Сыбаға деген сөзді қалай түсінесің

Мақсаты мен бағыт-бағдары

Бұл іс-шара оқушылардың ұлттық салт-дәстүр негізіндегі білімін кеңейтуге бағытталған. Адамгершілікке, ұлтжандылыққа, имандылыққа тәрбиелеу, ұлттық дүниетанымды қалыптастыру және татулыққа, ынтымаққа, бірлікке үндеу негізгі мұрат ретінде алынады.

Тақырыбы

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»

7-сыныптар арасындағы жігіттер сайысы

Көрнекілігі

  • Слайд
  • Өнер туралы қанатты сөздер
  • Мақал-мәтелдер

Негізгі идея

Қатысушылар өз өнерін ғана емес, салт-дәстүрге құрметін, шеберлігін және білімін де көрсетеді.

Іс-шараның барысы

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Бүгін сіздер «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты 7-сыныптар арасындағы жігіттер сайысына қош келдіңіздер.

Жігіттеріміз өз өнерлерін көрсетіп қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрге деген құрметін, шеберлігін және білімін танытады. Олай болса, қатысушыларға сәт-сапар тілей отырып, сайысымызды ашық деп жариялаймыз!

Шақыру жыры

Уа, халайық, халайық,

Мұнда назар салайық.

Ата жолын жалғамақ,

Ел дәстүрін қолдамақ.

Жігіттер шықсын ортаға,

Ел намысын қорғамақ.

Қайсысы күйші, кім биші —

Талабына қарайық.

Кімдер зерек, кім жылдам —

Таланттарын табайық.

Қатысушы топтар

  • 1 7а сыныбы — «Бәйтерек» тобы
  • 2 7ә сыныбы — «Қыран» тобы
  • 3 7б сыныбы — «Болашақ» тобы
  • 4 7в сыныбы — «Дарын» тобы

Сайыстың кезеңдері (7 бөлім)

  1. 1) Сәлем — сөздің анасы

    Әр топ өзін таныстырады.

  2. 2) Тәуелсіз елім — тұғырым

    Тәуелсіз Қазақстан туралы өлеңдерді мәнерлеп оқу.

  3. 3) Білімді мыңды жығар

    Пән бойынша сұрақ-жауап.

  4. 4) Ойлы болсаң, озып көр

    Мақал-мәтелдің жалғасын табу жарысы.

  5. 5) Салт-дәстүрім — қазынам

    Дәстүрге қатысты сұрақтар.

  6. 6) Ойлан, тап

    Жұмбақ шешу сайысы.

  7. 7) Батаменен ел көгерер

    Бата айту сайысы.

1-кезең: «Сәлем — сөздің анасы» (Таныстыру)

Ал, қанеки, қырандар,

Босқа қарап тұрмаңдар.

Бастап жігіт өнерін,

Алыстарға самғаңдар!

Таныстырып өзіңді,

Топ намысын қорғаңдар!

Әр топ өздерін таныстырады.

2-кезең: «Тәуелсіз елім — тұғырым» (Мәнерлеп оқу)

Тәуелсіздік алғанымызға көп уақыт өтпесе де, еліміз әлемге танылған мемлекеттердің қатарында. Бейбіт елімізде, ата-баба жерінде білім алып, бақытты өмір сүріп келеміз.

Егемен еліміздің тыныштығы мен абыройы — сендердің қолдарыңда. Әрқайсыңның бойыңда Отанға, елге деген патриоттық сезім болуы тиіс. Ендеше, тәуелсіз елімізді мақтан етіп, жырымызға қосайық!

3-кезең: «Білімді мыңды жығар» (Білім сайысы)

Білекті жықса біреуді, білімді мыңды жығады. Инемен құдық қазғандай, білімнің шыңына шығады.

Бұл кезеңде оқушылардың технология пәнінен алған білімдері тексеріледі.

Сұрақтар

  1. 1. Егіншіліктің 3 жүйесін ата. Жауабы: қарапайым, экстенсивті, интенсивті.
  2. 2. Парға қалдыру дегенді қалай түсінесің? Жауабы: бір жаз бойы егін екпей, жерді өңдеу.
  3. 3. Интенсивті жүйе қай елде, қай ғасырда пайда болды? Жауабы: Англияда, XVIII ғасырда.
  4. 4. Ел арасындағы «екінші нан» қай дақыл? Жауабы: картоп.
  5. 5. Картоп +18…+25°C температурада неше күнде көктеп шығады? Жауабы: 13–15 күнде.
  6. 6. Картоп егу арақашықтығы қанша? Жауабы: 70 см.
  7. 7. Малдың түріне қарай шөпті қалай әзірлейді? Жауабы: ірі қараға 4–5 см, жылқыға 3–4 см, қойға 2–3 см.
  8. 8. Шөп ұнын немен әзірлейді? Жауабы: арнайы агрегатпен.
  9. 9. Ағаш өңдейтін токарь станогының маркасы қандай? Жауабы: СТД 120-М.
  10. 10. Мөлдір экран не үшін қажет? Жауабы: көзді қорғау үшін.

4-кезең: «Ойлы болсаң, озып көр» (Мақалдың жалғасын табу)

Ата-дәстүр абырой көтергенге, бұл сөздер сүйектен өтер демде! Енді қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерге тоқталайық.

Конверт ішінде жасырылған мақалдардың жалғасын табу керек. Әр топқа — бес мақалдан.

Мақалдар (1–10)

  1. 1. Өнерлінің қолы алтын, (өлеңшінің сөзі алтын)
  2. 2. Ата көрген оқ жонар, (шеше көрген тон пішер)
  3. 3. Шебердің қолы ортақ, (шешеннің тілі ортақ)
  4. 4. Ерінбеген өнер табар, (шегіне берген соңына қалар)
  5. 5. Еңбексіз өмір жоқ, (ауырсыз жеңіл жоқ)
  6. 6. Еңбек өмірді ұзартады, (ұят бетті қызартады)
  7. 7. Үйренгенің өзіңе құт, (істегенің еліңе құт)
  8. 8. Шебер көп жерде, (өнер көп)
  9. 9. Еңбек етсең ерінбей, (тояды қарның тіленбей)
  10. 10. Еңбек ерлікке жеткізер, (ерлік елдікке жеткізер)

Мақалдар (11–20)

  1. 11. Бармағынан бал тамған шебер болғың келсе, (бармақтайыңнан машықтан)
  2. 12. Еңбектің наны тәтті, (жалқаудың жаны тәтті)
  3. 13. Үлгісі көптің өрнегі көп, (өрнегі көптің ермегі көп)
  4. 14. Талаппен бастап, (талғаммен аяқта)
  5. 15. Өнерлінің он саусағы тең, (өнерсіздің бір саусағы кем)
  6. 16. Өнерлі жігіт өрде озар, (өнерсіз жігіт жер соғар)
  7. 17. Өнер алды — бірлік, (ырыс алды — тірлік)
  8. 18. Асыл тастан шығар, (өнер жастан шығар)
  9. 19. Ақыл көпке жеткізер, (өнер көкке жеткізер)
  10. 20. Талапты ерге (нұр жауар)

5-кезең: «Салт-дәстүрім — қазынам» (Дәстүр сұрақтары)

Салт-дәстүрлі санамыз гүлденетін,

Ойынымен, биімен гүлденетін.

Әдет-ғұрып, дәстүрді қастерлейік,

Ұрпақ болсаң шынымен ізденетін.

Сұрақтар конверт ішінде жасырылған. Әр топқа — үш сұрақтан.

Сұрақтар мен жауаптар

  • Сүйінші — қуанышты хабар жеткізу дәстүрі.
  • Шашу — қуаныштың белгісі ретінде тәтті-дәмді шашу (үйлену тойы, құда күту, қоныс тойы т.б.).
  • Қонақасы — келген қонаққа арнайы мал сойып, сый-сияпат көрсету.
  • Енші — ер жеткен баланы ата-анасының дүние-мүлік бөліп, бөлек шығару дәстүрі.
  • Байғазы — жаңа киім немесе жаңа бұйымға берілетін ақшалай не заттай сыйлық.
  • Ерулік — жаңа көшіп келген көршіні қонаққа шақырып, ас беру дәстүрі.
  • Сыбаға — қадірлі қонаққа немесе жақын-жуыққа арнап сақталған кәделі ет, жілік мүшелері.
  • Айдар — ер баланы тіл-көзден сақтауға арналған шаш үлгісі.
  • Бес дұшпан — өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, мал шашпақ.
  • Бес асыл іс — талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым.
  • Бес қару — мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта.
  • Ат әбзелдері — ер-тоқым, жүген, құйысқан, өмілдірік, тартпа, үзеңгі т.б.

6-кезең: «Ойлан, тап» (Жұмбақ шешу)

Кел, балалар, ойнайық,

Ойнайық та ойлайық.

Қандай жұмбақ болса да,

Шешпей оны қоймайық.

Жұмбақтар

  1. Жарқылдаған қос қылыш, қолға тисе жоқ тыныш. Жауабы: қайшы.
  2. «Естіртпе» деп ине-жіптің күңкілін, бүтіндейді қағаз, кітап жыртығын. Жауабы: желім.
  3. Жүрген сайын жүйрігім, қысқартады құйрығын. Жауабы: ине-жіп.
  4. Ұқсайтын шеңберге қабырғасы жиылып, керіледі. Жиһазы мол, кең бөлме, төбесінен жұлдыздар көрінеді. Жауабы: киіз үй.
  5. Адамға сонша пайдалы, басында сансыз көзі бар. Жауабы: оймақ.
  6. Қылдырықтай бір нәрсе иретілген, мойнында ұзын арқан сүйретілген. Жауабы: ине, жіп.
  7. Көрінген жол үстінде доңғалай бас. Қолы жоқ, аяғы жоқ бұл қандай бас? Жанынан шапалақпен жайлап ұрсаң, атындай жолаушының жорғалар бас. Жауабы: ұршық.
  8. Қолымда бір құсым бар екі басты. Аяғын басқан кезде зәре қашты. Аузын аждаһадай ашқан кезде, бөлектеп атып тастар ішкен асты. Жауабы: қайшы.
  9. Қатар-қатар тісі бар, өзіне тән ісі бар. Жауабы: қол ара.
  10. Жүзімен жарамын, шүйдесімен қағамын. Жауабы: балта.
  11. Сегіз тарам қайыстан, өрімі бар бұзау тіс. Жұмсақ жағы майысқан, айнымайтын жылан түс. Жауабы: қамшы.
  12. Бір тышқанда екі құйрық. Жауабы: ине, жіп.

7-кезең: «Батаменен ел көгерер» (Бата айту)

Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас. Батаменен ел көгереді, жауынменен жер көгереді.

Әр топтан бір оқушы шығып, өздері білетін бір бата айтады.

Қорытынды

Бойларыңда от бар екенін байқадым,

Жүректерде шоқ бар екенін байқадым.

Әрқашанда осы шоқты өшірмей,

Жалындатып, шарықтаңдар әрдайым!

Осымен «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты 7 кезеңнен тұратын сайыс өз мәресіне жетті.

Қазылар алқасы әділ бағасын беріп, жауаптары толық әрі нақты шыққан жеңімпаз топты анықтап, марапаттайды.