Әке баласына неге ренжіді

Мектеп психологтарына арналған дөңгелек үстел

Тақырыбы

Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі

Мақсаты

Отбасындағы әке мен ер азаматтың рөлінің мәнін ұғындыру, әрбір тұлғаны тәрбиелеу туралы ой-пікірлермен бөлісу.

Өткізу формасы

Дөңгелек үстел

Қатысқандар

21 ата-ана

Әдістер

Ой қозғау Пікірталас Сұрақ-жауап Ситуациялық тапсырмалар

Барысы

  1. I

    Кіріспе бөлім

  2. II

    Көрініс көрсету

  3. III

    Ашық пікір тыңдау

  4. IV

    Сергіту сәті

  5. V

    Ситуациялық жағдаяттарды шешу

  6. VI

    Қызықты сұрақтар

  7. VII

    Қорытынды

I. Кіріспе бөлім

Психологтің кіріспе сөзі

«Ана – сая болар бағың болса, әке – асқар тауың» дейді қазақ. Бір күн бар – жылатар күн, жұбатар күн. Бір күн бар – мұңайтар күн, қуантар күн. Мейлі шаңырақ сәтті болсын, сәтсіз болсын, «әке» деген сезімді кім ұмытар?

Осындай ойды арқау ете отырып, «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстелімізді ашық деп жариялаймыз.

Негізгі тұжырым

«Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз. Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» дейді халқымыз. Бүгінгі әңгіме әкенің отбасыдағы орны мен тәрбиелік ықпалы төңірегінде өрбиді.

Әке – отбасының асыраушысы, тірегі, қорғаны әрі қамқоршысы. Оның мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, білімі мен өмір салты – баланың көз алдындағы ең жақын үлгі. Шаңырақтың берекесі мен ынтымағы үшін отағасының әділ әрі ұстамды болуы айрықша маңызды.

II. Көрініс көрсету

1-көрініс: «Түйе»

Ерте заманда бір қарт қатты сырқаттанып жатыпты. Жалғыз ұлы келіп: «Әке, мен сізді айшылық жерде аты шыққан тәуіпке апарып емдетемін», – дейді. Сөйтіп әкесін арқасына салып, жолға шығады.

Ұзақ жүріп, қас қарая бергенде, әкесі алдан қарауытқан сұлбаны көрсетіп: «Балам, анау не?» – деп сұрайды. Ұлы: «Түйе», – деп жауап береді. Сәлден кейін әкесі қайта сұрайды. Үшінші рет сұрағанда ұлы шаршап: «Түйе, түйе… Өзім шаршап келе жатқанда, неге сұрай бересіз?» – деп ренжиді.

Сонда әкесі: «Балам, сен кішкентай кезіңде мен ауыр тірліктен шаршап келсем де, сенің “Анау не? Мынау не?” деген жүз сұрағыңа бетің қайтпасын, жігерің жасымасын деп үнемі жауап беретінмін. Бұл аурудан айығып кетейін деген ойым жоқ еді, тек сенің көңіліңді қимай көнгенмін. Енді сенен ауыр сөз естігенше, үйіме барып, ажалға мойынсұнғаным артық. Мені жерге түсір», – дейді.

Талқылау сұрақтары

  1. Әке баласына неге ренжіді?
  2. Сіз баланың орнында болсаңыз, әкеңізге қалай жауап берер едіңіз?

Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейірім мен шапағаттың бастауы – әке. Әкенің бұл беделі бала-шағаның ата-анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, үлкенді қадірлеуімен нығая түседі. Ер азамат әкелік борышын ұмытпай, жарына сыйластықпен қарап, ұлттық өнеге мен ізгі дәстүрді ұстанғанда ғана оның қадір-қасиеті артады.

2-көрініс: «Еңбекке көзқарас – тәрбие айнасы»

Әкесі жұмыстан келе сала: «Жұмыс дегенің құрып кетсін! Жатып алып демалғанға жететін не бар? Шыбын жанның рахатын іздеу керек, жұмысты тек ақымақтар істесін!» – деп өз-өзінен ызаланады.

Мұны естіген 5-сынып оқушысы баласы да: «Сабақ күннен-күнге қиындап барады. Басты ауыртып керегі не, бәрібір түсінбеймін», – деген сөзді жиі айтып, оқуға салқын қарай бастайды.

Талқылау сұрақтары

  1. Мұндай әкеден қандай тәрбие күтуге болады?
  2. Бұл отбасындағы баланың болашақ тәрбиесі қандай болмақ?

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам өмірге келген сәтінен бастап осы ортада өсіп, мінезі қалыптасады. Ата-ананың тәрбиелік ықпалын ешбір нәрсе алмастыра алмайды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл отбасы тәрбиесінің маңызын айқын көрсетеді.

3-көрініс: «Қартқа құрмет – ұрпаққа өнеге»

Бір үйде төрт адам тұрады: ата, әке, келін, немере. Келін «кәрі кісі тәрелкені сындырып алады» деп, атасына тамақты темір табақпен береді.

Бір күні немересі ағаш жонып отырады. Әкесі мен шешесі: «Балам, не істеп отырсың?» – деп сұрайды. Сонда бала: «Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын», – дейді.

«Әкесін сыйламағанды баласы сыйламайды» деген сөз бекер емес. Ата-анаға қатыгездік танытқан адам адамдық ардан алыстайды деп есептелген; қазақ дәстүрінде мұндай қылық қатаң айыпталған.

Ой қозғау

Бүгін отырған әкелер мен ер азаматтар өз міндетін қалай орындап жүр? Сауалнама арқылы пікір алмасып, тәрбие туралы ойлар ортаға салынады.

III. Ашық пікір тыңдау

Қатысушылар өз тәжірибесімен бөліседі: әкенің отбасындағы жауапкершілігі, баламен қарым-қатынас мәдениеті, үлгі көрсету, еңбекке баулу, эмоциялық қолдау сияқты тақырыптар талқыланады.

IV. Сергіту сәті

Нұсқаулық

  • Иә десеңіздер — қол шапалақтаңыздар.
  • Жоқ десеңіздер — аяқтарыңызды тарсылдатыңыздар.

Сұрақтар

  1. Газет-журнал мақалаларынан, телебағдарламалардан тәрбиеге қатысты материалдарды оқып/көріп жүресіз бе?
  2. Бала тәрбиесінде үйде ата-ана бірдей ықпал жасай ма?
  3. Бала тәрбиелеудегі негізгі жауапкершілік кімде?
    • Әке десеңіз — қолды алға созыңыз.
    • Ана десеңіз — жымиыңыз.
    • Екеуі десеңіз — қол шапалақтаңыз.

V. Ситуациялық жағдаяттарды шешу

Психологтің бағыттаушы сөзі

Жан-Жак Руссо: «Өмірге ұрпақ әкеліп, оны асырау — әке міндетінің үштен бірі ғана» деген ой айтқан. Демек, тәрбиедегі жауапкершілік күнделікті әрекеттен, сөзден және үлгіден көрінеді.

Талқылауға арналған сұрақтар

  1. «Баланың балалығын тыйдым дегенше, ержеткендегі даналығын тыйдым де» деген пікірге көзқарасыңыз қандай?
  2. Үй маңында доп ойнаған балалардың добы көршінің терезесін сындырды. Балаңыз ең үлкені. Сіздің әрекетіңіз қандай?
  3. «Әйеліңе бала жоқ жерде ақыл айт, балаңа адам жоқ жерде ақыл айт». Сіз ақылды қалай және қашан айтасыз?
  4. Жаңа мектепке ауысқаннан кейін балаңыздың белсенділігі төмендеп, ашуланшақ болды. Себебін айтпайды. Не істейсіз?
  5. Сынып жетекшісі: «Бүгін ұлыңыз келмеді, бұған дейін де бірнеше рет келмей қалған» деді. Үйден жібермеген күніңіз жоқ. Енді не істейсіз?

Практикалық жағдаяттар

  1. 4–6 жастағы бала көп сұрақ қояды («Түн неге қараңғы? Ұшақ қалай ұшады?»). Жауап беруге тырысасыз ба, әлде елемейсіз бе?
  2. Мұғалімдер де, көрші ата-аналар да: «Балаңыз басқа балаларды ұрады» деп шағымданды. Не істейсіз? Қандай тәрбие тәсілін қолданасыз?
  3. «Сен істей алмайсың» деп баланың іс-әрекетіне жиі теріс баға беретін ата-аналар кездеседі. Сіз бұған қалай қарайсыз?
  4. Балаңыз сабақтан қашып, мектептен ерте келді. Сіздің әрекетіңіз?
  5. Балаңыз күн сайын 1-сабаққа кешігеді. Қалай жөнге келтіресіз?
  6. Балаңыз бір мұғаліммен тіл табыса алмай жүр. Қандай кеңес бересіз?

Тренинг элементі: «Көпір» (мектеп психологі Есбосынов Сәбит).

VI. Қызықты сұрақтар

Бұл бөлім әкелердің бала өміріне қаншалықты қанық екенін байқатуға бағытталған.

  1. 1

    Балаңыздың туған күні қашан?

  2. 2

    Сынып жетекшісінің толық аты-жөні қандай?

  3. 3

    Балаңыз аяқ киімнің қай өлшемін киеді?

  4. 4

    Балаңыздың парталас көршісі кім?

  5. 5

    Балаңыздың сүйікті асы қандай?

  6. 6

    Балаңыз қандай түсті ұнатады?

  7. 7

    Балаңыз спорттың қай түрін жақсы көреді?

  8. 8

    Балаңыз 1-сыныпқа қай жылы барды?

  9. 9

    Балаңызды еркелетіп қандай сөз айтасыз?

  10. 10

    Балаңыз сізді ренжіткенде, ең алдымен қандай сөз аузыңызға түседі?

Қатысушы әкелерге шағын парақша таратылады: «Мен қандай әкемін?» және «Менің балам қандай?».

VII. Қорытынды

Қорытынды ой

«Ата-анаға көз қуаныш, алдына алған еркесі. Көңіліне көп жұбаныш, гүлденіп ой-өлкесі», – деп Абай айтқандай, ата-ананың қуанышы да, үміт-арманы да – перзент сүйіп, оны дұрыс тәрбиелеу.

Ендеше, қолымыздағы асыл қазынамызды ізгілікпен тәрбиелейік. Баланың ең басты үлгісі – ата-ана екенін ұмытпайық. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, жақсы мінез бен асыл қасиетті ардақтап, өз бойымызға дарыта білейік.

Сөз кезегі

  • Мектеп директоры: Исбусинов Әкімжан Хамитұлы
  • 6А сынып жетекшісі: Құдабаева Зина апай
  • Оқу ісі жөніндегі орынбасары: Бошымова Жеңіс апай

Алғыс сөз

Құрметті қонақтар, бүгінгі дөңгелек үстелге қатысып, пікір алмасып, көзқарас білдіріп, сұрақтарға жауап бергендеріңіз үшін үлкен рақмет. Бала тәрбиесі – баршамыздың ортақ борышымыз екенін естен шығармайық.

Келгендеріңізге рақмет. Қош сау болыңыздар.