Астанаға қандай қалалар жақын

Астана қаласы, №27 мектеп-лицей

Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі: Бакакова Айсулу Кожанбердыевна

Сабақ тақырыбы

Менің қалам – Астана

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

  • Жаңа тақырыпты түсіндіру.
  • Астана қаласы туралы толық мәлімет беру.
  • Көрікті орындарды слайд арқылы таныстыру.
  • Тақырыпқа байланысты өлең оқу, әңгіме жазу, диалог құрастыру.
  • Жай сөйлем және оның түрлерін түсіндіріп, жаттығу мен талдау жұмыстарын жүргізу.

Дамытушылық

  • Ауызша әңгімелеуге және сауатты жазуға үйрету.
  • Ойлау мен есте сақтау қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік

  • Отанға, елге деген сүйіспеншілікті арттыру.
  • Елжанды, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуға тәрбиелеу.

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Ұйымдастыру

Сабақтың типі:
дәстүрлі
Сабақтың түрі:
жаңа сабақ

Әдістер мен ресурстар

Әдісі:
сұрақ-жауап, түсіндіру, көрнекілік
Пәнаралық байланыс:
қазақ әдебиеті, география
Көрнекілігі:
слайд, суреттер, интерактивті тақта, жеке тапсырмалар

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен амандасу, сыныпты түгендеу, сабаққа психологиялық дайындық жасау.

II. Үй тапсырмасын тексеру

«Қазақстанның астаналары» тақырыбы бойынша жазылған шағын шығармалар тыңдалады. Әр оқушы өз жұмысын мазмұндап, негізгі ойды бөліп көрсетеді.

III. Жаңа сабақ: «Менің қалам – Астана»

Өткен сабақта Қазақстанның астаналарымен таныстық. Бүгін Қазақстанның бас қаласы — Астана туралы білімімізді толықтырамыз.

Өлең оқу және ой қозғау

Астана, Қазақстан және туған жер туралы өлеңдер оқылады. Оқушылар өздері жазған немесе таңдаған өлеңдерін мәнерлеп оқып, пікір бөліседі.

Астананың тарихы мен маңызы

Астана — Қазақстанның саяси орталығы. Қала 1998 жылғы 6 мамырда ресми түрде «Астана» атауын алды.

  • Ескі атаулары: Қараөткел.
  • Ақмола (1830–1961).
  • Целиноград (1961–1992).

Көрікті орындар слайд арқылы көрсетіледі, оқушылар алдын ала дайындаған материалдары бойынша таныстырып өтеді.

Грамматика: Жай сөйлем және оның түрлері

Оқушылар «Жай сөйлем дегеніміз не?» және «Жай сөйлемнің қандай түрлері бар?» деген сұрақтарға мысалдар келтіре отырып жауап береді.

Анықтама

Жай сөйлем — бір тиянақты ойды білдіретін сөйлем.

  • 1) Жақты сөйлем

    Бастауышы бар немесе жасырын тұрады.

  • 2) Жақсыз сөйлем

    Бастауышы жоқ және жасырын да тұрмайды.

  • 3) Жалаң сөйлем

    Тек тұрлаулы мүшелерден тұрады.

  • 4) Жайылма сөйлем

    Тұрлаулы мүшелермен қатар тұрлаусыз мүшелер де қатысады.

  • 5) Толымды сөйлем

    Ойға қатысты мүшелердің барлығы қатысады.

  • 6) Толымсыз сөйлем

    Ойға қатысты мүшелердің бірі түсіп қалады.

  • 7) Атаулы сөйлем

    Затты, құбылысты атап қана көрсетеді.

Мәтінмен жұмыс: «Астана»

Оқушылар мәтінді оқып, сұрақтарға жауап береді, мазмұнын баяндайды. Жай сөйлемдерге морфологиялық және синтаксистік талдау жасайды.

Мәтін

Астана бұрын Қараөткел, Ақмола, Целиноград деп аталған. Астана Қазақстанның солтүстік аймағында орналасқан, сондықтан қысы суық, аязды, боранды, жауын-шашынды болады. Мұнда жүзден астам ұлт өкілдері тату-тәтті тұрады.

1998 жылдың 10 маусымында Қазақстанның жаңа астанасы — Астана қаласының тұсаукесері өтті. Қаланың құрылысына итальян, түрік, швейцар құрылыс компаниялары қатысты. Нысандарды салуға Еуропа мен Азияның өзге мемлекеттерінен де көптеген фирмалар атсалысты. Жұрттың көз алдында елорда Қазақстанның ең көркем қалаларының біріне айналып келеді.

Суретпен жұмыс

Бірнеше оқушы «Астана — менің қалам» тақырыбына салған суреттері бойынша әңгімелейді. Қалған оқушылар жеке тапсырмаларды орындайды.

Жеке тапсырмалар

  1. Астана қаласында қандай мұражайлар бар? Бірнеше сөйлем жазыңыз және бір жай сөйлемге талдау жасаңыз.
  2. Берілген сөйлемге талдау жасаңыз: «Астана Есіл өзенінің бойында орналасқан.»
  3. «Бәйтерек» туралы не білесіз?
  4. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 23 жыл. Осы жылдар ішінде қандай жетістіктерге жеттік? Ойыңызды айтыңыз.
  5. Берілген сөйлемге талдау жасаңыз: «Астанада үш жүздің төбе билеріне ескерткіш орнатылған.»
  6. «Менің Астанам» тақырыбында сұхбат жазыңыз.

IV. Қорытынды (сұрақ-жауап)

  1. Қай жылы Астана Қазақстанның астанасы болды? (1997 жылғы 10 желтоқсан — астананы көшіру; 1998 жылғы 6 мамыр — Ақмола атауы «Астана» болып өзгертілді.)
  2. Астана қай облыста орналасқан? (Ақмола облысы)
  3. Астанаға қандай қалалар жақын? (Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Жезқазған)
  4. Астана қандай орталық? (мәдени, саяси, экономикалық)
  5. Астанада қандай демалыс орындары бар?
  6. Елордада қандай ғимараттар бар? (Ақорда, «Окан Интерконтиненталь» және т.б.)
  7. Астанада қандай ескерткіштер бар? (Абай, Барыс, «Астана – Бәйтерек» және т.б.)

V. Үйге тапсырма

«Астана — менің қалам» тақырыбына шығарма жазу.

VI. Бағалау

Оқушылардың білімі мен белсенділігіне қарай бағалау жүргізіледі.