Алматы көлі
Диктанттар жинағы
Мәтіндер мен тапсырмалар — сауатты жазу, талдау, және тілдік нормаларды бекітуге арналған.
Қоңыр күз
Диктант мәтіні
Жаздан кейін қоңыр, салқын күз келіп жетеді. Бұл кезде күн қысқа, түн ұзақ болады. Қараңғылық ерте түседі. Аспанды қара бұлт қаптап, жауын жиі жауады. Күз айлары — жыл мезгілдерінің ең молшылық айлары. Бұл мезгіл — көкөніс пен жеміс-жидектің пісетін шағы. Күзде адамдар қысқа әзірлік жасайды: көкөністерді тұздайды. Осындай кезде қыс та жақындап қалады.
Тапсырмалар
- 1 Қосымшаларын табыңдар: қараңғылық, мезгілдерінің, көкөністерді.
- 2 Фонетикалық талдау жаса: салқын, піскен.
Біздің сынып
Сипаттау мәтіні
Біздің сынып таза, кең, жарық. Сыныптың қабырғалары ақ, төбесі биік. Едені сары бояумен боялған. Сыныпта үш үлкен терезе бар. Парталар үш қатар болып қойылған. Парталардың үстінде дәптерлер, кітаптар, қарындаштар, күнделіктер жатыр. Сыныпта үстел, тақта, орындықтар бар. Орындық үстелдің жанында тұр. Терезеде көк перделер ілінген. Маған біздің сынып өте ұнайды.
Тапсырма
Мәтіндегі сөздердің түбірін ажыратыңдар.
Менің досым
Мінездеме
Менің ең жақын досым — Асқар. Оның бойы ұзын, шашы бұйра, көзі қара, бет-әлпеті әдемі. Ол — тәртіпті оқушы. Асқар сабақтан кешігуді білмейді. Оқулықтарын таза ұстайды. Қызықты кітаптарды көп оқиды. Сабақтан кейін апасына көмектеседі. Оның Анар есімді қарындасы бар. Асқар қарындасын ойнатады. Менің досым — адал, сенімді, әзілқой. Мен досымды мақтан тұтамын.
Тапсырма
Тәуелдік жалғауларын табыңдар.
Қыс
Әңгімелеу мәтіні
Күн суық. Жерде қар қалың. Түн ұзақ, күн қысқа. Қыста мен таңертең сағат жетіде тұрамын. Бет-қолымды жуамын, сүртемін, шашымды тараймын, тамақ ішемін. Содан соң басыма бөрік, қолыма қолғап, үстіме жылы пальто, аяғыма етік киіп, мектепке барамын. Мектептен шыққан соң мектептің мұз айдынына барамыз. Мұз айдыны мектептен алыс емес.
Тапсырма
Бастауыштың астын сызыңдар.
Абай Құнанбаев
Танымдық мәтін
Абай Құнанбаев — қазақ халқының ұлы ақыны. Ол ерте заманда өмір сүрді. Абай қазақ халқын түрлі өнер үйренуге, білім алуға шақырды. Халқына еңбекті сүюдің, еңбек ете білудің пайдасын түсіндірді. Ақын өсекші, өтірікші, жалқау, мақтаншақ адамдарды жек көрді. Абай өз шығармаларында мұндай адамдарды қатты сынады. Абай Құнанбаев — ұлы аудармашы. Ол адамдарды достыққа шақырды.
Тапсырма
«ақын, адам, дос, халық» сөздерінің көптік жалғауларын жазыңдар.
Ыбырай Алтынсарин
Ағартушылық туралы мәтін
Ыбырай Алтынсарин — қазақ халқының белгілі ағартушысы, жаңашыл педагогы, жазушы әрі қоғам қайраткері. Ол жасынан ынталы, зерек болды. Ыбырай орыс әдебиетін көп оқыды. Халқына білім беруді арман етті. Балалар үшін орысша-қазақша мектептер ашты. Сол мектептерге арнап оқулықтар жазды. Оның өлеңдерін оқушылар жатқа біледі. Қостанайда Ыбырайға арналған мұражайлар ашылып, ескерткіштер орнатылды. Ол — балалар әдебиетінің атасы.
Тапсырма
Көптік жалғауларын табыңдар.
Қорқыт
Тарихи-танымдық мәтін
Қазақ музыкасы мен ән-күйімен қатар аталатын есімдердің бірі — Қорқыт ата. Ол — күллі түркі халықтарына ортақ данышпан тұлға. Қорқыттың мазары Сырдария бойында, Қызылорда облысының Қармақшы ауданында орналасқан. Теміржолмен немесе басқа көлікпен ары-бері өткен жолаушылар ата аруағына сыйынып, ішінен дұға оқиды. Даналығымен ел есінде сақталған қасиетті бабамыздың бойындағы дарын — кейінгі ұрпаққа үлкен өсиет. Ол өз өмірін халқы үшін аямаған өр тұлға.
Тапсырма
«Даналығымен» сөзін сөз құрамына талдаңдар.
Алматы көлі
Табиғат туралы мәтін
Алатаудың сұлу жерлері көп. Соның ішінде Алматы көлінің орны бөлек. Бұл көл тәуліктің әр мезгілінде әр түрлі құлпырады. Таң атып, күн шыққанда көл жап-жасыл болып кетеді. Сондықтан халық оны «Жасыл көл» деп атайды. Бұдан жүз жыл бұрын осы көлге келген орыстың атақты саяхатшысы — Семенов–Тянь-Шанский — оны көріп таңғалған. Ол бұл көл туралы: «“Жасыл көлдің” ғажап көрінісі ешқашан менің ойымнан кетпейді», — деп жазған. Алатау өңірінде мұндай көлдер мен сұлу жерлер өте көп.
Наурыз мерекесі
Мейрам туралы мәтін
Наурыз — халық мейрамы. Наурыз мерекесі — жыл басы, күн мен түн теңелетін күн. Мейрам күні ежелгі дәстүр бойынша тал, ағаш, гүл егіледі. Наурыз мейрамында ән айтылады, адамдар әдемі киім киеді, түрлі ұлттық ойындар өткізіледі, көже пісіріледі. Көже пісіру — жеті тағамға деген сый-құрметтің белгісі. Ол су, сүт, ет, дән, ұн, тұз, майдан жасалады. Наурыз — көктем мезгілінің көркі мен берекесі. Біз Наурызды асыға күтеміз.
Тапсырма
Екінші сөйлемді аударыңдар.
Қошақан
Оқиға желісі бар мәтін
Дәулет пен Хасен құмнан жуа терді. Олар жолдың шетінде қалған ақ қозыны көрді. Қошақанның енесі жоқ екен. Қошақан өз аяғымен жүре алмады, өте әлсіз еді. Екі бала қозыны кезектесіп көтерді. Екі дос түс ауа қошақанды ауылға аман-есен жеткізді. Олар қозыны аға шопанға әкеліп берді. Шопан балаларға алғыс айтты.
Тапсырмалар
- 1 «ақ» және «түс» сөздерінің омонимін табыңдар; «әлсіз» сөзінің антонимін табыңдар.
- 2 «балаларға» сөзін сөз құрамына талдаңдар.
Көктем
Маусымдық еңбек
Қар еріп болды. Көктем келіп жатыр. Күн жылынып, жер көгеруде. Балалардың қуанышы қойнына сыймайды. Олардың үйге кіргілері келмейді. Ауылда егін салу басталады. Мен соқаға отырып жер жырттым. Марат трактормен егін екті. Кешке дамылсыз жаңбыр жауып, жұмыс аз істелді. Бұған біз ренжідік. Күн батты, бірақ жұмыс әлі біткен жоқ. Кешке басқа адамдар келді.
Ескерту
Мәтіндер диктант жазуға және грамматикалық талдауға арналған. Соңындағы “жүктеу” сөзі мазмұнға қатысы жоқ белгі ретінде алынып тасталды.