыс беру және қазылар қорытындысы

Музыкалық үзіліс

Әділқазылар ұпайларды есептеп болғанша, сіздердің құрметтеріңізге Батихан Еркегүлдің орындауында «Бір тілек» әні ұсынылады.

Келесі ән

«Сән-салтанат жасайық, күй сандықты ашайық. Бұл мереке, бұл тойға әннен шашу шашайық…» Қабыл алыңыздар: «Балдәурен».

ІІ жүргізуші

Кім өнерлі бұл кеште — үміт алда. Жүректе қобалжу, көңілде күдік те бар. Әділқазылар алқасы әділ бағасын берсін, ал әншілерге арман мен бақыт жолдас болсын! Ендеше, сөз кезегін әділқазыларға береміз.

Қорытынды сөз

І жүргізуші

Құрметті қауым! Көпшілік құрметіне бөленген өнерпаздарымыз алдағы уақытта да талай байқауда жеңімпаз атанып, орындаушылық шеберлігімен, талғампаздығымен үлкен табыстарға жете берсін. «Өнер — талантты өсіреді» деген қанатты сөзден қуат алып, асыл мұрамызды сақтап, өркендете берейік.

Көңіл бөліп тамашалағандарыңызға көп рақмет! Сау болыңыздар!